Атырауда бір апта бұрын жоғалған 33 жастағы жігіт табылды

Ол туыстарымен байланысқа түспеген себебі мобильді телефоны жұмыс істемей қалған деп айтты.

Атырауда бір апта бұрын жоғалған 33 жастағы жігіт шаруа қожалығынан табылды. Бұл деректі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

«Із-түзсіз жоғалып кеткен 33 жастағы жігітті іздестіру  шарасы үздіксіз жүргізілді. Оны іздестіру Атырау қаласында да, Қызылқоға ауданында да қолға алынды. Іздестіру  шарасына Атырау қалалық Полиция басқармасы мен Қызылқоға аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тартылды. Нәтижесінде, Қызылқоға аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері хабар-ошарсыз кеткен жігітті Темірбай учаскесіндегі шаруа қожалығынан тапты», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қызылқоға ауданындағы Мұқыр ауылынан 70 шақырым қашықтықтағы аталған учаскеде қысқы мал азығына қажетті пішен дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Полиция қызметкерлері жігіттің аман-есен табылғаны туралы туыстарына хабарлаған. Туыстары іздеу салған жігіттен зорлық-зомбылық белгісі ұшырамағаны, шаруа қожалығына пішен дайындауға өз еркімен келгені анықталған. Ол туыстарымен байланысқа түспегенін мобильді телефонында ақау болғанымен түсіндірген.

Фото: "Ақ Жайық" басылымы