Оқиға жөнінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі пікір білдірді.
Айкөркем Мелдехан өлімі туралы сот процесінде «Almaty.tv» түсірілім тобына шабуыл жасалды
875
оқылды

Алматыда Қаңтар оқиғасында 4 жасар Айкөркем Мелдеханның көз жұмуы бойынша сот процесін түсіруге барған «Almaty.tv» телеарнасының түсірілім тобына шабуыл жасалды. Бұл туралы телеарна мәлімдеме жасады.

Тимирязев көшесіндегі Алматы гарнизонының әскери соты жанында түсірілім кезінде азаматтық белсенді Байбах Белялов түсірілім тобына себепсіз бас салып, журналист пен телеоператорды жаралаған және штативті сындырған. Одан кейін де Б. Белялов балағат сөздер айтып, түсірілім тобын үркітіп-қорқытқан.

«Біз Айкөркем Мелдеханның отбасына орны толмас қайғы үшін көңіл айтамыз. Сонымен бірге, БАҚ өкілдеріне жасалған зорлық-зомбылықты қатаң айыптап, жабайылық деп санаймыз және кінәліні заңның барлық қатаңдығымен жазалауды талап етеміз. Бас прокуратурадан, Ішкі істер және Ақпарат пен қоғамдық даму министрліктерінен қызметкерлеріміздің ар-намысын, қадір-қасиетін және қауіпсіздігін қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды сұраймыз», – деп жазылған телеарна мәлімдемесінде.

Оқиға жөнінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі үн қатты.

«ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Аlmaty.tv арнасының түсірілім тобына қатысты болған жағдай туралы хабардар және аталған мәселені жіті бақылауда ұстайды. Сонымен қатар министрлік арна қызметкерлеріне заң аясында қолдау көрсетуге әзір», – деп жазылған министрліктің Telegram парақшасында.

Видеодан алынған кадр: almaty.tv