Әйгілі агроном Федор Моргун 1955 жылдың өзінде-ақ «Қазақ жері қатты эрозияға ұшыраған» деп дабыл қаққан екен.
Топырақтан нені алсақ, соны қайтаруымыз керек – Ақгүл Кәсіпханқызы
3,638
оқылды

Ғалым Федор Моргун жер бетінің ылғал қабаты толыққанды талқандалу себебінен күн мен желдің әсерінен топырақ қабаты өзінің бастапқы қасиетінен айырылғанын айтып, «Көк пен жердің негізгі үйлесімі бұзылғандықтан, көктем мен жаз айларында жерге бip тамшы да жаңбыр тамбайтын болды»  деп жазады.

Сонау 1955 жылдың өзінде ға­лымдар қазақ даласының то­пырақ қабатының қауіпті жағдайда қал­ғанын айтып, алдын алу шара­ла­рын жасау керек екені туралы пікірін біл­діріпті. Бірақ «Тың игеру» деген сыл­­таумен талқандалған жер ана сол күйін­де қала берді. Одан кейін 70 жылға жуық уақыт өтсе де, жағдайға тү­бе­гейлі қа­рап, мән берген ешкім бол­мады. Бол­мады емес болды, бірақ те­к ай­ты­лып, жазылудан ары аспаған. Осы­лайша, 70 жылдан астам уақыт біз жер ана­ның бауырын жыртып тас­тап, оның бар әлеуетін пай­да­ла­нып келе­міз. Бұрын шаншыған шы­бық көк­теп кете беретін даламыздың асыл то­пырағының бүгінгі халі қан­дай? Жал­пы, келешекте топырақ қа­ба­ты­ның құнарын сақтап қалу мүм­кін бе? Біз бұл сауалымызды Аста­надағы С.Сейфуллин атындағы Қа­зақ агро­техникалық зерттеу уни­вер­ситетінің Агроэкологиялық сы­нақ орталығы­ның меңгерушісі, PhD докторы То­пы­рақ талдау зертха­на­сы­ның мең­герушісі жас ғалым Ақгүл Кәсіпх­ан­қы­зына қойған едік.

– Ақгүл, Федор Моргун өзінің «Тың туралы ойлары» кітабында қа­зақ да­ла­сының тыңайту деген сыл­тау­мен тү­гелдей жыртылып тастауын «Бұл нәу­бат ядролық бомбадан еш­қан­дай бір айырмашылығы жоқ бо­ла­тын» деп суреттеген. Жалпы, эро­зияға ұшыра­ған топырақ қалай қал­пына келеді. Оған қанша уақыт қа­жет?

– Егер біз Федор Моргунның жо­ғары­дағы сөзін қайталайтын болсақ, онда қателесеміз. Жоқ, олай емес. Ға­лым Федор Моргун топырақтың ка­тастрофиялық жағдайға түсіп кет­пеуінің алдын алған. Әрине, то­пы­рақ­­тың түзілу процесі өте күрделі. Оған өте көп фактор әсер етеді. Со­ның ішінде ғылымға белгілі және дә­­лелденген 5 фактор бар. Олар: ана­­лық тау жынысы, өсімдік жамыл­ғы­сы, уақыт, микроағзалар, антропо­ген­дік фактор. Соңғысын топыраққа ті­келей адамның әсер етуі деп атай­мыз. Міне, осы 5 бірдей фактор бірік­кен­де топырақтың түзілу процесі жүреді.

Біз топырақ құрамында мик­роағ­залар бар деп отырмыз ғой. Міне, осы топырақтың өн бойын­дағы микроағзаларды жойып жі­бе­ре­тін болсақ, онда топырақ қара­шірін­ді қалпынан ажырап, құнары жо­ға­лады. Топырақ ғылымында Гумус жә­не қарашірінді деген екі ұғым бар. Кейбіреулер екеуін бірік­тіріп, қара­шірінді деп атай салады. Бұл – қате түсінік. Гумус шынын айт­қанда, то­лықтай әлі күнге дейін зерт­теліп бітпеген күрделі құрам. То­пырақта органикалық қалдықтар­дан кейін гумус түзіледі. Оның қалай және қандай жағдайда  тү­зілетінін ешкім зерттеп, аша алған жоқ. Ол өте күр­делі элемент деп ай­тар едім. Мен студенттерге де осыны жиі ­айтамын. Қара­пайым ғана өзіміз білетін мы­салды айтайыншы. Қара­ші­рінді дегеніміз – топырақ құнар­лылы­ғы­ның басты көрсеткіші. Топы­рақ­та не­ғұрлым қарашірінді көп бол­са, топырақ құрамында соғұрлым азот мол екенін білдіреді. Ал азот кез кел­ген өсімдіктің дамуына тікелей әсер ететіні сөзсіз.

