Өткен жексенбі күні, яғни 13 тамызда еліміздің 7 облысында 17 ауылдың әкімі сайланды.
Алдағы жексенбіде 3 облыста 21 ауыл әкімі сайланады
1,385
оқылды

Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин еліміздегі ауылдарда әкім сайлауы өтіп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Телеграм-каналында хабарлады. 

Айтуынша,өткен жексенбі күні, яғни 13 тамызда еліміздің 7 облысында 17 ауылдың әкімі сайланды.

«Соңғы екі жылда Президенттің саяси реформалар бағдарламасы аясында ауыл әкімдерін халықтың өзі тікелей сайлайтын болды. Осы уақытқа дейін 1 668 ауыл, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала әкімдері сайланды. Үміткерлердің 75 пайызын саяси партиялар ұсынса, қалған 25 пайызы өзін-өзі ұсынушылар. Сондай-ақ сайланған әкімдердің жартысынан астамы (57,4%) бұрын мұндай қызмет атқармаған. Бұл ауыл әкімдерінің корпусы айтарлықтай жаңарды деген сөз», – деп жазды ол.

Мемлекеттік хатшы бұдан бөлек жергілікті әкімдердің құрамы да біршама «жасарды» дей келе, бүгінде сайланған әкімдердің орташа жасы 45 жасты құрайтынын мәлімдеді.

«Алдағы жексенбіде, 20 тамыз күні 3 облыстағы 21 ауыл әкімінің сайлауы өтеді.
2023 жылдың соңына дейін барлығы 199 елді мекенде жаңадан әкімдер сайланады.
Солайша, ауыл әкімдерін сайлау еліміздің саяси өмірінде қалыпты құбылысқа айналды»,  – дейді Ерлан Қарин.

Фото: Қызылорда облыстық сайлау комиссиясы