Балалардың анасы ата-ана құқығынан айырылады.
Алматыда адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп келген «маугли» балалар табылды
14,075
оқылды

Алматыда 3, 6 және 7 жасар бала маскүнем анасымен антисанитария жағдайында өмір сүріп келген. Енді «маугли» балалардың анасы ата-ана құқығынан айырылмақ, – деп хабарлады Polisia.kz.

Медеу аудандық Полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімінің инспекторы бірнеше күн бойы полицияда есепте тұрған 41 жастағы Х. есімді азаматшаның отбасын тексеруге әрекеттенген.

«Бұл отбасын биылғы жылдың мамыр айында тіркедік, балалардың анасы Павлодардан келген. Тексеру кезінде әйел байланысқа шығуға құлықсыз болды. 8 тамызда өткен кезекті тексеру барысында әлденені сезгендей болдым: үйде дыбыстар естіліп жатты, бірақ есікті ешкім ашпады. Дабыл қағып, оқиға орнына жергілікті учаскелік инспектор, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен қамқоршылық өкілдері жетті. Есік күшпен ашылды.

Сараптамамен расталғандай, әйел «орташа дәрежедегі» алкогольді масаң күйде болды. 2016 жылы туған қыз балаға, 2018 жылы туған ұл балаға және 2020 жылы туған тағы бір ұл балаға күтім жасалмаған. Үйдің іші лас болды.

Балалар бірден өмірде қиын жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсету орталығына жеткізілді», – дейді Медеу аудандық ПБ ЮПБ кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспекторы Айжан Бутабаева.

Медеу аудандық Полиция басқармасы басшылығының айтуынша, әйелді ана құқығынан айыру үшін іс материалдары жинақталып, 18 тамызда кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясына жолданатын болады.

 

Фото: Polisia.kz