Қазір елімізде кәсіпкерлікті қолдау тетіктері жетерлік. Бір ғана «Бизнестің Жол картасы-2025» бағдарламасы аясында жаңа жұмыс орындарын құру және өңірлерде кә­сіпкерлікті дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.
Бизнес басты драйверге айналса игі...
655
оқылды

Бүгінде дүкен сөрелеріндегі Made in KZ деген белгісі бар тауарларды сатып алу да таңсық емес. Бірақ сарапшылар шағын және орта бизнестің өнеркәсіп драйверіне айналуына квази­мемлекеттік компаниялар кедергі келтіруде деген пікірде. Тіпті, Мемлекет бас­шысы Қ.Тоқаев: «Бұл туралы көп айтылды, бірақ бұл бағытта айтарлықтай өз­геріс­тер болған жоқ», – деп ескерту де жасаған болатын.

Біраз жылдан бері биліктің негізгі эконо­ми­калық нысанасы ШОБ-ты жаңа экономикалық драйверге айналдыру болатын. Осыған сәйкес елдің стратегиялық құжаттарында Қазақстанның ЖІӨ-дегі орта бизнестің үлесін 2025 жылға қа­рай 15 пайызға дейін арттыру міндеті көзделген. 

Көктемде бекітілген «Орта мерзімді кезеңге ар­налған экономикалық саясатқа» сәйкес, кә­сіпкерлікке қатысты негізсіз талаптарды азайту үшін нормативтік-құқықтық актілерді қайта қарау жоспарланған. Құжатта бизнес пен мем­лекеттің өзара іс-қимылын толық цифрландыру жос­парланған. Сонымен қатар шағын және орта биз­нес өкілдері еңбекақы қоры мен салық есеп­тік көрсеткіштерінің мөлшеріне қарай мем­ле­кет­тік қолдауға ие болмақ.

Компанияларды шағын және орта деп жіктейтін критерийлердің өзгеруі  де кәсіпкерлер қоғамдастығы үшін маңызды жаңалық болуы мүмкін. Мұндағы басты критерий ретінде құрылтайшы-заңды тұлғалардың орташа жылдық табысы мен бизнестегі үлесін қосу жоспарлануда. Осыған дейінгі бизнестің шағын және орта екенін анықтайтын әдіснама оның ел экономикасындағы үлесін жасанды түрде арттыруға негізделген еді. Мысалы, 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ШОБ-тың ел экономикасындағы үлесі ЖІӨ-нің 36 пайызын құрады. Биз­нестің экономикадағы белсенділігі ай­тарлықтай өспесе де, көрсеткіштер осы­лайша бірден өсім көрсетіп отыратын. Мәселен, шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруге мора­торий жарияланған тұста, яғни 2008 жыл­дары ЖІӨ-дегі орта биз­нестің үлесі 10,2 пайызға жетті, ал оған дейін 2 пайыз­дың ай­­наласында болатын. Одан кейін 2013 жыл­дары мемлекет ШОБ-қа қатысты ста­тис­тиканы кәсіп­орын­дағы жұмысшы­лар­дың орташа жыл­дық санына негіздеп ай­қын­дады. Ол жылы да еліміздегі мұндай кәсіп­орын­дардың ЖІӨ-дегі көрсеткіші бірден 16,7 пайыздан 25,9 пайызға кө­теріл­ді. Бір жылдан кейін шағын бизнеске жат­қызу критерийі 50-ден 100 адамға дейін, 100-250 адамға дейін кеңейтілді. Соңғы деректерге сәйкес, еліміздегі жұмыс істеп тұр­ған шағын және орта кәсіпкер­лердің саны 1,7 млн бірлікті құрайды. Онда 3,5 млн-нан астам адам жұмыс істейді. Соны­мен қатар өзін-өзі жұмыспен қам­тыған аза­­­маттар арасында жаңа микро және ша­ғын кәсіпорындар құру мүмкіндігі бар. Бү­гін­де олардың саны – 2,1 миллионға жуық адам.

Билік ШОБ сапалы экономикалық өсудің негізгі көзі болады деп жоспарлаған болатын, бірақ қазір бизнестің бұл сегменті негізгі жұмыс беруші деңгейінде ғана қалып отыр. 2022 жылдың қоры­тындысы бойынша ШОБ секторына ша­мамен 4,1 млн адам жұмысқа орналасқан, бұл 2021 жылмен са­лыс­тырғанда 18 па­йызға артық. Осылайша, шағын және орта кәсіпкерлік барлық эко­номикалық бел­сенді халықтың 36 пайызын жұмыспен қамтып отыр. Бұл тұрғыдан тәуелсіз са­рапшы, экономист Сапарбай Жобаев шағын және орта бизнес мемле­кеттің экономикадағы үлесі азайған­да ғана қарқынды дамитынын алға тартып отыр.

