Әлеуметтік желілерде Талдықорғандағы мәйітхана қызметкерлерінің жұмыс барысындағы видеосы тарады. Онда жұмысшылар қаптарға салынған мәйіттерді қалай болса солай жүк көлігіне тиеуде.
Талдықорған мәйітханасында жағаұстатар жағдай болды (ВИДЕО)
15,454
оқылды

Жетісу облысында қаза тапқан адамдарды жерлеуге апара жатқан мәйітхана қызметкерлерінің әрекеті желі қолданушыларының наразылығын туғызды.

Әлеуметтік желіде тараған видеодан мәйітхана қызметкерлерінің қайтыс болған белгісіз адамдарды жерлеуге апара жатқанын байқауға болады. Алайда жаймамен оралған мәйіттерді ер адамдар көлікке лақтырып, бірінің үстіне бірін қойған.

"Бұл не масқара? Сұмдық. Ол қайтыс болса да адам ғой. Қарап тұрсаң, бір картопты көлікке тиеп жатқандай көрінеді. Бұл не деген бассыздық?" – дейді желі қолданушылары.

Аталған жайтқа қатысты ҚР Әділет Министрлігі Сот сараптамалары орталығы түсініктеме берді.

«Видео 2021 жылы түсірілген, аталған мәйітхана ғимараты Жетісу облысы бойынша сот сараптамалары институтына тиесілі. Алайда, танылмаған және талап етілмеген мәйіттерді жерлеу жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді. Сот сараптамалары институтының қызметкерлері мәйіттерді жерлеу (мәйітті жуу, қырындыру) және мәйітті орау жұмыстарын ғана жүзеге асырады», – делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, аталған видеода танылмаған және талап етілмеген мәйіттерді жерлеу жұмысын Талдықорған қаласы әкімдігі мен «Пятый регион» ЖШС арасындағы келісімшарт бойынша жүзеге асырып жатқан «Пятый регион» ЖШС қызметкерлері. Олардың Жетісу облысы сот сараптамалары институтының қызметіне ешқандай қатысы жоқ.

Фото: atpress.kz