Сіздің маған қойып отырған сауа­лыңыз­ға келер болсам. Тозығы жет­кен жерлерді қанша уақытта қалпына кел­тіруге болатынын ешкім тап ба­сып айта алмайды. Кез келген ғалым бел­гілі бір уақытта көрсетілген жер­дің топырағын бастапқы қалпына кел­тіремін деп уәде бермейді. Және айта да алмайды. Ол тек топырақтың құнарын белгілі бір деңгейге дейін жақсарта аламын деп айтуы мүмкін. Мысалы, ғылыми пайым бойынша топырақ қабатының 1 см жамылғысы қайтадан қалпына келуі үшін кем дегенде 600 жылға жуық уақыт қажет. Әрине, мен  табиғи жағдайда қалпына келуді айтып отырмын.

– Бұл табиғи жағдайда дейсіз. Ал құнарлы қабатты қалпына келтіруге ғалымдар қандай жағдайларда әсер ете алады?

– Антропогендік фактор әсер не­гізінде деп айтуға болады. Ол деге­ні­міз – адам баласының араласуы арқылы топырақ қабатының жақ­саруына тікелей әсердің болуы. Осы­лайша, қайта оңалуы ықтимал. Ық­ти­мал деп отырғаным, құнарлы қал­­пынан айырылған топырақ қай­тып бастапқы 100 пайыздық қалпына келуі мүмкін емес. Ең дұрысы, сол құ­нарлы қабатты адам әсері арқылы бір қалыпта ұстап тұру немесе жақ­сарту мүмкіндігі бар. Біз топырақтан алған­ды топыраққа қайтаруымыз керек. Былайша айтқанда, қайтару заң­дылығын жүзеге асырып отыруы­мыз қажет. Мысалы, біз егіс алқап­тарына астық тұқым­да­рын егіп, оны күзде орып алған сайын топырақ өзі­нің микроқұра­мы­нан ажырай бере­тіні шындық. Ұзақ уақыт бойы то­­пырақты өңдемесек, қалпына кел­тіруге әрекет жасамасақ, түрлі эле­мент­ті енгізбесек, жағдай күр­делене береді. Жер ауыратын хал­ге түседі. Ал ауырған жерден өнім алу мүмкін емес. Қарапайым түрде түсін­дір­сек осы­лай. 

– Ғалымдар алдымыздағы 2050 жылға қарай жер бетіндегі топырақтың пайдалы құрамы 2 есеге дейін азаяды деген пікір айтуда. Осылайша, жыл сайын әлемде 24 миллиард тонна құ­нарлы топырақ пайдасыз әрі жарам­сыз өлі күйге айналады екен. Себебі неде?

– Жер бетіндегі пайдалы әрі құ­нар­лы топырақтың тозуына көп фак­тор әсер етеді. Оның ішінде егіншілік сала­сында топырақты дұрыс өңдемеу және пайдаланбау да бар. Осы жағ­дай­дан жер әлемі болашақта сіз ай­тып отырған күйге түсуі ықтимал. Бі­р­ақ бұл дәлелді дүние емес. Деген­мен де жер бетінде шамамен 250 мың гектер алқап жыл сайын қолданыстан шығып отыратыны шындық. Мұның ішін­де жол құрылысы, қалалар мен өзге де адамзат үшін маңызды инфро­құры­лымның дамуы, табиғи апат­тар­дың салдарына байланысты деп айт­сақ дұрыс болады.

– Сіз бүгінде еліміз бойынша ең жаңа үлгіде жасақталған топырақ талдау және Агроэкологиялық сынақ орталығының меңгерушісісіз. Топырақ анализін жасатқысы келетін шаруа­шы­лықтар ең алдымен жұмысты не­ден бастауы керек?

– Ең алдымен кез келген шаруа­шылық өз алқаптарынан сапалы әрі мол өнім алғысы келсе, топыраққа аг­рохимиялық талдау жасатқаны аб­зал. Жұмыс осыдан басталуы керек. Топырақ – өте күрделі тірі организм. Мұны жоғарыда айттық. Біз осыны түсінуіміз қажет. Егер адам ауырып қа­ла­тын болса, ол кісіден сапалы қыз­мет талап ете алмаймыз ғой. То­пы­рақ та дәл солай. Топырақ ауырып қалатын болса, біз онда қалай мол әрі сапалы өнім жинамақпыз? Демек, ал­қапты міндетті түрде талдауға өткі­зіп жағдайын анықтау керек. Өйт­пе­сек, біз алқаптарымызды жоғарыда айт­қандай мүлде жарамсыз жағдайға жет­кіземіз.

