Қазақ әндерін кәрісше шырқап жүрген оңтүстіккореялық Сон Уон Сабты (Song Wonsub) тыңдармандар жақсы біледі.
Шымбұлақтың сұлулығына ғашық болдым – Сон Уон Саб
3,264
оқылды

Сеулда дүниеге келген әнші Қазақстанды өзінің концерттік турымен аралап та үлгерген. Біз Сон Уон Сабқа хабарласып, қазақ әндері және шығармашылық жоспарлары жайлы сұхбаттастық. 

– Сіз қазақ әндерін қашаннан бері кавер нұсқада шырқап жүрсіз. Қазақ музыкасына қызығуыңызға не себеп болды? 

– Алғаш рет қазақ әншілерінің әнін үш жыл бұрын орындадым. Сол кезде Jah Khalib-тың «Медина» әнін шырқадым. Жал­пы, қазақша әндерді корей тіліне ау­дарып айтуыма негізі себеп болған оқыр­мандарым. Мені оқитындардың көбі – шетел азаматтары. Маған қазақ әуенде­рі­нің сілтемелерін жіберіп, осылай корей ті­лінде орындап көрсең деп ұсыныс тас­та­ды. Менің жеке аудармашым бар, сол кісі аударып береді. Сосын мен өзімнің дауы­сыма, Корей халқының мента­ли­те­тіне сай әрлеп орындап шығамын. Ал қа­зақ­ша әндерді орындап жүргеніме жеті ай болды. Және ол Мирас Жүгінісовтың «Зы­мыран» атты әнінен басталды. Қазақ ән­деріне деген қызығушылығым Батыр­хан Шүкеновтің «Жаңбыр» әнінен кейін туындаған. Өз кезегінде бұл кавер тың­дар­мандардың да ерекше ықыласына ие бол­ды. Осы туындыдан кейін қазақ ән­дерін орындауға деген батылдығым ар­тып, ізденісімді одан әрі жалғастырдым. 

– Сонда YouTube желісіне кавер түсіру пандемия кезінде келген идея ма? 

– Иә, барлығы сияқты пандемия ке­зеңінде менде аздап депрессия болды. Мен үнемі әрі қарай қалай жүру керегін ойладым. Барлық жоспарланған концертті тоқтатуға тура келді. Коронавирус менің толық бағдарламамдағы жоспарларымды бұзды. Біраз уақыттан кейін мен бұлай қол қусырып отыра алмайтынымды түсіндім. Тағдырымды өз қолыма алып, алға жаңа мақсаттар қойдым. Сол кезде менде жаңа Ци энергиясы оянды деп айтуға болады. Мен әл­де­қайда өнімді жұмыс істеп, жаңа әндер мен коверлер жаза бас­тадым. Менің ойымша, ко­ро­навирус менің шы­ғар­ма­шы­лық идея­ларымды ашып, сондай-ақ менің Sunrays жан­күйер­лерімнің де санын арттырды. 

– Өзіңіз туралы айтып бе­­ріңізші. Қандай отбасыдан шыққансыз? Қайда білім ал­дыңыз? Мамандығыңыз қан­дай? 

– Менің ата -анам қара­пайым кеңсе қызметкерлері. От­ба­сымызда менен үш жас үлкен ағам бар. Оның негізгі мамандығы – бокс­шы. Бірақ қазір ағам балаларға білім беру үшін бокс залын ашып, сонда жат­тық­тырушы болып жүр. Ал өзім Сеул ұлт­тық өнер универ­сите­тінде тромбон ас­пабы бойын­ша білім алғанмын. Кейін тромбонист болып жұ­мыс істедім. Қазіргі айналысатын жұмыс­тарым да музыка са­ла­сында. 

– Қазақша үйреніп жүрсіз бе? Сөздік қо­рыңызда қандай қазақ сөздері бар? 

– Қазақша өте қарапайым сөздер мен сөй­лемдерді ғана білемін. Менің ойымша, қазақ тілін үйрену оңай емес.

– Корей тілінде шырқалған қазақ әнде­рін тыңдармандарыңыз қалай қабылдауда? 

–Егер мен тыңдармандарыма бір ми­нут­тық қуаныш пен әсер сыйласам ол мен үшін үлкен бақыт.

– Қазір қоржыныңызда қазақтың қан­дай әндері бар? 

–Қазір қоржынымда қазақ тілінде 15-тен аса ән бар. Болашақта қазақ тілінде ән жазуды армандаймын. 

– Жақында Шәмшінің әндерін кәрісше шыр­қадыңыз. Шәмші – қазақтың класси­ка­лық композиторы. Сізге бұл туынды не­сімен ұнады? 

– Былтыр наурыз айында Алматыда ән­ші Мирас Жүгінісов маған Шәмшінің әнін ұсынды. Маған бұл әннің қатты ұна­ға­ны соншалық, оны қалай айту керегін ұзақ ойландым. Сол күні кездесуде маған домбыра сыйлады. Кейін Шәмшінің әнін «домбырамен неге шырқамасқа» деген идея келді. Соның арқасында қазақтың жа­нын да түсінуге тырыстым. «Сыған сере­надасы» әнінің сөздерін корей тіліне ау­дару қиын болды, оның мағынасы күр­делі. Ән мені өмір туралы ойлануға мәж­бүр етті. Мен сөздерді заманауи түрде өз­герттім. Олардың мағынасын оңтүстік­кореялықтар жақсы түсінеді.

– Былтыр Қазақстанға келіп қайттыңыз. Ал­ғашқы әсеріңіз қандай болды? 

– Ең алғаш былтыр қыркүйек айында Қазақстанға іссапармен келдім. Алматыда, Астанада, Шымкентте, Петропавлда, Ақ­тауда болдым. Өзімді әртүрлі елде жүр­ген­дей сезіндім, әр қаланың өз айырма­шы­лы­ғы бар. Сол кезде Алматы қаласының ат­мосферасына және Шымбұлақтың сұлу­лығына ғашық болдым. 

– Бір сұхбатыңызда қазақтың тойына да қатыстым депсіз? 

– Иә, қазақтардың тойын көріп қатты таң­ғалдым. Үлкен дәрежедегі фестиваль сияқты дүркіреп өтеді екен. Ал Кореяда той тып-тыныш өтеді. Қонақтар келеді, құттықтап, тілегін айтып кетеді. 

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз? 

– Көбіне ән жазамын, кейде кавер тү­­сіремін. Сонымен қатар жақын дос­та­рым­­мен кездесемін. Тауға да жиі шыға­мын. 

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Сапалы әндер мен каверлер дайын­дап, тыңдармандарыма ұсынғым келеді. Үлкен концерттер өткізу де ойымда бар. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Көктем ҚАРҚЫН