Х-ХІІ ғасырда ұлы Қараханидтер мемлекетінде билік құрған Шамахмұд Бұғра Қарахан жайлы ел ішінде аңыз-әпсана өте көп. Оның әулиелігі хақында аңызбен астасқан оқиғалар да аз емес.
Құпиясы ашылмаған Қарахан кесенесі
5,843
оқылды

Олардың дені бүгінде бабадан балаға мұра болып жетіп, тарихтың ақтаңдақ беттеріне таңбаланды. Есте жоқ ескі заманнан сыр шерткен Қарахан кесені жайлы тіпті тылсымға толы, жұмбағы ашылмаған жайттар жетерлік.   

Жалпы Қарахан мен Айша бибі ма­хаббаты мәңгілік сезімнің сим­волына айналғаны аңыздан аян. Бір-бірі­не қосыла алмай кеткен қос ғашық кейін­гі жастардың піріне баланды. Бүгінде «Айша бибі» десе Қарахан, «Қарахан» десе Айша бибі қатар айтылады. Сүйіктісін жы­лан шағып қайтыс болған кезде Қара­хан өзіне де мазарды қатар салғызады. Кө­­­­некөз қариялардың айтуынша, Тараз ша­һарында зәулім ғимараттар бой кө­тер­мей тұрған кезде Қарахан баба кесенесінен Ай­ша бибі кесенесін көруге болған екен. Қос мазарды тұрғызудағы негізгі мақсат та осы болыпты. Алайда кейін көне шаһар­­дың көкжиегі кеңейіп, ауқымы үл­кейген кез­де Айша бибі мен Қарахан ке­се­несі қа­ланың екі шетінде қалып кеткен.   

Қарахан кесенесі – орта ғасырдағы сәу­лет өнерінің тамаша туындыларының бірі. Кесенені салу барысында өте шебер­лік­пен әзірленген 30 түрлі өрнекті кірпіш пай­даланылғаны таңғалдырады. Мазар ор­талық және үш зал бұрыштардан құрал­ған. Төртінші залда төбеге шығатын бас­пал­дақ орнатылған. Бірақ төбесі киіз үй­дегідей жабық болуы жұмбақ күйі қа­лып келеді. Егер кесененің төбесі жабық бол­са, төбеге шығатын баспалдақтың не үшін салынғаны түсініксіз. Десе де, бұл Қа­раханидтер дәуірінде тұрғызылған тең­дессіз туындылардың бірі болып қала­ты­ны анық. 

Тарихта Қарахан өз дәуірінде өте дәу­летті патша болғаны жазылған. Алайда шексіз байлығына қарамастан хан қа­рапайым ғұмыр кешкен. Аңызда Қа­ра­хан баба аң батшасы арыстанның өзін әмі­­ріне бағындырғаны айтылады. Тіпті арыс­танды атша ерттеп, жоталарда жор­тып жүрген деседі. Алайда Қарахан өз әйе­ліне сөзін өткізе алмапты. Мінезі біз­дей болған бәйбішесі жолдасының тілін еш алмайтын болыпты. Бұған таңғалған уә­зірлері: «Алдыңызда аң патшасы арыс­тан­ның өзі иіліп тұрғанда, қалайша әйе­ліңіз сізге қарсылық көрсетеді?» деп сұ­рай­ды екен. Сонда Қарахан баба: «Әйе­лім­нің осы мінезі үшін Аллаға сансыз шү­кірлік айтамын. Бүкіл әлем менің ал­дым­да бас иіп тұрса, өзімді бәрінен биік қойып, тәкаппарланып, ібілістің торына тү­сер ме едім?! Әйелімнің арқасында өзім­ді Құдайдың көп құлының бірі екенімді түсініп, тәубаға келіп отырамын», – деген екен.   

Міне, Қарахан баба ұлы билеуші бол­са да Алланың алдында бар­лық пенде тең екенін түсінген. 

Қарахан баба кесенесіне қатысты да сан түрлі пікір тудырып жүрген дүниелер бар. Әсіресе кесенедегі жазбаға бай­ла­ныс­ты зерттеушілер мен ғалымдар бір бай­лам­­ға келе алмай жатыр. Мәселен, Ш.Мұр­таза атындағы «Руханият және та­­рих­тану» ғылыми-зерттеу орталығының ма­­маны, тарихшы, зерттеуші Асылжан Ду­лати кесенедегі жазуға қатысты күт­пе­ген мә­лім­деме жасады. 

