Абылай хан әскерінің Жүзбасы әрі ұрыс даласында ең сенімді ту ұстаушыларының бірі болған Сазанбай батыр туралы ел аузында небір тамаша деректер бар.
Сарыарқаға мәлім Сазанбай
1,750
оқылды

Сазанбай Жетесұлы 1728 жылы туып небәрі 51 жасында 1789 жылы жау қолынан мерт болады. Батырдың ерлікке толы жылдары мен жолдарын алғаш зерттеген, «Дала дастанын» қағазға түсірген Журналистер одағының мүшесі, мәдениет қайраткері, дипломат қаламгер Болат Жәмкеновтен артық жазбасымыз хақ. Тағылымды жинақтан үзінді жария қылуды жөн көрдік.

«Дала дастаны»

 «Сол күні хан қабағы түнеріңкілеу еді. Ал­пыстан асып қалса да нұры тая қоймаған өт­кір жанарын алысқа қадап, ауыр-ауыр ой­ға шомғандай, бөлекше бір кейіпте отыр.

– Мұнда отыр, батыр! – деп, Сазанбай кел­­генде оң тізесінен орын берді хан. – Уа, ағайын! – деді сосын дауысын көтере сөй­леп. – Осыдан төрт-бес жыл бұрын, жоң­ғар­ды Алтайдан асыра қуған жолы Жетісуға оралып, Бақанас деген жерге аялдап, Ұлы жүз жаныс руының бір үйінен сусын ішіп ем. Менің хан екенімді білген жоқ, бір кейуа­на маған қарап-қарап отырып:

– Қарағым, – деді сонда. – Арқа еліне ке­тіп бара жатыр екенсің. Мойнымда бір ама­нат-қарызым бар еді. Соны айта бар еліңе. Елді жау шапты. Егер Іледен өтсе, олар­ды ешкім тоқтата алмайтыны анық. Біз­дің Жетісу жұрты малын бағып, жемісін баптап бейқамдау отыратын халық қой. Абыр-сабыр болып, елден ес кетті, – деді сон­да кейуана.

– Арқа жақтан атақты Малайсары деген батыр жетіп үлгеріп, жан алысып-жан бері­cіп, екі күн бойы жауды Іледен өткізбей тұр деп кетті жаушы жігіт. Әскері аз дейді, жан-жақтан қазақ қолы жиналып үлгергенше не болар екен деген уайым қысып, былайғы қан­шама жас бала-шаға, кәрі-құртаң бір сай­ға тығылып, жалғыз Алладан тілек тілеп отыр­дық. Үшінші күні бесін ауа кенет жұл­дыздай ағып жалғыз қара көрінді. Бет алы­сы біз жақ. Бұл жолаушы Малайсарының жі­­­берген сарбазы екен. Біз ұсынған бұлақ суын жұтып-жұтып жіберіп:

– Бауырларым!.. Қорықпаңдар, жаудың беті қайтты. Біз жеңдік!.. – деуге ғана ша­ма­сы келді. Денесінде сау тамтық қалмаған, шұ­рық тесік: садақ оғы тиген, найза, қы­лыш тілген. Атын да білмейміз, «арғын жігіт» деп дұға оқимыз, қазір оған қарағым. Анау Малайсары да сонда мерт болды ғой. Осы елдің ат ұстарлары сол таудың атын Ма­лайсары қойды деп естимін. Басқа қол­дан не келеді!..

Мана таңертеңгі Хан кеңесінде де айт­тым. Тағы да айтамын, бізге екі нәрсе керек! Анау сары орыстың отты қаруын үйрену қа­жет. Ең бастысы, бірлік! Ұрпағым еркін өс­сін деп, байтақ даласын көзінің қарашы­ғын­дай қорғап өткен батыр бабаларымыз­дың әр төмпешіктің астында сүйегі жатыр. Әр төбеде ізі бар. Түйілген жұдырықтай бі­рік­песек құрып кетеміз.

Ал күшің бірлікте болса, қанатың ас­тың­дағы атың емес пе, халайық? Мынау көп соғыста, көп жылғы шайқаста ерлер ға­на емес, ерлер мінер текті қазанат тұлпар­лар да өлді, тұқымы құруға айналды. Жек­пе-жек сайысқа мінер белді аттар, қашқан жауды құтқармас желтұяқ ұшқыр сәй­гүлік­тер, күн бойғы ұрысқа сыр бермес, қазанат­тар қайда?! Жаңағы кейуана айтқандай, то­сыннан шапқан жауға суыт жетіп, қолма-қол той­тарыс беру үшін мықты жылқы ке­рек.

Өздерің білетін қайран Бөкең, қан­жы­ғалы қарт Бөгенбай адамды да, атты да бір көргеннен танитын керемет сыншы да еді ғой, жарықтық. Жақсы ат тұқымын жинау керектігін өсиет қып кеткен де сол ағамыз. Мынау сол кісінің әскер басыларының бірі Са­занбай батыр түрікменнің атақты ақал­теке, текежәуміт тұлпарларынан тұқым әке­лемін деп Бетпақдала, Қызылқұм, Қара­құмды көк бөрідей талай жортып өткен. Себебі, өз ауылын жоңғар-қалмақтың Кү­лек батыры шапқанда, күші жетсе де, ар­ты­нан қуып барар аты жетпей нағыз қор­лық­та қалған ер осы.

