Келтірілген шығын – 5 млн 747 мың теңге.
Петропавлда 16 жастағы жасөспірім зейнеткердің 6 миллион теңгеге жуық ақшасын алып кеткен
820
оқылды

Петропавл қаласында 16 жастағы жасөспірім дроппер болып, 71 жастағы зейнеткердің 6 млн теңгесіне жуық ақшасын алып кеткен.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қалалық Полиция басқармасының екінші полиция бөліміне облыс орталығының 71 жастағы тұрғыны арызданып, үйіне келген белгісіз адамның ірі сомадағы ақшасын иемденіп кеткенін айтқан. Келтірілген шығын – 5 млн 747 мың теңге. Криминалдық полиция қызметкерлері облыстағы колледждердің бірінің 16 жастағы студентін ізін суытпай ұстады. Ол ұрланған ақшаны ешқайда жіберіп үлгермеген екен.

«Зейнеткердің үй телефонына біреу қоңырау шалған. Оған туыстарының бірі жол-көлік оқиғасына ұшырап, адамдар зардап шеккенін айтқан. Іс қозғамас үшін ірі көлемде ақша талап етіпті. 71 жастағы зейнеткер абдырап, қолында 13 мың АҚШ доллары бар екенін айтқан. Көп ұзамай ақшаны алып кетуге қылмысты ұйымдастыруға қатысы жоқ, тек алаяқтардың айтқанын орындауға дроппер келеді. Алайда оны жедел уәкілдер анықтап, ұстады», – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Еңбек Сембин.

Факті Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тергеу жүргізіліп жатыр.

«Полицияға уақытылы хабарласу қылмысты ізін суытпай ашуға көмектеседі. Полиция қызметкерлері байланыссыз алаяқтықтың алдын алу бойынша шараларды үнемі жүргізіп тұрады. Бірақ осындай қылмыс зейнеткерлерге қатысты жиі жасалады. Мұндай жағдайда азаматтарды сабыр сақтап, қаржылық операциялар жасаған кезде асығыс шешім қабылдамауға шақырамыз. Егер осы сияқты фактілер болса, бірден полицияға хабарлау керек», – дейді Еңбек Сембин.