…Не жетпейді? Әл-ауқат, байлық, тоқшылық жақсы-ақ.Жан бағу емес, «жанды сақтау», рухани жағынан жұтамау одан да жақсы.
Бізге не жетпейді?..
1,149
оқылды

Қазір ежелгі ойшылдар мен ғұламаларға жүгініп, ертедегі тарихқа ұмтылыс басым.

Егемендіктің өз заңдылықтарына сәйкес рухани білім-болмы­сымызды даралайтын шақ туып, ұлттық рухты өзек етіп, елге тұтқа болатын ке­зеңдерде ататегіміздің тарихын түген­деу­ге тырыстық. Бабалар рухын жастардың бойына сіңіріп, әдеби-ұлттық тәрбие жұмысын мүлдем жаңа сипатта, ұлттық мазмұнда жандандыруға жол ашылды.

Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтсе де, ойға алғанымыздың барлығы оңы­нан орындала қойған жоқ. Бір күнде көз­деген нәрсенің бәрі орнай бермейтіні де анық. Ақиқаттан алыс сәуле де түс­пей­ді. Ұлт тәрбиесінде жаңа заман үрдіс­тері өркениеттілік биігіне жетелеп, әлем кеңістігінде қазақ жастарының өзгелер­мен иық тірестіретін озық білімге қол жет­кізіп, ғылым дамуына, бизнес пен өн­діріс саласындағы жаңа технологияға кең өріс ашуына өз пайдасын тигізіп жат­қанын жоққа шығаруға болмайды.

Бірақ «бұрынғы қазақ қандай еді, қа­зіргі қазақ қандай? О заман мен бұл за­манның сыңай, ыңғайы қандай? Қан­дай болмақ жөн?» деген ұлттық таным дәстүріндегі сұрақтарға әркім өз дең­гейін­де жауап іздейді.  Әсіресе… «Бізге не жетпейді?» дегені – ағайынның адал жа­нашырлығы әрі елдің келешегін ойла­ғандық.

Жақында киелі Түркістанда өткен Ұлт­тық құрылтайда «еліміздің жаңа құн­дылықтарын орнықтыру үшін қандай жүйелі жұмыс істелуге тиіс» деген мәсе­ле­де нақты идеологиялық бағыт-бағдар­лар сөз болды.

Ұлтымыздың жаhандану дәуір си­па­тындағы болмысы мен жаңа сапалық дең­гей-дәрежесін қалыптастыру жо­лын­да қоғамдық ой мен тарихи сана-сезімді жаңғыртудың қаншалықты маңызды екені елтану, тұлға тану және көне тарих­ты зерттеулердің нәтижелі болуы тұрғы­сын­да барынша ашық және өте орынды айтылды.

«Біз айтып жүрген Әділетті Қазақ­станды Адал азаматтар құрады, бұл ұғым­дар ел тірегі болатын егіз құндылық ре­тінде қатар тұруы тиіс» деді Мемлекет бас­шысы. Ел елегінен өткен бұл ұста­ным­ның киелі Түркістан ордасында ай­тылуында көп сыр бар. Жұртты ұйыс­тыратын бұл ерекше ұғымды ұқтыру сая­саты дана ойшылдар мен ұлылардың түпкі атамекенінен басталғаны тарих парағына жазылды деп ескеруіміз керек. Ұлттың болашағына ықпал ететін елдік мәселелерді талқылаудың тарихи мәні мен құнды жақтарын екшеп қарағанда, біздіңше Адал адамдардың қасиеттері қоғам байлығымен қоса барлығымызды жақсылық пен ізгілікке жетелейтін жаңа қоғамның бет-әлпеті, негізгі арқасүйер тірегі және тұрмысты түзейтін, ойы­мыз­ды орнықтыратын көшбастаушылық қуа­тымен құнды болмақ.

Түркістан – ер түріктің бесігі!

Егер шежірелі шаhардың қабыр­ға­сына қазақтың жылнамасы түгел жазыл­ған десек, Адал адамдарды айшықтау жал­пы мораль тұрғысында болғанымен нақ осылай жаңа қоғам, мемлекеттің жаңа биігінен таныту бұрын-соңды бол­ған емес.

Міне, сіз бен біздің жаңа қоғамға ба­­рар жолдағы алар орнымыз осы биікте болуға тиіс.

Адал адам болу үшін не керек, не іс­теуі­­міз қажет? деген сауал төңірегінде жүз ойланып, жүз толғану ақылды адам­ның ісі. Қай пенденің шығарған мақал-мәтелі, не сөз тіркесі екенін білмейміз, ол былай дейді: «Ақымақ мешкей қазан­ның ішіне қарайды, ақылды мешкей қа­зан­ның астына қарайды».  От жанба­са… Ас піспесе…ауызға да түспейді де­ге­ні шығар. Шындығы сол.

Бұл баршаға түсінікті өмір байламы.

Алайда біздің қоғам дамуында күту мен кешігудің түр-түрі келе-келе уақыт­тан ұтылу мен ұдайы немкеттіліктің сал­­­­дарынан жауапсыздыққа ұрын­дыра­тын жағдайларға әбден бой үйретіп ал­ға­нымыз өтірік емес.

Бұған талай дәйекті мысал келтіруге болады.

Өкініштісі сол, біздің адамдар өт­кен­нен сабақ алу дегеннің өзін ың­ғайға келетін тұстарын өз қа­лауы­на қа­рай оп-оңай икемдеп алады, жалпыға тән ащы сабақтардың өзін қайдағы бір се­бептерді алға көлденең тартып, тез ұмы­та салуға бейім. Алысқа барудың не­месе өткен-кеткенді көктей шолудың қа­жеті жоқ. Дүниені дүр сілкіндірген 2022 жылғы Қаңтар оқиғасының туын­дауы мен оның сұрапыл салдарынан дұ­рыс қорытынды жасап, қоғамды бы­лық­шылықтан тазарту арқылы жаңғырту жұ­мыстарына барынша атсалысуымыз ке­рек еді. Ал біз болсақ, әлі күнге шейін бү­кіл бетбұрыс әкелетін міндеттер мен осы­ған сәйкес қатал жауапкершілікті Мем­лекет басшылығына артып, жүктеп, өз­герістерді үнсіз күтіп отырған кей­пі­міз­ді немен түсіндіреміз? Тіптен саяси ре­­­формалардың өзіне күмәнмен қара­ғандар да болды.

Бір шындықтың басы ашық. Қоғам­дық бақылау мен қатал қадағалау, аза­мат­тық жауапкершілікті барлық жерде бір­дей күшейту, әлеуметтік өзекті мә­се­лелердің шешілу тиімділігіне талап қою және заң үстемдігімен өмір сүруді жан-тә­­­­німізбен қолдап, жан-жақты қуатта­дық. Қоғамдық ортаға сенімді ахуал, ерек­ше тың серпіліс керек дедік, мем­ле­кет қазынасына қол сұққандар мен жа­зық­тылар әділ жазалан­сын дедік. Отыз жыл бойы ойына келгенін іс­теп, еш не­гізсіз мол бай­лық­қа кенелген озбыр топ­тардың жолын кесіп, қатал заң тәр­ті­бімен қарастыру қа­жет дедік. Бүкіл би­лікті бір адам қолына шоғырландыру дұ­рыс емес, қоғамдағы адал­дық­­қа аса қауіп­ті екеніне көз жет­кіз­дік. Сондықтан да әр адам жауап­кершілігі мен та­ла­бының саяси-әлеуметтік мәні күнделікті жағ­дайда айқын сезілуі алға қойылған болатын.

Соңғы жылдары, әсіресе, бір­жа­рым жылдың бе­де­рінде Мемле­кет бас­шысы­ның демократиялық, жаңа­шыл саяси ұстанымы мен реформалық бастамалары­ның жүзеге асуы барысын­да көп үміт бірте-бірте ақ­талып, билікке се­нім ахуа­лы арта түскенін көп­шілік бірауыз­дан айтып отыр.

 Жылдан жыл озған сайын жағымды жаңалық­тардың барлығы халықтың би­лікке деген сенімді кү­шейту қадамдары әділетті­лік тұрғысында көрініс та­буда. Сырт­қа жылыстап кет­кен, заңсыз кет­кен активтерді қайтару жөнінде нақты іс-шаралардың бел­гі­ленуінің өзі мем­ле­­кетіміздің ха­лық­пен бірлігін және елге ие мызғымас қуаттылығын көрсе­те­ді. Бұл біздің қоғам үшін аса маңызды мә­­селе.

Дегенмен ескі жүйенің терең та­мыр­ланып алған сыбайлас жемқорлық «өне­ге­сі» түбірімен жойылып кете қойған жоқ. Жуық арада тойымсыздық, ашкөз­дік психологиясынан арылу оңай бола­тын түрі байқалмайды. Себебі сол, дә­нік­кендер мен құныққандардың билік төңірегінен ұзап кете қоймаған кәрі жә­не жас өкілдері бір-бірінен қалыспай, тәтті кезеңнің рахатын түсінде көріп, бәз-баяғыдай шалқып өмір сүруді аңса­май тұрмайды. Бізде қызмет бабын пай­да­ланып, мемлекет дүниесін жымқыру өне­рінде алдына жан салмайтын мыр­за­лар мен ханымдардың шежіресіне шек бо­ла ма, десеңіз біз қазір сол діттеген мақ­­сатқа жету жолында өз жауапкер­ші­лігі­мізді даярлап, жалпы түсінік пен бұл­жымас бағдарды қалыптастыру сая­са­тына жеке-жеке атсалысуымыз да қай­та­лап айтайық, аса бағалы іс болып отыр.

Мұны қоғамдық санаға сіңіру – ұлт­тық идеологияның міндеті, мемлекеттік саясаттың өзегі, ашық айтайық, бәрі­мізді баурайтын және қамтуға тиісті тірлік. Басқалай қалай болуы мүмкін, ә?

 Ендігі жерде алда тұрған идеология­лық күрделі міндеттердің қатарында ха­лықтың Әділетті қоғам құру талабына сай адалдық танытқан өзгерістердің бар­лық қала мен ауылда бірдей күшейе түс­­кені абзал. Бұл сөз жүзінде қалып қой­­май, нақты жүзеге асуы үшін қанша­ма жақсы бағдарламалар әзірленгенімен, оны қарапайым адамдар біліп, сезініп отыр­­маса, көздеген нәтижеге қол жет­пейді. Қандай да ішкі қайшылықтар бол­­масын, алдын алу жұмысы жанды,  шы­найылықпен жүргізілмесе, түйіні  ше­шілмейді және алға қадам баспайды. Бел­гілі қоғам қайраткері Жақсыбек Құле­кеев биылғы Ұлттық құрылтайда сөй­леген сөзінде «Билеуші элитаның ұзақ уақыт бойы қосарланған идео­ло­гия­дық саясатты жүргізу салдарынан  хал­қымыздың едәуір бөлігінің рухани-адам­гершілік деңгейінің төмендегені бай­қалады» деп бекерден-бекер, тегін­нен тегін айтқан жоқ. Іс пен сөз арасы ал­шақтады. Олар саяси трибунада бір бас­қа сөйледі, ал өмірде заң үстемдігі да­лада қалды. Кейбір ықпалды топ­тар­дың азғындауына дейін апарып ұрын­дыр­ды. 

Адамдар бойындағы ең жаман қас-иет – екіжүзділік пен өтірік айту. Жалған есеп, бұрмаланған статистиканы алға тартып, уәдені үйіп-төгетін, көпірме сөз­ді ойнататын шенеуніктердің қызмет кеңсесінде өтірікті судай сапырып, қо­ғам үшін өліп, тірілетін образы бы­лай­ғы өмірде мүлдем кереғар, қызмет бабын асы­ра пайдаланып, жемқорлыққа үйір­сек, тоғышар нашар адамдар кейпінде азай­май отырғанын көріп отырған жоқ­пыз ба? Жемқорлық – жегі құрт, жаны сірі пәлекеттен, әлбетте, біржолата құ­ты­лу оңай соқпас. Әйтсе де, бұл сыбай­лас­тық құйтырқылықтың кесірінен адам­гершілік құндылықтар мен сенімге сел­кеу түседі. Билік элитасына қаратып түр­лі ауыр сөздер айтылады. Қолы таза, жү­регі ашық жақсы мемлекеттік қыз­мет­керлер қосақтың арасында жазықсыз айып­талып та жатады. Сондықтан иә, не жетпейді? Ар-ұяттан аттап, арам­дық­пен қоғам ахуалына зиян-залалын ти­гіз­генін ашық айыптайтын, оларды ұйық­тат­­пайтын азаматтық қоғам қалып­тас­қан­да ғана мұндай ашу шақыратын, ре­ніш туғызатын олқы жағдайлар орын ал­мауы мүмкін. Ашық айтайық. Қарап тұр­саңыз, қылмыс жасап, ұсталып жат­қан кім? Мемлекеттік қызметкер! Сот­та­лып жатқандар кімдер? Кешегі шенеу­нік­тер! Түйені түгімен жұтамын деп мас­қарасы шығып, түрмеге тоғытылып жат­қандар да солар.

Ар-ұяттан жұрдай жандар аз ба, көп бе?

Аз емес сияқты.

Сондай жемқорлардың салдарынан жұрт­тың заманды жақсартуға деген ұм­ты­лысы, жұмылуы мен қауымдасуына кері әсерін тигізуде, ел ішінде аздап кі­б­ір­тіктеу байқалады. Сонымен бірге бел­гілі озбыр топқа қарсы заң талаптары­ның қатаң болып, сұралуының нақты нә­тижесін әділдік мағынасында көруде. Қиял-ғажайып ертегі елінде өмір сүрген «нұр­лы адамдар» мен «шарболат шір­кін­дер» де Құдайдың алдында, әділ заң ал­дында мүсәпір пенде екен…

Қоғамдық ой-санаға серпіліс әке­ле­тін жаңғырту бірінші кезекте, салиқалы, мәдениетті, тәрбиелі, адал адамдардың құлшынысы мен ерік-жігеріне тікелей байланысты бола бермек.

Дәл осы мәселеде біздің қоғамда те­рең ойлы, дүниелік пейілінде адалдығы ай­қын, ұлтжанды және еңбекқор тұл­ға­лар­ға зәрулік бар. Қалың ортада «мен – осы заман азаматымын» дейтін жаңа есім­дерді жұрт жете тани алған жоқ, жұл­дыздай жарқырап тұрғандар, әсіресе, өңір­лерде анық және жиі байқала бер­мейді.

Себебі аймақтарда жастарды ел бас­қару ісіне тарту, олардың туабітті қарым-қа­білетін ертерек бағалау өз дәрежесінде емес. Бұрынғысынша кей жерде, бәлкім, көп жерде әкімқаралар әлі де пенде­ші­лік­ке кетәрі емес, әлі де тамыр-таныс­тық, жершілдік, рушылдық пиғыл үстем бо­­лып отырғанын тіптен жасыруға бол­май­­ды. Бұл өте ұят нәрсе. Біз қай заман­да өмір сүріп отырмыз өзі?! Сенім жүк­те­ліп, аманат арқалаған шенеуніктерде сөз бен іс қабыспай тұрғанын көрген жұрт не демейді?! Билік пен бастық біт­кенге жағымпазданып, жәдігөйлікпен күн көріп жүрудің байырғы «көсемдері» мен «данышпандары» әр өңірде де бар, бұ­ған жол беріп отырған әкімдердің әл­сіз­дігі және дербес шешімді басшы-тұлға бола алмағанын байқатады.

Бұл тұрғыда не жетіспейді? Талап­шылдық жетіспейді. Көпшіліктің сөзін ести қоятын құлақ жетіспейді. Бәл­кім, кей тұста тастай қаталдық қажет шы­ғар.

Егер белгілі бір мерзімде бір облыста ау­қымды жаңа жұмыс орны ашылмаса, сол облысты басқарып отырған әкім қыз­метінен, не өз еркімен кету керек, не отс­тавкаға жіберілуі шарт болса, сонда әділ­дік орнайды және тәртіпке бағыну­дың мәні ашыла түседі. Өз өкілеттілігіне сай қызметті атқара алмағаны үшін деп. Өйт­пейінше, әртүрлі деңгейдегі шенеу­нік­тердің өзіне жүктелген жауапкер­ші­лік­ті сезінуі жақсармайтын секілді. Әділ­­­­­дік іздеген жұрт неге сарсаңға тү­се­ді? Қане, қазіргі таңда қайсысы «күндіз отыр­мадым, түнде ұйықтамадым» деп айта­ды екен? Алатын жалақысына сай шала-шарпы қана жұмыс істеп, өз мойын­дарына еш жауапкершілік алмауға ты­рысатын мемлекеттік қызметкер­лер­ден тезірек арылатын, тазарту талапта­рын алға қоятын уақыт келген секілді. Өзгеріс-өмір заңдылығы.

Халықтың бұл көзқарасты жиі айта­тыны да мемлекеттік мүддеге жанашыр­лық­тың шынайы көрінісі.

Қазіргі жағдайда жергілікті әкімдер уа­қыт иірімдеріне орай идеялық ұшқыр­лық таныта алмайтын тәрізді.

Мәселен, Түркістанда өткен Ұлттық құрыл­тайда Мемлекет басшысы жастар тәр­биесіне көп мән берді. «Халқымыздың дүниетанымына жат нәрселерге қарсы тұру­ға тиіспіз» деді. Және «Ұрпақтың бойын­да жаман әдет болса, бұл – ең ал­дымен, үлкендердің кінәсі» деген сөзін айт­ты.  Президентіміздің бұл жарқын бо­ла­шақ қамы мен жауапкершілік қа­сиет туралы терең ойын толық қостай­мыз. Шын мәнінде саналы ұрпақ тәр­биелеу ісінде үлкендердің жауапкершілігі қайда қалды?

Енді осы өте көкейкесті мәселеге жергілікті әкімдер мен қоғамдық ұйымдардың үн қосуы қалай болып отыр? Олар-үн-түнсіз отырмай, үлкен­дердің жауапкершілігі аясында талай ықпалды іс-шараларды жүзеге асыруына міндеттілігін іспен байқату керек еді. Құрылтайда Мемлекет басшысы елімізде «Балалар кітапханасы» деген бағдарла­ма­ны қолға алуды және тәулік бойы жұ­мыс істейтін Президент кітапханасын ашуды алға тартты.

Бұл өте құптарлық бастаманы жер-жер­де насихаттау мен соған ілесуді үй­рену­дің өзінен қаншама тәрбие жұмы­сын атқаруға болар еді. 

Рухани жағынан мықты, өресі биік, сауат­ты әкімдер болса, бұл істі іліп алып, дөңгелете ала жөнелер еді ғой.

Тегінде рухани білім сөз болғанда, ел бас­қарған дөкей шенеуніктердің ара­сын­да жыл бойы кітаптың бетін аша қой­майтындары да бар ма деп қаламыз. Олай болса, рухани кемшілік. Бірақ бұл ойымыз қате болсын-ақ делік. 

Ал дәл қазір кітап оқу, негізінен, тоқ­талды. Жұрт енді, ең жаманы – кітап са­тып алмауға үйреніп қалды. Түбінде жағ­дай түзеліп, ел байығаннан кейін де кітап­құмарлық қасиетті қалпына келтіру оңайға соқпас. Бұл жалғыз бір халықтың басына келген ақырзаман емес, негізінен әлемдік дағдарыс. Рухани жүдеу.

Бірақ уақыт өте келе бұл жағдай түзе­лері сөзсіз. Әлемдік тәжірибеде өрке­ниет­­­­­тілік кітап оқитын елдің келешегінен бас­­тау алғанын ұмытпайық.

 Мемлекет басшысының саясатын жүзеге асырудан туындайтын салиқалы міндеттер «Бізге не жетпейді?» деген ортақ сауалға бір­сыпыра толағай жауап беретіні хақ.

Қазіргі заман талабы қатал. Кең­қол­тық­ты үнемі көтере бермейді.

Қоғам нәтиже мен тиімділікке тәуел­ді. 

Адал адамдардың еңбегі мен олардың табысты болуын мұрат етеді.

Сол мақсаттағы саясатты қолдай-ды.

Темірқазық тәлім-тәрбиенің қай­тары­мы мен қоғам алдындағы азаматтық жауапкершіліктің құндылығы мен ба­ғасын шынайы сезінудің мәні тіптен айрықша. Елің үшін адал еңбек ету мен қалтқысыз қызмет атқарудың маңыз­ды­лығы да осында жатыр. 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

қоғам қайраткері