«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы өңірдің білім саласындағы өзекті мәселелері бойынша партиялық тыңдау өткізді. Жиынды облыстық партия филиалының төрағасы Үмбеталиев Алтынсары Дүйсенбекұлы ашып, жүргізді.
«AMANAT»: білім саласына қатысты партиялық тыңдау өтті
799
оқылды

Партиялық тыңдауға «AMANAT» партиясы Орталық аппараты Партиялық бақылау департаментінің инспекторы В.Б.Есілбаева арнайы келіп қатысты.

Сонымен қатар, облыстық партиялық бақылау комиссиясы және облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағаларымен, мүшелері, облыстық басқарма басшылары мен құқық қорғау органдарының өкілдері, партияның аудандық, қалалық филиалдарының төрағалары, партиялық бақылау комиссияларының төрағалары, техникалық байқаушылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында облыстың білім саласында атқарылып жатқан жұмыстары туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары А.Садықова, облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғ.Алматов және облыстық партия филиалының партиялық бақылау инспекторы А.Еркінбеков пен облыстық құрылыс басқармасының басшысы Т.Үсіпәлиев баяндама жасады.

Облысымызда Жол картасы аясында құрылысы жүргізіліп отырған 33 білім нысандарына мемлекет қаржысының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына ықпал ету мақсатында партиялық бақылау бекеттері қойылып, әр нысан құрылысының сапалы жүруіне мониторинг жүргізу бойынша сол ауылдық округтен сайланған депутаттар мен партияның белсенді мүшелері жауапты етіп бекітілген. Нәтижесінде 33 нысанның құрылыс жұмыстарына мониторинг жүргізілді.

Аталған жұмыстардың өз дәрежесінде орындалуын бақылау үшін, облыстық партия филиалы жанынан 9 кеңес құрылып, олардың құрамына облыстық мәслихаттың депутаттары, қоғам белсенділері және зиялы қауым өкілдері мен сарапшылар енгізіліп, олардың отырыстары өткізілуде.

Жиынға қатысушылар күн тәртібіндегі мәселеге орай, аймақтың білім, құрылыс саласындағы қордаланған проблемаларын ортаға салып, өз ойын бөлісті. Нақтырақ айтсақ, халық қалаулылары облыс бойынша білім саласының жұмысы төмен екенін жеткізді. Жалған әрі жаттанды ақпаратты тыңдауды доғару тиіс деді. Партиялық бақылау аясында депутаттар Төлеби, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт сияқты бірнеше аудандардағы білім ошақтарын аралап, бүгінгі жай-күйімен танысқан болатын. Аралау барысында, құрылысы жүріп жатқан мектептерді ешкім бақылап, оның сапалы жүргізілуін қадағаламайтынына көз жеткізген. Одан өзге аймақтардағы мектептерде сапалы интернет мәселесі де өзекті. Мәселен, бір ғана Төлеби ауданында иетернет желісі 30 пайызға жуық қамтылғаны сөз болды. Осыған ұқсас бірқатар өзге де мәселелерді облыстық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Алмас Салимов басқарма басшыларынан сұрады.

Басқосу соңында, партия төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, «AMANAT» партиясының Түркістан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасының «Сапалы білім беру үшін жағдай жасау» бөлімінде 5 жылға жоспарланған индикаторлардың сапалы және толық орындалуын тұрақты қатаң бақылауға алып, 18 күрделі жөндеуден өтіп жатқан және 738 ағымдағы жөндеуден өтіп жатқан мектептің құрылыс сапасына, бөлінген қаржылардың мақсатты жұмсалуына бақылауды күшейту қажеттігін ұсынды.

 Жалпы, қорыта келгенде 2023-2027 жылдарға арналған Жол Картасы аясында 20 нысанның ішінде құрылысы биыл яғни 2023 жылға тапсырылатын 12 мектепте тиісті жұмыстар жүргізілгенімен, қалған 8 мектеп құрылысының 2023 жылға тапсырылуы бойынша мәселелер орын алып отыр. Оның ішінде тіптен 1-інің Төлеби ауданы, Бірінші Мамыр ауылдық округі, Тағайна елді мекеніндегі 200 орындық жалпы орта мектеп құрылысын 2024 жылға өтпелі етіп ауыстырып жіберген. 2023 жылы бітуі тиіс бұл нысанның 2024 жылға өтпелі болуы қазірдің өзінде Жол Картасының 1 тармағының орындалмайтындығын көрсетіп отыр.

Одан бөлек, жоғарыда айтып өткендей егер алдын алмаса Жол Картасы бойынша құрылысы 2024 жылға өтпелі 13 мектептің 8-інде бірқатар мәселелер орын алып, Жол Картасы бойынша орындалмау қаупі бар тармақтардың саны артуына әкеліп соғуы мүмкін.

Осыған байланысты, облыстық құрылыс басқармасына баяндамада көрсетілген барлық кемшіліктер мен ескертулерді қатаң назарға алып, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруға ұсыныс берілді.