– Елімізде кәсіпкерлікті қолдау сая­саты жақсы жолға қойылған. Даму қоры, ауыл шаруашылығы кәсіпкерлігін дамыту секілді бағдарламалар негізінде несие­лендіру, субсидия мен гранттар беру ар­қылы кәсіпкерлікті қаржыландыру тізбек­тері жұмыс істеп тұр. Дегенмен біздегі ша­ғын және орта бизнестің экономи­ка­дағы үлесі басқа мемлекеттермен са­лыс­тыр­ғанда аз. Себебі бізде квазимемле­кеттік олигополиялық кәсіпорындар көп. Бұл мемлекеттің экономикаға көбірек ара­ла­суына мүмкіндік береді және шағын және орта бизнестің дамуына кері әсер етеді. Өйткені квазимемлекеттік компа­ниялар өздері құрып алған құрылымдардың ғана қызметін пайдаланып, шағын және орта бизнестің өнімдері мен сервисін аса қажет ете қоймайды. Сондықтан квази­мемлекет­тік құрылымдарды жекешелен­дірместен, жеке кәсіпкерлікті дамыту өте қиын, – дейді сарапшы.

«Мәжбүрлі бизнес» болмасын десек

Ірі компаниялардан тыс шағын және орта бизнестің мемлекеттік статистикаға жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қо­жалықтары кіреді. 2022 жылдың қоры­тындысы бойынша 4,1 млн адам жұмыспен қамтылған. Бірақ оның жартысына жуығы – жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалық­тарының иелері. Шынтуайтында, бұл мәж­бүрлі кәсіпкерлікке жатады, яғни, аза­мат­тар басқа жұмыс орындары бол­маған­дықтан, өз бизнестерін бастауға мәжбүр болады. Нақты мәліметтерге сүйенсек, шағын және орта бизнесте жұмыс істей­тіндердің 9 пайызы ғана орта кәсіпорын­дарында қызмет етеді.

Сапарбай Жобаев мұның басты себебі ауылдағы жер қатынастары ескі жүйемен жұмыс істеуінде деген пікірде. Өйткені жер диқандардың жеке меншігіне өтпесе ауыл шаруашылығы өнімділігі де ауқымды көрсеткішке жете алмайды.

– Біз әлі де сол феодалдық-социалистік қатынастардан шыға алмай келеміз. Билік 2014-2015 жылдары жерді жекешелендіру бойынша белсенділік танытқан еді, бірақ өкініштісі, батыс өңірінің азаматтары қарсы шығып, бұл мәселеге мараторий жарияланды. Сондықтан елімізде жерді жекешелендіру процесі кенде қалып тұр. Ал өркениетті елдерде жер диқандардың жеке меншігінде, сол себепті де онда ауыл шаруашылық кәсіпкерлігі жақсы дамыған. Әсіресе, Польшаны мысалға айтсақ, олар бүкіл дүниежүзіне, тіпті, бізге де алманы экспорттайды. Ал біз осы мүмкіндікті пайдалана алмай жатырмыз. Өйткені жер бізде феодалдық латифундистердің, яғни, әкімдердің қолында. Осыны диқандардың қолына берместен жекешелендірместен, ауылда бір өзгеріс болады деу қиын. Ең өкі­ніштісі, жұмыс таба алмаған ауыл жас­тары қалаға қарай ағылуда, – дейді экономист.

Дегенмен үкімет «Ауыл аманаты» жобасы аясында кооперациялар тізбегін дамыту арқылы ауыл халқының тұрмысын түзеуді көздеп отыр. Жеке қосалқы шаруа­шылық­тарды (ЖҚШ) микрокредиттеу, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жем-шөп дайындау, сервистік-өткізу коопе­ративтерін ұйымдастыру, лизингтік техни­камен және жабдықпен қамтамасыз ету және т.б. бойынша шара­лар іске асырылмақ. Биыл жобаға барлық өңірлер бойынша 17 мыңнан астам ми­кро­кредит беру жоспарымен 100 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде, рес­публика бойынша жеке қосалқы шаруа­шылық­тардың 50 пайызын кәсіпкерлікке тарту арқылы 2029 жылға дейін 350 мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ.

Сонымен қатар ауыл кәсіпкерлерінің агрокомпетенцияларының деңгейін арт­тыру мақсатында оларды оқыту көзделген. Бұл мақсатта бюджеттен 137 млн теңге бөлінбек. Үкімет 2026 жылға дейін СҚО тәжірибесі шеңберінде барлық өңірлер бойынша агроөнеркәсіптік кешенде төрт жүзге жуық инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.  

Өсім жоғары болса да, өнім төмен

Салалық тұрғыдан алғанда, жұмыспен қамтылғандардың көпшілігі өнімділігі төмен секторларда жұмыс істейді. Оның ішінде жеке кәсіпкерлердің шамамен 44 пайызы және шағын компаниялардың 26 пайызы сауда саласына тиесілі. 

Дегенмен шағын кәсіпорындар жо­ғары инвестициялық белсенділікке ие. Мысалы, 2022 жылы ШОБ негізгі капита­лына са­лынған инвестициялар көлемі 15,1 трлн теңгеге жеткенімен, оның жартысы­нан көбі шағын компаниялардың үлесіне тие­сілі болып отыр. Бірақ шағын кәсіп­орындар инвестицияларының тиімділігі төмен. Өйткені шағын компанияларға салынған барлық инвестицияның шама­мен 74 пайызы құрылысқа салуға жұмса­лады. Инвестицияның тек 22 пайызы ғана өндіріске қажетті жабдықтар мен тех­нологияларға бағытталған. 

Бір қарағанда, ШОБ секторының қаржылық көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2022 жылдың қорытындысы бойынша шағын компаниялар 76,8 трлн теңге, орташа компаниялар шамамен 16,4 трлн теңге табыс тауып, рекордтық нәти­желер көрсетті. 2021 жылмен салыстыр­ған­да екі сегментте де 30 пайыздық өсім бар.

Қаржылық көрсеткіштердің өсуіне қаңтар айындағы оқиғалар да кедергі кел­тір­меген. Естеріңізге сала кетсек, Бас про­куратураның бағалауына сәйкес оның сал­дарынан тек Алматыда 92 млрд теңге көле­мінде бизнеске шығын келтірілген болатын.

Бірақ талдауларға сүйенсек, корпора­тивтік сегментте шығыны асып түссе де, жұмыс істеп келе жатқан компаниялардың өсіп келе жатқанын көрсетіп отыр. Мұн­дай кәсіпорындар не банкроттық жария­лау арқылы, не өзге компаниялармен бірігу ар­қылы нарықтан кетпей жұмысын жал­ғас­тыратын шығынды компаниялар. Олар­­дың тұрақтылығының құпиясы шамадан тыс мемлекеттік қолдауға ие болуы.

Ұлттық статистика бюросы тоқсан сайын орта кәсіпкерліктің шығынды ком­панияларының санын жариялайды, өкі­нішке орай шағын компаниялар сегменті бойынша мұндай деректер жоқ. Статис­тикаға сәйкес, 2022 жылы шығынға ұшы­раған компаниялардың орташа саны 783 бірлікке жеткен. Сала-салаға бөлер болсақ, шығынмен жұмыс істеп келе жатқан кәсіп­орындар көлемі өңдеу өнеркәсібінде – 48%, ғылымда – 46%, саудада – 41%, құ­рылыста – 40% және логистикада – 39%.

Бүгінгде Қазақстанда микро және шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Мен кәсіпкер» жобасы әзірленіп, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға енгізіл­ген. Құралдың негізгі бағыттары – «Кә­сіпке бағыт» салалық оқыту, «Әйелдер кә­сіпкерлігін дамыту орталықтары» және «Бір ауыл – бір өнім» жобалары. «Кәсіпке бағыт» салалық оқу кәсіпкерлік әлеуетті арттыру мақсатында біліктіліктерге оқыту және салалық, кәсіби оқуды қамтиды. «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталық­тары» – кәсіпкер әйелдер мен кәсіпкерлік бастамасы бар әйелдерге арналған қыз­меттер желісі.  

«Бір ауыл – бір өнім» аудан және ауыл­дық деңгейде жергілікті өнімнің «бірегей» түрлерін шығару және өндірушілерді оқытып, консультациялық сүйемелдеу көрсету арқылы өнім сапасын арттыруды көздейді. Жоба өткен жылы Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Қостанай облыстарының 4 ауылында пилоттық ре­жимде іске асырылды. 

Соңғы аялдама

ҚР Ұлттық Банкі 2020 жылдың қоры­тындысы бойынша қазақстандық ком­па­ниялардың қаншасы «шығынды» мекемеге айналғаны жөнінде зерттеу жүр­гізген. Іріктемеге 2010-2020 жылдар ара­лығында салықтық шегерістерге дейін­гі пайдасы нөлге тең болмаған 3 мың­нан астам ірі, орта және шағын ком­паниялар енген.

«2020 жылдың қорытындысы бойынша іріктеме негізінде «шығынды» санатына енген кәсіпорындардың үлесі максимум – 12 пайызға жетті. 2010-2020 жылдар ара­лығында мұндай компаниялардың үле­сі айтарлықтай төмен 6-8 пайызға дейін­гі деңгейде болды. Мұндай санаттағы кәсіп­орындардың жартысынан көбі жеткілікті түрде капиталдандырылмаған. Сондай-ақ олардың жартысынан көбі банк­тік қарыз алушылар болып табы­лады», – делінген Ұлттық банк зерттеуінде. 

Демек, мемлекеттік қолдау жеке сек­торға кері де әсерін тигізіп отырғанын көреміз. Сондықтан мемлекеттік статис­тика әдіснамасы қаншалықты ахуалды шынайы айқындай алады деген сауал туындайды? Шағын бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі жоғары болғанына қарамастан, өнімділігі төмен. Ал шағын кәсіпкерлердің негізгі бөлігі – бизнеспен мәжбүрлі түрде айналысып отырған шаруалар. Одан бөлек, үздіксіз және шамадан тыс көр­сетілген мемлекеттік қолдау экономикада «шығын­ды» компаниялардың санын айтарлықтай арттыруда. Сондықтан бұл шағын және орта бизнесті экономика драйверіне айналдыру барысында бетпе-бет келетін мәселе деп білеміз.

Жау жағадан алғанда, бөрі – етектен

Бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін мемлекет қыруар қаржы жұмсаса да, нарық заңдылықтарына төтеп беру табиғи құбылыс. Мәселен, соңғы уақыттағы Ресей валютасының арзандауы да отандық кәсіпкерлерге оңай соқпасы анық. Өйткені рубльдің әлсіреуіне бай­ланысты қазақстандық нарықта ресейлік тауарлар айтарлықтай артуы мүмкін дейді сарапшылар. Экономист Сапарбай Жобаев отандық өндірушілерді валюталық қа­терден қорғау мақсатында еліміздегі ақша-несие саясатына өзгерістер қажеттігін алға тартты.

– Әрине, рубльдің әлсіреуі Ресейдің геосаяси жағдайының нәтижесі деп есептейміз. Себебі РФ Қаржы министрлігі санкцияның әсерінен рубльді әлсіретіп, бюджетін толтыру мақсатында өте көп валютаны сатып алып салық түсімін арт­тыруды көздеп отыр. Ресейдің бұл қадамы түсінікті өйткені, бір долларға 60 рубль бергеннен 100 рубль берген жақсы, себебі ресейлік кәсіпорындардың қоржыны қампайса, салықты да көбірек төлейді. Ал Қазақстан қандай саясат жүргізу қажет дегенге келер болсақ, біз ЕЭО құрамында болғандықтан ресейлік саясатпен сәйкес саясат жүргізуіміз қажет. Бірақ Қазақстан тарапы әлі де ешқандай қадамға бара қойған жоқ, дегенмен бізге де инфляция деңгейінде ұлттық валюта­мызды әлсірету отандық экспортшылары­мыз үшін тиімді болар еді. Қазір ресейлік кәсіпкерлермен айырбастау саясатының дұрыс жүргізілмеуі себепті біздің кәсіп­керлеріміз бәсекеге төтеп бере алмайды. Жай ғана бидайды ресейден импорттау отандық өнімнен тиімді болып отыр. Сол себепті 2015 жылдағыдай 26 млрд доллар Ресейге кетіп қалмау үшін Ұлттық банк ре­сей­лік ақша-несие саясатымен сәйкесте жұмыс істеуі қажет деп есептеймін, – дейді ол.

Ал қазақстандық өндірушілер астық­тың арзан импортына қатысты алаң­даушы­лық білдіріп, Ресей бидайын әкелуге бір­қатар шектеу енгізуді ұсынған болатын.

Кәмила ЕРКІН