Осы С.Сейфуллин атындағы Қа­зақ агротехникалық зерттеу универ­си­тетіндегі аталмыш топырақ талдау зерт­ханасының топыраққа отыз­дан астам түрлі жағдайға бай­ла­ныс­ты талдау жасауға қауқары толық же­теді. Бірақ біз қазір еліміздің Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің ар­найы бекіткен ережесіне сай топы­рақ­тың 6 түрлі көрсеткіші бойынша то­лық талдау жасаймыз. Бұл то­пы­рақтағы ең маңызды көрсеткіштері болып саналады.

Олардың қатарына:Нитратты азот, Жылжымалы фосфор, Ал­маспалы калли, PH, Қара­ші­рінді (гумус), Жылжымалы күкірт бар. Міне, осы көрсеткіштер бойын­ша талдаулар жасалып, топырақтың құра­мын анықтаймыз. Осылайша, тап­сырыс жасаған шаруа қожалығы­ның барлық алқабы бойынша анық­та­малар беріліп, тиісті шаралар жа­сау­ға кеңесімізді ұсынамыз.

–Білуімізше, сіздер белгіленген ша­руа қожалығының алқаптарына ба­рып топырақ үлгілерін алып келе­сіз­дер ғой. Әлде мұны басқа бір қызмет көрсету ұйымы орындай ма? 

– Жоқ. Біз тапсырысты қабылда­ған­нан кейін арнайы жұмыс тобы құрылады. Жұмыс тобындағы барлық адам агрономия саласының маман­дары болуы міндетті. Себебі түрлі жағ­­дай кездесетін болса, маманмен жұмыс істеу әлдеқайда жеңілірек. Бір ғана топырақ талдауын жасау үшін арнайы мамандандырылған үш топ жұмысқа кіріседі. Бірінші –та­нап­қа шығатын топ. Олар көрсетілген ал­қап­тардан топырақ үлгілерін жи­най­ды. Одан кейін аналитикалық ка­мералды жұмыспен айналысушы топ. Олар мына біздер. Яғни, зерт­ха­на­да жұмыс істеуші топ. Үшінші – біз анықтаған талдаулар бойынша сан­дық электронды картограмма жа­сайтын арнайы топ. Міне, осы­лайша бір ғана келісімшарт негізінде үш үлкен жұмыс тобы қажет болып отыр. Алынған көрсеткіштерге бай­ла­нысты алқаптардың  жағ­дайы бойынша тыңайтқыштар ен­гізу, қандай шаралар қолдану ке­рек­тігі, тіпті қандай дақыл түрін отыр­ғызу  керек  екені сынды негіздемелерімен нақ­ты ұсыныстар жасаймыз.

– Қазір ауылшаруашылық сала­сын­да дәл егіншілік деген ұғым бар. То­пырақтану ғылымының осындай бел­гіленген шарттары немесе ере­же­лері бар ма? Топырақ үлгілерін қандай тәсілмен жинап әкелесіздер?

–Иә, топырақ талдау жұмысының өзі сіз айтып отырған дәл егіншілік жүйе­сінің бір тармағы. Біздегі Ауыл шаруашылығы министрлігінің заң­дылықтары бойынша суарылмайтын егістік алқапта әр 75 гектардан ара­лас топырақ үлгісі алынуы керек. Ал суарылатын егіншілікте ол көрсеткіш әр 10 гектардан алынып отырады. Бұл дегеніміз – өте үлкен жер аумағы. Ол жерде дәл егіншіліктен көрі бол­жамға кетіп қалуы мүмкін. Сон­дық­тан біз зертхананың мүмкіндігін ес­кере отырып, 25 гектарға дейін қыс­­қартуды сұрап отырмыз. Осы­лайша, қазір сол 25 гектар алқап көлемінің әр жерінен көрсеткіштер негізінде 15-20 тіпті одан да көп сет­калық нүктелерден топырақ қа­бат­тарының үлгілерін аламыз. Содан соң оны зертханаға әкеліп ортақ анализін шығарамыз. Міне, осы анық­тамалар бойынша шаруашы­лық­қа немесе аг­рономға кеңестер беріліп, зертха­на­лық жағдайда көр­сетілген негізде­ме­лер бойынша жұ­мыс істеу ұсыны­ла­ды. Егер біз айт­қан ұсыныстарды жер пайдаланушылар мүлтіксіз орын­даса және топырақты мей­лінше қа­жетті минералдармен байыт­са, әрине ол шаруашылықтың өнімі де өні­мінің сапасы да арта бере­рі сөзсіз. Екіншіден, мұндай шарт­тар­ды орын­дап отырған жер пай­да­ланушының алқаптары жо­ға­рыда айт­қан эро­зиялық апатты жағдайға түс­пейтіні анық. Сондықтан қай­та­лап айтамын, біз топырақтан нені алсақ, топыраққа соны қайтаруымыз ке­рек. Міне, осы бір қағиданы берік ұстап, тіпті заң ре­­тінде қабылдасақ, астық жинауда Канададан асып түс­песек, кем болмасымыз анық.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Бердібек ҚАБАЙ