Аспандап тұрған әуебилетіне шамасы жетіңкіремейтін қара­ша халық амал жоқ, ескі вагондардың азабын шегіп, жол жүру­ге мәжбүр.
Жол азабын жүрген біледі
2,523
оқылды

Дамыған елдер жасанды интеллект кө­мегімен өн­дірісті автоматтандырып, енді бірі жасанды жолмен жауын жау­ғызып жатқанда, әлемдік нарыққа жылына 80 миллион тон­наға дейін қара алтын экспорттап отырған Қазақстан үшін апат­ты вагондар проблемасын әлі күнге дейін шеше алмай оты­руы – үлкен сын.

Ольга Борисова – жиі жол жү­ре­­тін атыраулық. Жақында ғана ол жаз­ғы демалысын отбасымен Шым­кентте өткізіп келген. 

– Қапырық пойыздағы жағдай демалысымның шырқын бұзды. Біз 14 шілде күні №30 «Алматы – Аты­рау» пойызымен үйге  оралдық. Купе класындағы 7-вагонға міндік.  1982 жылы шығарылған ескі вагон екен. Салқындатқыш жүйесі жоқ. Ми шыжғырардай ыстықтан қайда барып жан сақтарымызды біл­ме­дік. Балаларымен жолға шыққан жо­лаушыларға тіпті қиын болды. Аты­рауға жеткенше жолаушылар әжет­хана мен ыдыс жуатын жерге ке­зекке тұрып келдік. Жолсерік бер­ген орамалдарды сулап басы­мыз­ға жауып келуден басқа амал бол­ған жоқ. Жолаушылардың на­ра­зылығы туралы айтпасам да бо­­лады. Үйге жеткенше уақыт са­нау­мен келдік. Пойыздағы азапты сөз­бен жеткізу мүмкін емес, – дей­ді Ольга Борисова.

Осындай қапырық вагон­дар­дың зардабын тартып жүргендердің қатарында «Атырау – Дина Нұр­пейі­сова» бағытындағы пойыздың жо­лаушылары да бар. «Атырау – Аст­рахань (РФ)» бағытындағы авто­жол құрылысы әлі күнге дейін жал­ғасып жатқандықтан, шекараға жақын орналасқан құрман­ға­зы­лық­тар үшін облыс орталығына қа­тынау өз алдына бір қылкөпір бо­лып тұр. 

– «Атырау – Құрманғазы» ара­сындағы такси жүргізушілері билет құ­нын 5 000-6 000 теңге, тіпті ме­реке күндері 10 мың теңгеге дейін ас­пандатып жібереді. Халық амал­сыздан пойызға мінеді. Пойыз­дар­да­ғы қапырық вагондар туралы айту мүмкін емес. Оны тек көзбен кө­ріп, сезіну керек. Вагонға кірген бойда қара терге малынып, дітте­ген жерге жеткенше тұншығып оты­­­­рамыз. Жағдайды бақылауға ала­тын атқамінерлеріміз қайда? Олар өздері пойызға мініп көрді ме екен, – дейді атыраулық Самал Өте­пова.

Жол азабын тартып жүрген жо­лаушылардың жанайқайын әсі­ре­се әлеуметтік желілерден жиі кез­­дес­тіруге болады. Бірақ сыни пікір­лер­дің бәрі бірдей құзырлы орган­дар­дың назарына іліге бермейді. 

Жақында Атырауға Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрі Марат Қарабаев жұмыс са­парымен келді. Министрмен кез­дескен журналистер сол кезде қапырық вагондар мен вагон же­тіс­­­пеушілігі мәселесін көтерген бо­латын. Соның бірі – жыр болған «Атырау – Маңғыстау»  бағытын­дағы пойыз. 

Министр Марат Қарабаев  атал­мыш бағыттағы пойыз вагон­дары әзір  жаңартылмайтынын ке­сіп айтты. 

– Вагон жетіспеушілігі жолау­шы­лар вагондарының тозуына бай­ланысты туындап отыр. 2023 жы­лы Қазақстан темір жолы үшін 57 вагон сатып алынады, оларды Пет­ропавл қаласындағы отандық қа­зақстандық ЗИКСТО зауыты шы­ғарады, ал 2024 жылы  тағы 100 ва­гон сатып алу жоспарда тұр, – де­ді министр.

Егер қаржыландыру мәселесі ше­шілсе, жоғарыда аталған 100 ва­гоннан басқа тағы 157 вагон са­тып алынады. Бірақ бұл – опти­мис­тік сценарий ғана.

«Қазақстан темір жолы» ұлт­тық компаниясының мәліметіне қа­ра­ғанда, 2023 жылдың II тоқ­са­нындағы жағдай бойынша, еліміз­де пайдалану мерзімі 30 жылдан асатын вагондардың саны 578 екен. Компания меншігінде қазір  2000-нан астам вагон бар. Кеңестік жолаушылар вагондарының негізгі көлемін қолданыстан шығару 2030 жылға қарай жоспарланып отыр. Қалған бөлігі 2035 жылы толықтай қолданыстан шығарылады. 

Ақпарат үшін айта кетсек, 2010-2022 жылдар аралығында 1 224-тен астам вагон, оның ішінде 676-дан астам «Тальго» вагоны са­тып алынған.

Саралап келе айтарымыз, қа­зақ­стандық жолаушылардың қа­пы­рық вагондардан толық құ­тылуы үшін әлі 10 жылдан астам уа­қыт күте тұруына тура келеді. Сон­дықтан әсіресе жазғы маусым­да жолға шығарда дымқыл орамал мен желпуішті пана етуден басқа амал болмайын деп тұр. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА