Жыл сайын елімізге әлемнің әр түкпірінен мыңдаған студент келіп білім алады. Олардың арасында қан­дастарымыз да бар.
Қандастар неге оқуға түсе алмайды?
2,997
оқылды

Жалпы қиыр­дағы қазақтардың тарихи Отанында білім алуы 1994 жылдан басталған. Сол кезде қандастарға білім беруге 2 пайыз арнайы квота бөлінді. Қазір квота саны жалпы мемлекеттік грант­­тың 4 пайызын құрайды. Деген­мен грант саны артса да, грант есе­бінен оқуға түсетін қандастарымыз­дың саны көбеймей тұр. Неге? 

Биыл тек 23 пайыз білім квотасы игерілген

Жақында мемлекеттік білім грантының қорытындысы шықты. Биыл 305 000 талапкер ҰБТ тапсырды. Жалпы 2023-2024 оқу жылына Жоғарғы оқу орындары үшін 88 204 мемлекеттік білім гранты бөлінген. Яғни осынша студент мемлекет қаража­тынан тегін және шәкіртақы алып оқиды деген сөз. Оның 4 пайызы яғни 3 528-і ұлты қазақ шетел азаматтарына бөлінген. Бұл білім аламын деген жастар үшін өте үлкен мүмкіндік. Бірақ биыл тағы да 3 528 грант толық игерілмеді. Біз мемлекеттік білім грантының қорытындысын қарап, қандас­тарға бөлінген квотамен тек 801 баланың оқуға түскенін анықтадық. Бұл бөлінген гранттың тек 23 пайызын құрайды. Сонда қалған 77 пайыз, яғни 2 727 білім беру кво­тасы өз иесін таппай, мемлекетке қай­тарыл­ған. Бұл бірінші рет туындаған мә­селе емес. Статистикаға сүйенсек, кейінгі төрт жыл ішінде грант иегері атанған қан­дастардың үлесі азайып кеткенін бай­қауға болады. Мәселен, 2019 жылы грант игеру көрсеткіші 40,12 пайыз болса, былтырғы көрсеткіш 17,72 пайызға кеміп, 22,4 пайызды құраған. Демек, этникалық қазақ жастарына жоғары білім беру бас­тамасы толыққанды нәтиже көрсетіп отыр­ған жоқ. «Отандастар қорының» прези­денті Абзал Сапарбекұлының пі­кірін­ше, оқуға түсуге ниет білдірушілердің саны жылдан-жылға артып келеді. Алайда оқуға түсіп жатқандардың саны, керісінше кеміп барады. 

– Былтыр барлығы 73 мың грант бө­лінген. Соның 4 пайызы – 2 920 қандастарға берілген, ал тестке қатысқандардың саны – 2 046. Соның ішінде грант иегері бол­ғандар бар-жоғы 654 қана. Яғни, біз бө­лінген гранттың тек қана 22,4 пайызын ғана игеріп отырмыз. Енді мұның себеп­теріне келер болсақ, негізгі себеп біреу ға­на. Қандастар біздің оқу бағдарламасы­мен таныс емес, көбінесе Қазақстан тари­хы­нан тиісті балды жинай алмайды. Себебі Қазақстан тарихының тесті түлектердің кем дегенде соңғы 5-6 жыл ішінде оқыған бағдарламасының негізінде әзірленеді. Шетелдерде бұл пән мүлдем оқытылмайды. Екіншіден, тестілеуге дайындық мерзімі де өте қысқа. Иә, бір жылдық foundation дайындығы бар. Бірақ бұл жерде де тү­сініксіз жайт көп. Мысалы, мемлекеттен 2 920 грант бөлінсе, Foundation-ге тек 1 300 адамға орын бөлеміз. Яғни, 1 300 адам ғана келіп арнайы дайындықтан өте алады. Бірақ foundation-ның өзінде тек 873 қандас оқыған. Олардың 68 пайызы грантқа түс­кен. Бірақ бәрібір, 33 пайызы түсе алмаған. Сондықтан жастардың тестілеуден неге өте алмағанын, олардың қаншасы foundation-де оқыды, қаншасы оқымады деген сұрақтарға терең зерттеу жүргізу керек. Осының бәрі 4 пайыздық квотаға қарас­тырылған қаражаттың игерілмеуіне себеп болады. Мәселені шешу үшін foundation уақытын ұзарту керек немесе басқа бір жолды қарастыру керек, – дейді Абзал Сапарбекұлы. 

Негізінен Моңғолия, Қытай, Өз­бек­стан, Иран, Түрікменстан, Тәжікстан, Қыр­ғыз Республикасы және Ресейден кел­­ген қандастар бағдарламаларға қызы­ғу­шылық танытады. Оның ішінде, Моңғо­лия мен Өзбекстан көш бастап тұр. Себебі тек осы елдерде ғана қазақ тілінде білім беретін мектептер бар. 

Үгіт-насихат жұмыстары – нәтиженің көрсеткіші

Этникалық қазақтарға дайындық бөлімі бірнеше жоғары оқу орындарында ашылған. Солардың бірі Астанадағы – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситеті. Профессор, Ғoundation бөлі­мінің жетекшісі Қуандық Құлмановтың айтуынша, республика бойынша жыл сайын дайындық бөліміне 1 300 грант бөлінеді. Пандемия кезінде шекараның жабылуына байланысты кейбір жоғары оқу орындары бұл грантты жаба алмады. Бұған кейбір университеттердің үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі түрде жүргізе алмауы себеп. Бірақ Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жыл сайын берілген гранттарды то­лықтай игеріп келеді. Сапа жағынан да, балаларды тарту жағынан да университет көш бастап тұр. Бұл шетелдегі ағайынмен тығыз жұмыс істегеннің арқасында жүзеге асқан. Себебі алыстағы бауырларымыз мұндай бағдарламадан бейхабар.

– 2017 жылдан бері университетімізде дайындық бөлімі жұмыс істеп келеді. Бірінші жылы 47 бала оқыды. Қазір бұл көрсеткіш бірнеше есеге өсті. Этникалық қа­зақтарға биыл дайындық бөліміне 400 орын бөлінді. Көбінесе Моңғолиядан, Қытайдан, Өзбекстаннан, Түркіменстан мен Ресейден балалар келеді. 9 ай бойы foundation курсында білім алады. Жа­тахқанамен қамтамасыз етіп, шәкіртақы да төлейміз. Курс барысында Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы мен математи­калық сауаттылық пәндерін міндетті түрде оқиды. Таңдаған мамандықтарына қарай екі бейіндік пәннен білім алады. Осы­лайша, біз 9 ай ҰБТ-ға дайындаймыз. Қабылдау министрлік арқылы Болон үдерісімен онлайн режимде жүзеге асады. Дайындық бөлімі бар жоғары оқу орын­дары тікелей бағдарлама бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Біз әлеу­меттік желі арқылы бағдарламаны наси­хаттаймыз. Көктем айларында әріптесте­ріміз университеттің қолдауымен Ресейге, Моңғолияға барып түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келді, – дейді Қуандық Құлманов. 

Оның пікірінше, шетелдегі балалар Қазақстан тарихын оқымайды. Олар тоғыз айдың ішінде дайындық курсын оқып, оқу бағдарламасын толық меңгеріп кете ал­майды. Балалардың басым бөлігі Қазақстан тарихынан төмен балл жинайды. Мысалы, бұл пәннен 5 ұпайдан төмен жинаса, олар грант конкурсына қатыса алмайды. Тіпті, шығармашылық мамандықтардың емти­хандарына да қатысуға мүмкіндік алмайды. Сондықтан бірінші кезекте дайындық курстарындағы Қазақстан тарихы пәнінің сағатын көбейту керек. Екіншіден, Қы­тайдан келген балалар төте жазумен, Өз­бекстаннан келген балалар латын графи­касымен оқып келгендіктен кирилл әріп­теріне үйрене алмай қиналады. Моңғолия­ның ішкі аймақтарынан келген балалар моңғол тілінде білім алғандықтан, қазақ­шаны жеткілікті деңгейде білмейді. Негізі осы елдерде қазақ мектептері аз. Сондық­тан оқу сауаттылығы пәнінің де сағатын арттыру керек. Ал математиканың оқу бағдарламасы барлық елде бірдей, – дейді foundation бөлімінің жетекшісі. 

Қуандық Құлмановтың пікірінше, елімізде әкімдіктің гранты, «Қазақстан халқына қорының» гранты сияқты әртүрлі гранттар бар. Осы жеңілдіктерге шетелден келген қандас студенттер категория ре­тінде кірмеген. Тек 4 пайыздық квотамен ғана грант конкурсына қатысады. Бірақ ұпайы жетпеген жастарға жеңілдетілген гранттар қарастырылмаған. 

ҰБТ-ға балама емтихан керек

Ендеше білім беру гранты тарихи Ота­нында білім алғысы келетін жастардың барлығына бірдей бұйыра бермейді. Тоғыз ай дайындықтан өтсе де, ҰБТ-да Қазақстан тарихы мен оқу сауаттылығынан сүрінетін бала көп. Оларды шектік балл жинай ал­мағаны үшін кінәлай алмаймыз. Себебі қандастарымыздың 11 жыл оқыған білім беру бағдарламасы біздің елдікімен бірдей емес. 

– Мен үшін дайындық бөлімі дәл ба­тыстық ұғыммен Gap year сияқты болды. Яғни мектеп бітіріп, университетке түс­кенге дейін өзімді тануыма, көзқара­сымды өзгертуіме, мамандық таңдауыма көп септігін тигізді. Дайындық бөліміне түсу үшін құжаттарды онлайн тапсырдым. Мүлде дайындық бөліміне түспей, сырттай курстарда оқу арқылы дайындалып, бізбен бірге ҰБТ тапсырғандар да көп. Ташкентте өзбек мектебінде оқығандықтан ҰБТ-да тарих пен оқу сауаттылығынан қиналдым. Бірақ шекті балл жинап грантқа түстім. Қа­зір халықаралық қатынастар маман­ды­ғында оқып жүрмін. Грант көп бөлінгені­мен, барлық бала бірдей грантқа түсе ал­мады. Себебі ҰБТ тапсыру қазақстандық оқушылардың өзіне қиынға соғатын сы­нақ. Ал біз бірнеше ай дайындалып, мінсіз нәтижеге жете алмаймыз ғой, – дейді Өз­бекстаннан келген студент Әсел Тәжиева. 

Мемлекет тарапынан шетелдік қан­дас­тарымызға бөлінетін гранттың басты мақсаты – жастарды тарихи Отанында еңбек етуге шақыру. Бірақ бағдарлама бұл миссиясын толық атқарып жатқан жоқ. Тіпті, қанша этникалық қазақтың жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін елде қалғаны туралы нақты статистика жүргізілмеген. Әселден «Оқу бітірген соң Қазақстанда қаласың ба?» деп сұрадық. 

– Егер мамандығым бойынша жұмыс табылса, Қазақстанда қалар едім. Бірақ мұнда жұмыс табу өте қиын. Танысың бол­маса, өзің қалаған қызметке кіре ал­май­сың, – деді ол. 

Иә, мемлекет тарапынан грант бөлінсе де, бюджет қаржысына оқып шыққан студенттерге жұмыс тауып беру бойынша арнайы мүмкіндіктер қарастырылмаған. Білім сарапшысы Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, студенттердің басым бөлігі жұмыс таппаған соң, елдеріне қайтып кетеді. 

– Жыл сайын этникалық қазақтарға арналған гранттар толық игерілмейді. Мұ­ның басты себебі – үгіт-насихат жұмыста­рының жүйелі жүргізілмеуінде. Екіншіден, Қытайдан қаншама жас дайындық курсына келіп оқығысы келсе де, виза рәсімдей алмай отыр. Сондықтан мемлекет тарапы­нан жобаны нәтижелі жүзеге асыру үшін виза мәселесін де жеңілдету керек. Панде­мия кезінде шеттегі қазақ жастарын онлайн оқытып көрдік. Бірақ онлайн білім алуға барлығының бірдей жағдайы кел­мейді. Мемлекеттік идеология болмаған­нан кейін грантпен оқыған студенттердің барлығы елімізде еңбек етіп қалмайды, – дейді білім сарапшысы. 

Ал Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлей­менованың пікірінше, этникалық қазақтар үшін халықаралық емтихандарға сәйкес бола алатын ҰБТ-ның баламалы емти­ханын енгізуді қарастыру қажет. 

– Сонымен қатар дайындық курстарын тілдік курстарға өзгертуді ұсынамыз. Екіншіден, этникалық қандастарымызға Болон процесі және академиялық ұтқыр­лық стипендиялық бағдарламасы аясында магистратура мен докторантураға жеке квота бөлуді қарастыру керек. Қазір осы бағдарлама бойынша қандастарымыз бар­лық шетел азаматтарымен бірдей дәрежеде қатысады. Сонымен қатар академиялық ұтқырлық бағытымен Еуропа мен ТМД елдеріндегі этникалық қандас студенттер алмасу үшін квота бөлуді қарастыру керек. Бұл квота қысқа уақытта тарихи Отанын жақсы білуге және қазақ тілін үйренуге мүм­кіндік береді. Үшіншіден, қазақ диас­по­расы көп шоғырланған елдерден үкі­метаралық білім беру гранттары аясында этникалық қандастарды барынша тарту қажет, – дейді депутат. 

Ендеше бірегей бағдарламаны нәтижелі жүзеге асыру жолында түрлі кедергілер бар. Уақыт өткізбей шешімін тапсақ, арнайы білім квоталары да игерілмей қалмас еді.

Көктем ҚАРҚЫН

© коллаж: Қуаныш САПАРБАЕВ