Тараз қаласында еңбек демалысынан оралған ұстаздар шу шығарды. №28 мек­тептің мұғалімдері «тамыз айында істеген жұ­мысымыздың өтемін толық ала алмай­тын болдық» деп шырыл қағуда.
Төлем төңірегіндегі түйткіл
831
оқылды

Олардың айтуынша, оқу ордасының басшылығы мек­тепте құрылыс жұмыстары жүріп жат­қан­дықтан, ұстаздарға тек айлық жалақы тө­ленетінін айтыпты. Осылайша, ағарту са­ласының мамандары санаттарына  тие­сілі қосымша ақыдан қағылмақ. Ал ең қы­­зығы, оларға бұл жағдайды мектеп ди­­­ректоры мүлде ескертпеген көрінеді. 

– Тамыз айы басталғаннан көше кезіп, сы­нып­­тарға оқушы толтыру үшін бала жинаумен бол­дық. Алайда қазір бізге еңбегімізді тек жалақы тү­рінде төлейміз деп отыр. Біз бұған қарсымыз. Се­бебі барлығымыздың  несиеміз бар. Оған қоса, жаңа оқу жылына балаларымызды киіндіруіміз ке­рек. Бұл ұстаздардың адал еңбегіне жасалып отыр­ған әділетсіздік, – дейді мұғалім Динара Мой­лауова. 

Шағымданушылардың сөзіне сүйенсек, ай­лық жалақының өзін №62 мектепке қаралған қар­­­жыдан үнемделген сомадан бермек екен. Оған се­беп, №28 мектепте құрылыс жұмыстары кеш бас­талғандықтан, жаңа оқу жылына дейін аяқ­тал­мауы мүмкін. Ондай жағдайда оқушылар бас­қа мектепте білім алуға мәжбүр болмақ. Ал 11 күн бойы мектепке оқушы жинаған мұғалімдердің еңбекақысын толық төлеуге қатысты Тараз қа­лалық білім бөлімі мен мектеп басшылығы екі түр­лі жауап айтып отыр.               

– Мектепте күрделі жөндеу жұмыстары бас­та­лар алдында директорларға түсіндіру жұ­мыс­тарын жүргізгенбіз. Олар соны ары қарай ұс­таз­дарға түсіндіруі  керек болатын. Ал мектеп бас­шылығы ол жұмысты тиісті деңгейде атқарды ма, жоқ па, оны айта алмаймын.

Жаңа оқу жылына санаулы күндер қалды. Оған дейін құрылыс жұмыстары аяқтала ма, жоқ па, оған қатысты да беретін нақты жауабым жоқ. Де­се де, қолдан келгенше мектепті жаңа оқу жы­лына дайындауға жұмыла күш салып жатырмыз, – дейді  қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Гүлбану Мәлібекқызы.

Ал №28 орта мектептің директоры Светлана Бог­данова мұғалімдердің шағымын байыбына бар­май байбалам салу деп отыр. 

– Біз ешқандай мұғалімді қинап, жұмысқа ша­қырған жоқпыз. Құрылыс жұмыстарына да жұ­мылдырған емеспіз. Тек кейбір ата-ана мектеп құры­лысы бітпей жатуына  байланысты бала­сы­ның құжатын алып кетуге келгенде соларға тү­сіндіру жұмыстарын жүргізу үшін ұстаздарға өті­ніш жасадым. Осындай түсіндірме  жұ­мыс­та­рын округте жүргізу туралы да мұғалімдерге сұ­ра­ныс білдіргенім рас. Алайда қазір барлығы үй­лерінде. 21 тамыз күні ғана жұмысқа шығады. Сол уақыттан бастап толықтай жалақыларын үс­темеақыларымен қосып алады. Тамыз айын­дағы жағдай бұл тек санаулы күнге болған  уақыт­ша құбылыс. Сондықтан ұстаздарға даурығуға еш негіз жоқ. 

№28 мектепте 594 бала болса, оларға 65 мұ­ғалім тәлім беруде. Осы оқушылар мен ұстаз­дар­дың жағдайын жасау үшін 1 қыркүйекке құрылыс жұ­мыстарын аяқтауға бар күшімізді салып жа­тырмыз. Егер құрылыс бітпеген жағдайда  мек­теп­тің бір бұрышынан есік шығарып, балаларды оқы­та берсек деп отырмыз. Себебі үш қабатты мек­тепте ондай мүмкіндік бар. Құрылысшылар да сабаққа еш кедергі келтірмейтінін айтуда, – дейді мектеп директоры. 

Міне, осылайша білім ордасының басшысы бар­лық мәселе бақылауда тұрғанын айтады. Алай­да барлығы директор айтқандай ма? Шын мә­нінде, мұғалімдердікі байыбын білмей салған бай­балам ба? Бұл сауалмен облыстық Білім бас­қармасына қайырылдық. 

«Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 112-бабына сәйкес, бос тұрып қалу уақытын ре­сімдеу тәртібі және бос тұрып қалу уақытына ақы тө­леу талаптары еңбек, ұжымдық шарттармен ай­қын­далады, егер бос тұрып қалуды ресімдеу тәр­тібі еңбек, ұжымдық шарттарда көзделмесе, он­да бос тұрып қалудың басталуы бос тұрып қалу се­бептері көрсетіле отырып, жұмыс берушінің ак­ті­сімен ресімделеді.

Жұмыс берушіге және жұмыскерге байланыс­ты емес себептер бойынша бос тұрып қалуға ақы тө­леу жалақының ең төмен мөлшерінен кем бол­­майтын мөлшерде, ал жұмыс берушінің кінә­сі­нан болғанда – жұмыскердің орташа жа­ла­қысының кемінде елу пайызы мөлшерінде бел­гі­ленеді. Жұмыскердің кінәсінен жол берілген бос тұрып қалу уақытына ақы төленбеуге тиіс.

Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 10-тар­мақшасына сай, бос тұрып қалу дегеніміз – экономикалық, технологиялық, ұйымдастыру­шы­лық, өзге де өндірістік немесе табиғи сипат­та­ғы себептер бойынша, сондай-ақ төтенше не­ме­се соғыс жағдайы енгізілген, төтенше жағдай жа­рияланған жағдайларда не мемлекеттік ор­гандардың немесе олардың лауазымды адам­дары­ның шешімі бойынша өзге де шектеу іс-ша­ралары, оның ішінде карантин енгізілген кезде жұ­мысты уақытша тоқтата тұру.     

Осы ретте жұмыскерлерге заңнамада көздел­ген кепілдіктерден де оңтайлы жағдай жасау мақ­сатында «Жамбыл облысы әкімдігінің Білім бас­қармасы Тараз қаласының білім бөлімі» ККМ мен «Жамбыл облысы білім және ғылым қыз­мет­кер­лерінің жергілікті кәсіподағының Тараз қа­ла­лық комитеті» арасында 2021 - 2023 жылдарға жа­­салған Ұжымдық шартпен, тараптар – жұ­мыс­тың жұмысшы кінәсынан болмай тоқтап тұр­ған күн­дері үшін қызметкерлерге, қосымша және үс­теме ақыларсыз, жалақы мөлшерінде ақы тө­ле­­­нетінімен келіседі. 

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде меке­ме­де (мектеп, балабақша) күрделі жөндеу жұмыс­тары жүргізілген кезеңде қызметкерлердің ең­бе­кақысы қосымша төлемдер мен үстемеақыларды есепке алмай, ағымдағы жалақысы көлемінде жүр­гізіледі» деген басқармадан ресми жауап алдық. 

Жалпы, мемлекеттік мекемелердің осындай жаңылтпаш жауап беретініне  етіміз үйренген. Алай­да басқарма сөзінің де жаны бар. Егер мек­теп жұмысы жұмыс беруші есебінен тоқтамаған жағ­дайда оларға тек бір айлық жалақылары тө­ле­нетіні заңда көрсетіліп тұр. Демек, ұстаздардың жа­найқайы толықтай заңды дей алмаймыз.  Алайда  №28 мектептің құрылыс жұмыстары қыр­күйек айында бітпесе, балалар қайда оқиды? Ұстаздардың жұмысы не болмақ? Мектеп дирек­торы айтқандай, құрылыс пен оқу процесі қатар жүре беруге мүмкіндік бар ма?

Білім басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, егер мектеп құрылысы дер кезінде бітпесе, бала­лар­ды №20 мектепке тасымалдап оқыту жоспар­ла­нып отыр екен. Ал ұстаздарға қатысты мәселе әлі шешілмепті. Егер оқушылар тасымалданып оқы­тылатын болса, мұғалімдер де бірге барып оқу барысын  жүргізе береді деген жоспар бар. 

Міне, осылайша жаңа оқу жылына байланыс­ты жағдай ұстаздардың да, оқушылардың да жа­­­нына батып тұр. Сондай-ақ бұл мәселе билік өкіл­дерінің де бас ауруына айналғандай. Әкім­діктен білгеніміз – биыл Тараз қаласы бойынша 7 мектептің құрылысы жүріп жатса, соның тек үшеуінің ғана құрылысы қыркүйек айында аяқ­талады. Қалған төрт мектептің құрылысы біт­пейтіні анық. Оның қатарында №28 орта мектеп те бар. Құрылыстың кешеуілдеуіне серіктестіктің жұ­мысына салғырт қарауы себеп болуда. Тараз қа­ласы білім бөлімі тарапынан жауапсыз мер­дігердің үстінен хаттама толтырылып, айыппұл да салынған екен. Алайда одан жұмыс түзелмеуде. Сондықтан жауаптылар құрылыс жұмыстарын жоспарлы кезеңде бітірмеген мердігерлерді сотқа беруге шешім қабылдауда. 

Әрине, мұндайда батыл шешімдер қабыл­дан­ғаны дұрыс. Алайда қыркүйекте құрылысы аяқталмайтын төрт мектептің оқушылары мен ұстаздарының жағдайы не болмақ? Олар қайда барып паналайды? Ертең ата-аналардан арыз-шағым қарша борап, №28 мектептегідей ұстаздар көшеге шығып жатса қайтеміз? 

Оған қоса, биыл құрылысы басталған бір ба­лақ­шаның да жөндеу жұмыстары жоспарға сай аяқталмайтыны анық болды. Бұл «жығылғанға жұ­дырық» болатыны тағы анық. 

Мұның барлығы «бәке» мен «жәкенің» кесірі еке­ні әркімнің іші біліп отыр. Мемлекеттік кон­курс жарияланғанда «көкесі» мен «әкесі» барлар тен­дерді иемденіп, соңы осындай кикілжіңге апа­руда. Сондықтан шырмауықтай шырмалған тен­дер былығының тамырына балта шаппаса, мұн­дай жағдайдан көз ашпасымыз анық. Сон­дық­тан билік басындағылар ең болмаса білім са­ла­сындағы мемлекеттік конкурста «бармақ бас­ты, көз қыстыға» жол бермесе екен  деп тілей­міз.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы

© коллаж: Елдар ҚАБА