Бүгінде елімізде мүмкіндігі шектеулі балаларды өсіріп отырған отбасылар аз емес. Ерекше күтімді қажет ететін балалардың ем-домы қомақты қаражатты қажет ететіндігі де рас. Осы орайда «AMANAT» партиясы «Кедергісіз келешек» жобасы аясында осындай жандарға барынша қол ұшын беруде.
«AMANAT»: көзі нашар көретін екі балаға қол ұшын созды
688
оқылды

«AMANAT» партиясы Т.Рысқұлов аудандық филиалының қоғамдық қабылдауына Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны Қарлығаш Молдабекова келіп жүгінген. Қарлығаш Бейсенбекқызы 2 ұлының көзі нашар көретінін айтып, квотамен емделуге партияның ықпал етуін сұранған. Көпбалалы ананың өтінішіне партия мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова айрықша көңіл бөліп, Т.Рысқұлов аудандық орталық аурухананың бас дәрігеріне мәселені оңтайлы шешіп беруге ықпалдасуды сұрайды.

– Аудандық аурухананың басшылығы шақырып, жағдайыммен толықтай танысты. Бір баламның көзі 10 пайызға ғана көретіндіктен, ем-домына қандай да болсын жеңілдік қарап беруді сұрандым. Алайда қазір мемлекет тарапынан квота қаралмайды екен. Соны дәрігерлер маған жан-жақты түсіндірді. Баламды төрт жасынан бастап емдетіп келемін. Қазір 15 жасқа келіп отыр. Күні кеше екі балама да Алматы қаласына барып лазерлік ота жасатып келдім. Енді толық операция жасату үшін бала 20 жасқа толуы керек екен. Соған дейін баламды жеткізсем деп отырмын.

Мәжіліс депутаты Гүлдара Алданышқызы мен аудандық арухана басшылығына үлкен алғыс айтамын. Менің жағдайыма құлақ түріп, қолдарынан келгенше көмек беруге тырысты. Оған қоса, Тараз қаласындағы «Аяла» сауықтыру орталығына жолдама берді. Жуырдағы отадан кейін балаларға ешқандай ем-дом жасауға болмайды екен. Сондықтан ұлдарымды «Аяла» сауықтыру орталығына қазан айында апарсам деп отырмын, – дейді ана.

Қарлығаш Бейсенбекқызының өзі ұстаз. Отағасы да ағарту саласында еңбек етеді екен. Бүгінде төрт бала тәрбиелеп отыр. Қарлығаш екі баласының көзі туа біткеннен нашар көргенін айтады. Алайда қалған екі баласынан мұндай ауытқу байқалмағанына қуанышты.

Қарлығаш екі баласына көзілдірікті 100 мың теңгеге жасатып, сырттан алдыртқан. Оған қоса, күнделікті салатын екпесі мен көзге жасайтын ем-домы бар. Осының бәрі қалтаға ауыр соғып жатқанын айтқан ана Мемлекет тарапынан осындай ерекше күтімді қажет ететін балаларды емдетуге квота берілсе екен деген тілегін жеткізді.

– «Адамды баламен сынамасын» дейді. Отағасы екеуіміз қолдан келгенше балаларды емдетіп жатырмыз. Бір баламның көзі 10 пайыз ғана көреді дегенді ойласам, жүрегім қан жылайды. Қазір бір баламмен үйде декреттік демалыста отырмын. Сондықтан жолдасым ғана жұмыс істейді. Оған да шүкір дейміз. Алайда біз сияқты баласына ең болмаса лазерлік ота жасата алмай отырған қаншама отбасы бар. Сондай отбасыларға Үкімет қолдау білдірсе екен. Тегін ота жасататын, ем-дом қабылдайтын квота берсе деген өтінішім бар, – дейді Қарлығаш.

Иә, ананың сөзі орынсыз дей алмаспыз. Себебі елімізде мұндай диагнозбен ота жасата алмай отырған қаншама отбасы бар. Сондықтан министрлік мінберіндегі азаматтар осы мәселені көтеріп, тегін квота қарастыруды алдағы уақытта жолға қойса деген тілегіміз бар.

 

Саятхан Сатылған,

Жамбыл облысы