Әне-міне дегенше жаз маусымы аяқталуға жақын. Екі аптадан кейін оқушылар мен студенттер білім ордасымен қауышады.
Алыстағы оқушыларға – арнайы автобус
1,342
оқылды

Алматыдай алып шаһарда ығы-жығы халықтың қайнаған тіршілігі қайта жанданады. Жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп оқушылары үшін әзірленген жобалар да жоқ емес. Солардың бірі – «Мектеп автобусы» пилоттық жобасы.

Жоба бастауыш сынып пен мектептен шал­ғайда тұратын оқушыларға арналған. Оның ая­сында арнайы қоғамдық көлік арқылы оқушыны тұрғылықты жерінен мек­тепке және кері бағытта тегін тасы­мал­дау қарастырылған. Бастама мұғалімнің қа­рауымен және балаларды тасымалдау ережелеріне сәйкес жүзеге асыры­лады. 

Жоспар бойынша бірінші кезеңге қа­ла­ның 7 ауданында орналасқан 30 мектеп таң­дап алын­ды. Олар Алатау, Әуезов, Бос­тандық, Же­тісу, Медеу, Наурызбай, Түрк­сіб аудандарында ор­наласқан. Солардың ішін­де 7 мектеп Бостан­дық ауданына тие­­­­сілі. Алматы қалалық Білім бас­қар­ма­сы­ның мәліметінше, мектеп авто­бус­тары ең алдымен аса қажет деп тапқан аудан­дар­­ға енгізіледі. Коммуналдық автопарк Біл­ім бас­қармасымен бірлесіп 100 мектеп ав­тобусын сатып алған. Автобустың 20, 30, 50 орындықтан тұра­тын түрлері бар. Қа­ладағы 8 мыңға жуық оқу­шыға арналған жоба негізінде тасымалдау қыз­меті үшін бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлін­ген екен. 

Ал қауіпсіздік мәселесіне келер болсақ, әкім­дік өкілдерінің сөзінше, автобус тех­ни­калық талаптарға, сондай-ақ, халық­ара­лық қауіп­сіздік стандарттарына сай ке­леді. Оқу­шы­ларға арналған автобуста қауіпсіздік белдіктері, апат кезінде шығу, өрт қауіпсіздігі жүйесі, мүгедектігі бар ба­лаларға арналған пандус бар. Бос­тандық ау­дандық білім бөлімінің басшысы Ай­гүл Қасымбектің айтуынша, автобустар қа­ла­дағы тар жолды тауларға қатынайды:

– Бірқатар мемлекеттік мектеп осы жыл­дың қыркүйегінен бастап іске қосыла­тын мектеп авто­бустарымен қамтылады. Жобаны іске асыру үшін қалалық бюд­жет­тен қаражат қарас­тырылған. Мектептер қазірдің өзінде бағыт­тарды, балаларды отыр­ғызу уақытын, аял­да­малар санын дайын­дады. Бір балаға бір орын бө­лі­неді, тұрақты орын болмайды. Оқушылар­дың қауіпсіздігі үшін мектеп қызметкерлері жауап береді. Олар балаларды үйден мек­тепке, мектептен үйге ертіп барады. Алда­ғы уақытта бұл жоба жалғасын тауып, бар­лық мектептерге авто­бус беріледі деп се­­нім артамыз», – дейді білім бө­лімінің бас­­шысы.

Әкімдік берген ақпаратқа сүйенсек, пилот­тық жоба оқушылардың қауіпсіздік деңгейін арт­тыруға, яғни такси қызметін пайдаланатын немесе қоғамдық көлікпен қатынайтын балалар санын азайтуды қамтамасыз етеді. Қазір қалада 38 мыңға жуық бала мектеп автобустарына мұқтаж еке­нін ес­керсек, тасымалдау көлігін қажет ететін мек­тептер әлі де көп. Осыған бай­ла­нысты ата-ана­лар балаларының мек­тепке барып-келу жағ­дайына алаңдау­шы­лық білдіреді. 

– Қызым Қарғалы шағынауданынан «Ор­би­тада» орналасқан мектепке қатынап оқиды. Ол жаққа №119 бағдарлы автобус жүреді. Өкі­нішке қарай, бұл автобуспен мектептен кеш­кісін қайту қиын. Себебі адам көп болады. Әсіре­се, қыс айларында жарты сағат, 1 сағат кө­­­лемінде аялдамада кү­тіп қалады. Қыстың суы­ғында оңай емес. Сыныбындағы 4-5 оқушы Қарғалы­дан келіп оқиды. Мектеп тарапынан же­кеменшік автобустар берілсе екен, – дей­ді қала тұрғыны Ләйлә Шакерова.

«Мектеп автобусы» жобасы алғаш рет қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы не­гізінде №205 мектепте пилоттық режим­де басталған еді. Бүгінде жобаның екінші ке­зеңін іске асыру үшін қалалық Мобиль­ді­лік басқармасы қала мектептеріне арнап қо­сымша 50 автобус сатып алуды көздеп отыр. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы