Жаңа атаумен қайта ашылғанына бір жылдан енді ғана асқан Абай об­лысының уақыт өткен сайын тынысы кеңейіп келеді. Мұнда жылдар бойы қордаланып қалған мәселелер шешімін табуда.
Абай өңірінің тынысы кеңейіп келеді
746
оқылды

Қысқа ғана уақытта ұлы тұлғалар шыққан өңірдің әлеу­меттік-экономикалық өміріне жан бітті деуге болады. Бұл Мемлекет басшысы қабылдаған былтырғы тарихи шешімнің өте орынды да батыл қадам болғанын көрсетеді.

Осы кезең ішінде Абай облысы негізгі капиталға салынған инвестицияның өсу қарқыны бойынша көш бастап тұр. Облыс көлемінде өсім 54,3%-ды құрады. Бұл ту­ралы Үкімет отырысында Ұлттық экономи­ка министрі Әлібек Қуантыровтың өзі атап өткен болатын. «Осы жылдың қаңтар-шіл­де айындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық көрсеткішінен Қазақстан өңірлері арасында Абай облысы алдыңғы орында. 7 экономикалық көрсеткіштен өңірлер арасындағы жалпы жағдай ке­лесідей: барлық көрсеткіштен оң өсім 6 өңірде – Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыс­тарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды. Негізгі капиталға салынған инвестицияның өсу қарқыны 12,4%-ды құрады. Инвестициялар ағыны көлік және қойма саласында – 57,7%-ға, білім беруде – 24,3%-ға, саудада – 22,6%-ға, ауыл ша­руа­­­шылығында – 21,3%-ға, сондай-ақ өнеркәсіпте 9%-ға, тау-кен өнеркәсібінде 3,8%-ға өскен. Өңірлер арасында ең жоғар­ғы өсім Абай, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында тіркелді. Алдын ала қорытынды бойынша сыртқы сауда тауар айналымы 4,3%-ға өсіп, 67,2 млрд долларды құрады», – деді министр.

Оның айтуынша, тұрғын үйді пайда­лануға беруде де ең жоғары көрсеткіштер Ұлытау және Абай облысында, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларында тір­келген. Осы жылғы қаңтар-шілде айында 8,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалану­ға беріліпті. Абай облысында өңдеу өнер­кәсібі саласында да өсім бар, оның ішінде машина жасау өндірісінде бұл көрсеткіш  28,7%-ға және электр жабдықтарын жасау өндірісінде 34,4%-ға артқан. Облыс агро­өнеркәсіп кешеніндегі көрсеткіштерден де көш бастап тұр. Мұнда жалпы өнім кө­лемі 2,6%-ға артқан. Ұлттық жоба аясында жүзеге асып жатқан АӨК-ті дамыту жос­пары еңбек өнімділігін екі жарым есеге арттыруды, агроөнімдер экспортын екі есеге ұлғайтуды және бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік кешен құруды көздейді. Ұлттық жобадан күтілетін нәтиже – ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылған бір адамға еңбек өнімділігін 6,2 млн тең­геге дейін ұлғайту; өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, агро­өнер­кәсіптік кешен өнімінің экс­портын ұл­ғайту; ауыл шаруашылығы қыз­мет­кер­лерінің жалақысын 2019 жылғы 115,4 мың теңгеден 2025 жылы 230,8 мың теңгеге дейін арттыру. Облыс экономи­касының агроөнеркәсіптік секторын дамыту жөніндегі Абай облысының даму жоспарын іске асыру 20 көрсеткішті қамтиды. Қазір нысаналы индикаторларды іске асыру жоспарға сай жүріп жатыр.

«Агроөнеркәсіп кешені биылғы алты айда 22,2%-ға өсті. Осы кезең ішінде 670 млрд теңгеден астам өнім өндірілген. Сонымен қатар облысқа 230 млрд теңге шамасындағы инвестиция тартылды. Қазіргі көрсеткіш бойынша инвестиция тартудан облыстағы өсім 154,2%-ды құрап отыр. Бірінші жартыжылдықта облыс тұрғындары 130 мың шаршы метрден астам тұрғын үйге қоныстанды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасы шеңберінде 65 медициналық нысан салу жоспарланған. Аудандық ауру­ханаға медициналық техниканы сатып алуға 45,4 млн теңге қарастырылып отыр. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 511 млн теңгеге 4 мәдениет мекемесін қайта жаңартып, жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ аудандық мә­дениет үйінің ғимаратын ағымдағы жөн­деуге облыстық бюджеттен 55,7 млн теңге бөлінді», – дейді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Өңір басшылығы бүгінде маусымдық дайындық жұмыстарына баса назар аударып отырғанын айтады. Оның бірі  жаңа оқу жылына дайындық болса, енді бірі – жылыту маусымына дайындық. Мәселен, облыста оқушы орнының тап­шы­лығы мәселесі бар. Оны «Жайлы мек­теп» ұлттық жобасы аясында 5 700 орындық 11 мектеп салу және 2 100 орындық 6 мек­тепке қосымша құрылыс жүргізу арқылы шешу жоспарланған. Былтыр 1 700 орынға арналған 4 мектеп пайдалануға берілген. Аудандағы кейбір білім беру мекемелерін салу, жөндеу жұмыстарын жүргізу, моди­фикацияланған кабинеттерді сатып алуға бағытталған шаралар облысты дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспарына енгізілген.

Осы ретте Абай облысының білім беру ұйымдарында 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап бастауыш сынып оқу­шылары әлеуметтік жағдайына қарамастан тегін ыстық тамақпен қамтамасыз еті­летінін атай кеткен жөн. Олардың жалпы саны – 40 мыңға жуық. Бұл мақсатта жер­гілікті бюджеттен 1,2 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп, ас мәзірі бекітіліп жатыр. Мәзірде құрамында балалардың жасына, физиологиялық қажеттіліктеріне сәйкес келетін тамақ өнімдері болуы тиіс. Сондай-ақ, бастауыш сынып оқушыла­рымен қатар балабақшадағы көпбалалы отбасынан шыққан 5 700 бала тегін та­мақтанады.

Ал жылыту маусымына дайындық қатаң бақылауда. Осы мақсатта жалпы сомасы 8 098,2 млн теңгеге жылу желілері мен жылу көздерін жөндеу және қайта жаңғырту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстар 30 қыркүйеке дейін аяқталуы тиіс. Сондай-ақ жылыту маусымының басына қарай «Ғаббасов» және «Центр» қазандықтарын қайта жаңғыртуды аяқтау жоспарланып отыр. Қазір екі қазандықта да жұмыс 80% аяқ­талды. Жалпы, Абай облысын орталық­тандырылған жылумен жабдықтауды қуаты 100 Гкал/сағаттан асатын 4 ірі жылу орталығы және қуаты 100 Гкал/сағаттан кем 40 жылу көздері жүзеге асырады. Олардан бөлек, облыс бойынша бюджеттік ұйымдарды жылумен жабдықтауды 273 дербес қазандық қамтамасыз етеді.

Ал аулаларды абаттандыру, қоғамдық кеңістіктерді ұйымдастыру жұмыстарына келер болсақ, өңірдің өңі кіріп келеді деуге болады. Жыл соңына дейін Семей қа­ласының әкімдігі шаһарда 70 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыруды жос­парлап отыр. Бұдан бөлек, Курчатов қа­ласында «Казцинк» ЖШС меморандум аясында 12 ауланы абаттандыру жұмыс­тарын жүргізеді. Ал Ақсуат ауданында 20 аула мен қоғамдық орынды абаттандыру жоспарланған. Сондай-ақ Жарма ауданы­ның әкімдігі 7 елді мекенде абаттандыру жұмыстарын бастады. Бородулиха ауда­нында 3 балалар алаңы мен 3 футбол алаңы орнатылады. Бесқарағай ауданында 2 қоғамдық кеңістік жөнделеді және жа­сан­ды жабынмен 2 футбол алаңы орна­тылады. Көкпекті ауданында да 2 футбол алаңы мен саябақ құрылысы жұмыстары басталып кетті.

Облыс тынысын сөз еткенде тоқтала кететін тағы бір жайт – мұнда жыл басынан бері мемлекеттік қызметтердің 98,1%-ы электронды түрде көрсетілген. Абай облы­сының жергілікті атқарушы органдары бірінші жартыжылдықта 2,791 млн мемле­кеттік қызмет көрсетті. Оның қашықтан көрсетілген қызмет саны – 2,739 млн. Ал ұсынылған қызметтің 0,01 пайызы, яғни 344-і қағаз түрінде ұсынылған. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпора­циясы (ХҚО) арқылы – 1856 (0,66%), ал «Электрондық үкімет» порталы арқылы – 1 318 442 қызмет (47,3%) берілген. Қыз­меттің бір бөлігі «Е-лицензиялау» порталы арқылы жүзеге асырылды. Оның жалпы саны  12 341 (0,44%) құрады. Электронды түрде көрсетілетін қызметтің ақпараттық жүйелері арқылы, оның ішінде қызмет алушымен тікелей байланыссыз – 917 054 (32,8%), тікелей байланыс арқылы 491 203 (17,6%) құжат ұсынылған. Былтырғы көр­сеткішпен салыстырсақ, екінші жарты­жылдықта 2,514 млн қызмет көрсетілсе, оның 96,8% электронды түрде жүзеге асырылған.

Ұлы Абай туған топырақтың бүгінгі тынысы қысқаша айтқанда осындай. Аз уақытта бірқатар көрсеткіште көш бастап шыққан облыстың әлеуметтік-эконо­микалық әлеуеті қуантады. Былтыр қа­былданған саяси шешімнің серпіні өңір халқының әл-ауқатын көтерді. Абайша айтқанда, «Жол қуған қазынаға жолы­ғады», жас облыс дамудың даңғыл жолына түсті.

Нұрлан ҚОСАЙ