«World Dog Show-2023» чемпионатына Қазақстаннан екі тазы қатыстырылады.
Женевада өтетін «World Dog Show-2023» чемпионатына Қазақстан да қатысады
496
оқылды

Биыл 21-23 тамыз күндері Женевада Қазақы тазы тұқымы биыл Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) Бас Ассамблеясының отырысы өтеді. Соның аясында өтетін «World Dog Show-2023» чемпионатына Қазақстаннан екі тазы қатыстырылады.

Қазақы тазылар мұндай дүниежүізілік чемпионатқа тарихта тұңғыш рет қатысқалы отыр. Оған еліміздің төлтума ит тұқымдарын халықаралық аренаға таныту жұмысын белсенді жүргізіп жатқан Қазақстан кинологтары одағы мұрындық болды.

Швейцария Ұлттық кинологиялық қоғамы Қазақстан кинологтары одағының өтінішін қарастыра келіп, тазыны Женевада өтетін Әлем чемпионатына қатысатын ит тұқымдарының тізіміне қосты.

– Қазақы тазы тарихта алғаш рет Еуропалық Одақ елдерінің дүниежүзілік көрмесіне қатысатын болды. Осы жолда үлкен жұмыс атқарылды. Біз Бельгиядағы FCI-мен арада (Халықаралық кинологиялық федерация) бірқатар келіссөз жүргіздік. Биыл сәуір айында Қазақстан кинологтары одағының өтініші бойынша «Kazakh Tazy» тұңғыш рет Халықаралық кинологиялық федерацияда ит тұқымдарының номенклатуралық тізіміне енгізілді. Біздің ұсынысымыз FCI тарапынан қолдау тапқанына өте қуаныштымыз, – дейді Қазақстан кинологтары одағының президенті Бауыржан Серікқали.

Бұған дейін, 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті органдарға ұлттық ит тұқымдары – қазақы тазы мен төбетті сақтау және қалпына келтіру, сондай-ақ оны төлтума қазақы ит тұқымдары ретінде халықаралық деңгейде танытуды тапсырған болатын. Осы мәселені ҚР Президенті Іс басқармасы өз қарауына алып, мәселені жүйелі түрде шешу үшін мемлекеттік органдар жұмысын үйлестірумен айналысты. Президент тапсырмасы бойынша тиісті жұмыс тобы құрылып, Экология және табиғи ресурстар министрлігі өкілетті орган ретінде айқындалды.

Қазақы тазы мен төбет тұқымдарын халықаралық аренада таныту үшін штаб-пәтері Бельгияда орналасқан Халықаралық кинологиялық федерацияға өтініш жіберілді. Басты талап – еліміздің кинологиялық қауымдастығын осы ұйымның толық құқылы мүшесі ретінде тіркету. Еліміздің атынан FCI-мен арада Қазақстан кинологтары одағы қарым-қатынас жүргізуде.