– Қарахан дәуірін зерттеп жүргеніме біраз жыл болды. Бар мақсатым – осы ке­сене маңдайшасында жазылған жазу­дың не туралы жазылғанын анықтап, жа­­­рыққа шығару. Бастапқыда маң­дай­ша­дағы жазуды араб тілінде таңбаланған деп ойлап, бірқатар адамға жібердім. Алайда жазу араб емес, парсы тілінде жазылған бо­лып шықты. Сосын парсыша жазуды фи­­лология ғылымдарының докторы, про­фессор Ислам Жеменейге жолдап, ол кі­сі­нің пікірін тыңдадым. Профессор жа­зу­ды: «Ықыласыңызға түс көріп оқы­дым, пат­ша гүлзары. Сен жазар болсаң оның тағ­дырына, патша гүлзары санымен санал­ған 1322» (تو که نویسد برای انجامش روضه پادشاه بود رقم), – деп, сөзбе-сөз аудар­ғанын айтты. Сонда жазудың аудармасына қарасақ, кесенеде жатқан адамның өмірден қайтқан жылын меңзейтіндей. «Егер мұнда жатқан адам 1 322 жылы қайтыс болған болса немесе сол жылы мазар салынған десек, онда кесене шын мәнінде Қараханға тұрғызылған ба?» деген ой туады. Менің «Алтын Орда һәм Қайду хан мемлекеті» деген мақаламда Тараз қаласын 40 жыл билеген Қайду хан туралы жазған едім. Аудармаға қарап отырсам «бұл мазар сонда 1 300 жылы өмірден өткен Қайду ханның кесенесі ма?» деген де ой келеді. Өзі өлген соң 22 жылдан кейін басына ұрпақтары кесене салдыруы да мүмкін ғой?! Ортағасырлық тарихшы Жамал Қаршы өзінің «Ал-мулхакат би-с-сурах» атты еңбегінде: «Біздің елдің ханы – Қайду хан 670/1271 жыл­дың қыркүйек айының соңында Тараз­да таққа отырған. Ол әділетті, жомарт, жұмсақ мінезді, елдің мүдделерін тү­сінетін, білімді, мұсылмандарды қол­дау­шы, мейірімді, тапқыр хан еді» дегенді айтады. Ал ортағасырлық «Муизз ал-Ансаб» атты еңбекте: «Қайду хан ұзақ өмір сүрді және 40 жылдай патшалық құрды. Оның қырық шақты ұлы болды» деген де­ректі келтіреді. Қарахан бабаның аңы­зында да оның 40 жыл ел билегені, білімді, жомарт, әділетті болғаны айтылады. Ал бұл айтылған аңыздардың барлығы да біз айтып отырған жоғарыдағы деректердегі Қайду ханның бейнесіне келетіні айқын кө­рініп тұр. Сонда бұл кесене Қарахан емес, Қайду хан кесенесі болғаны ма? Әри­не, бұл әлі көп зерттеуді қажет етеді. Мұн­да қандай хан, қандай патша жатса да, ең бастысы ұлы адам болғаны анық, – дейді тарихшы, зерттеуші Асылжан Дулати.

Жалпы, тарихшының бұл сөзі та­лай талас тудыратындығы анық. Алайда Айша бибі кесенесіндегі «күз, бұлт­тар, дөңгеленген дүние…» деген жазу­дың да құпиясы әлі күнге ашылмай келеді. Зерттеушілер бұл сөздердің бізге беймәлім жалғасы болуы мүмкін деген болжамдар жа­сауда. Кім біледі, бәлкім Айша бибі мен Қара­хан кесенесіндегі жазулар бір ұғым бере­тін сөздің жалғасы ма? Оны енді та­рих­­шылар мен зерттеушілердің еңбегінің ен­шісіне қалдырдық. 

Қалай дегенде де, Қарахан баба кесе­не­сі талай тылсым мен құпияны бұғып жат­­қаны анық. Бір жылдары қазба жұ­мыс­тары басталған Қарахан мешітінің өзі та­лайды таңғалдырып, тарихшылардың тө­бе шашын тік тұрғызды. Олай дейті­ні­міз, мешітті топырақтан аршып алуға ты­­­рысқан археологтардың тірлігі алға бас­пай, жұмысшылар бірінен кейін бірі ар­хеология орнынан қашып кетті. Бар­лы­ғының бір ауыздан айтқаны – түнде тыл­сым бір күштің келіп қысқаны. Түстеріне кір­ген ақ киімді ақсақал, егер қазба жұ­мыс­тарын тоқтатпаса ауыр дертке шал­ды­ғатындарын айтқан көрінеді. Бұдан кейін бір мамандар жұмысты тастап қаш­са, екіншілер есінен адаса жаздаған. Кейін­нен мешіт орнынан адамның бас сүйектері табылып, соңы археологиялық қаз­ба жұмыстары тоқтады. Бүгінгі күнге дейін мешіттің қазба жұмыстары не се­беп­ті тоқтағаны ашып айтылмауда. Алай­да мешіт маңынан құрылысы жаң­ғыр­тыл­ған тоғыз қабатты мекеменің дәлізінен елес кезіп жүретіндігі осы күнге дейін ай­тылуда. Кештетіп жұмыста қалатын ма­мандар түрлі дауыстар естігендерін де бас­шылықтарына жеткізген. Осы жағдай түрткі болды ма, әлде жоқ па, көп ұзамай Қа­рахан баба мешітінің маңынан жаңа ме­шіт бой көтеріп, бүгінде жердегі Алла­ның үйіне айналды. Мешітте шақырылған азан мен бағышталған құранға әруақтар ра­зы болды ма, кейіннен Қарахан мешіті ор­нындағы тылсым жағдайлар мен дәліз кез­ген елестер жайлы әңгіме басылды. 

Әрине, бұл жалғанның барлық жұм­бағын ашу мүмкін емес. Кей­де адам санасы жетпейтін жағдайлар мен оқиғалар болып жатады. Қарахан бабаға қа­тысты да құпия құлпына таңылып, жұм­бағы ашылмаған жайттар көп. Оның ақи­қаты қашан аян болатындығы белгісіз. Алайда көне шаһар тек көпестердің ғана емес, тарихи тұлғалар мен аңыз адам­дар­дың құтты мекені болғанын осындай дерек­тер айғақтай түседі. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы