Жыл сайын жаз айларында Құрманғазылықтар балдыр сасыған көгерген суды тұтынуға мәжбүр. Неге бұлай? «Ақ Жайық» тілшісі мән-жайды анықтауға тырысып көрді.
Құрманғазы ауылының тұрғындары көгерген су ішіп отыр
997
оқылды

– Бұл сұмдық жағдай жыл сайын жазда орын алады. Үнемі дүкеннен су сатып алуға жағдайымыз көтермейді. Бірақ құзырлы орындар, әкімдік пен депутаттар бей-жай қарап, бұл мәселеге көзжұмбайлық танытып отыр, – дейді Бұзаусылан ауылының тұрғындары. – Көгерген суды амалсыз пайдаланып отырмыз, ішкі ағзамызға үлкен зиян тигізіп отыр. Өйткені суды қайнатсақ та сасық иіс кетпейді, жуыну да мүмкін емес.  

Бұзаусылан мен Жапырық елді мекен тұрғындары осы ауылдар арқылы өтетін өзек суының деңгейінің төмендеп кетуіне байланысты судан жағымсыз иіс шыққанын айтады.

– Оны жоққа шығара алмаймыз. Аудан орталығы Құрманғазы ауылында екі су тазарту ғимараты болғанымен, онымен барлық үйді сумен қамтамасыз ету мүмкін болмай отыр. Ауыл жыл сайын өсіп келеді, үйлер саны да көбейген. Қолдан келгенше бірінші және екінші топ мүгедектеріне, әрине құдығы барларға водовозбен су тасып беру мәселесін шешіп беріп отырмыз, – деп хабарлады аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ал басқалары қайтпек сонда? Бала-шаға мен ауыл үлкендері ше?

Жалпы ауданды тұрғындарды ауыз сумен қамтитын 23 су тазарту ғимараты бар. Олардың ең қуаттысы Құрманғазы су тазарту ғимаратын «Құрманғазы су арнасы» ЖШС сенімгерлік басқаруға алған.  Аудандық әкімдігінің берген мағлұматына сәйкес, Құрманғазы, Еңбекші, Кадырка, Орлы, Нұржау, Хиуаз ауылдарын «Астрахан-Маңғышлақ» су ағызғысына қосу жұмыстарының құрылысы аяқталған. Күні бүгін суды қосу үшін құбырлар бойы тексеріліп, есептегіш құралдар қондырылуда көрінеді. Кейбір ақаулықтарды жойғаннан кейін жуық арада аталған ауылдар магистральды су ағызғысына қосылады деп уәде беріп отыр әкімдіктегілер. Сонда тұрғындарға таза ауыз су беріледі. 

Ол қай уақытта жүзеге асатынын әкімдіктегілер нақтылап айтқан жоқ.