Батыр соңғы сапарында түрікмендермен мә­мілеге келе алмай, әбден тауы шағылған соң Қоқан, Бұхара, Хиуа әмірлерінің қо­лында сол тұлпарлардың тұқымы бұрын­нан бар дегенді естіп атбасын бұрады ғой. Хиуа­да түрікменнен 40-50 қыздың жа­сауы­ның құнын беріп алған дей ме, әйтеуір, ақал­те­ке­нің бірнеше биесі мен айғыры бар дегенді естіп, соған саудаласып көреді. Және жай айғыр емес, қылқұйрық атаулының алдын бермей жүрген хас жүйріктің өзі деседі. Бір­неше тайтұяқ алтын ұсынады. Айғырды ала­тын болып келіседі. Алайда әмірдің екі­­жүзді жандайшаптары мұны алдап апа­рып, жабылып қол жұмсап ұстап, таңғы на­­маздан соң басын алмақ болып отыр екен. Кіші жүз тама, табындағы қанды­көй­лек достары естіп қап, түнде жасырын ба­рып құтқарып жібереді.

Бірақ бұл орта жолдан қайта барады ғой… Өйтпесе, қаракесек Сазанбай бола ма?! – Ханның қатқыл жүзіне нұрлы күлкі үйі­ріл­ді.Тамағын кенеп, одан әрі жалғас­тырды.

– Сансызбай батыр түйелі адамның ие­гін қағатын биік дарбазадан өтіп, әмірдің қарулы әскерден күзет қойып, кісендеп ба­ғып отырған көк айғырдың шынжырын қо­лымен бұрап үзіп, қарғып мініп, Хиуаның ит адасқан бұралаң көшесін: «Қарқабат!» деп қақ жарып шауып өткен. Сол сабаз мі­не, осы!.. Қалың нөкер қаумалай қуғанда төрт аяқтыға шалдырмай, қардай бораған оқтың бірде-бірін дарытпай өткен атты дүл­діл демей не дерсің?! Ертоқымсыз, жай­дақ мініп шапқан соң Көкжайдақ атанған сол айғыр мына Сазанбайдың ауылында тұр. Бірақ жат жердің суын ішіп, шөбін же­ген текті тұлпардан тараған құлынның бәрі бірдей мықты болып туа бермейді дей­ді мына қариялар. Жерсінбейді екен.

– Біздің биелерді менсінбейді десеңші! деп қалды қарттардың бірі жұртты ду күл­діріп.

– Иә, солай! Бие айғырдан шық­қаны­мен, туа алмайды дейді. Осы Көкжайдақтан шық­қан биенің сегізі өліп, тоғызын­шы­сы­ның ішін жарып алған жалғыз шарана құ­лын ғана аман қалған. Сазанбай атбегі қарт­тармен ақылдаса келе, енді осы тұлпар­дың биесін сатып әкелсем бе деп отыр. Сон­да ғана ерге лайық ат туады дейді. Кө­тер­генінше тайтұяқ алтын, сый-сияпат, қа­сына біраз сарбаз қосып жібергелі отыр­мыз. Үйінде шиеттей бала-шағасы, қарт әке-шешесі қалып барады. Соны мына сіз­дер білсін деп, ақыл қоссын, батасын бере ме деп жинап отырмын.

Тақ тәрізді етіп парсы кілемін жапқан биік төрден түсіп келіп ханның өзі Сазан­бай­ға ақ жол тіледі. 

Бізге жеткен тарихи деректерге жү­гін­сек, жоғарыда баяндалған оқиға одан әрі бы­лай өрбіген. Тұлпар қолды болысымен-ақ ақылшылары мен көмекшілері әмірге ке­ліп: «Бұл айғырды алған адам енді, сөз жоқ, биесін алуға келеді. Мықты аңду қойып, әне, сонда қолға түсіру керек», деп ше­гелеп қояды. Қазақтың қаракесек Са­зан­­бай батыры кектеніп кетіп еді, бұл со­ның ісі болмаса қайтсін, дегендер де бол­ған.

Хиуа шаһарына жақындай бере қасын­дағы Кешубай, Қосағалы, Қашқынбай, Орын­бай бастаған 20 серігін бір қағаберіс жерге қалдырып, әуелі өзі жеке бір шолып келмек болып барған Сазанбай батыр сай­ланып жатқан әлгіндей көп аңдушының ор­тасына тап келіп, аңдаусызда қолға түсіп қалады. Биені сатып алмақ боп қанша мә­міле жүргізгенімен нәтижесі оңға бас­пай, қолына кісен салынады. Арада 2-3 күн өті­сімен қараниет әмір жұмада өтетін қай­наған қан базардың төріне арнайы биік тұ­ғыр жасатып, дар ағашын орнаттырып, жұрт­ты хабарландырып қояды. Кісендеулі Са­занбай батырды осында әкеледі. Бір жа­ғында дар ағашы, бір жағында үлкен тайқа­занда су қайнап жатыр дейді. Бегдербек әмір­дің өзі бастаған бектері мен би-шон­жарлары да келіп, қарулы нөкерлер қоршап тұрады. Әмірдің жендеттері батырды алға шығарып:

– Кәне, анау қазақтарыңа айқайлап айт. Көк айғырды тездетіп алып келсін. Оны алып келгенше сені босатпаймыз!

– Уа, халайық! – дейді батыр сілтідей ты­нып тұрған көпшілікке қарап. – Мен ат­ты ұрлап алғаным жоқ. Ақ адал ақысын төлеп, алдап бермеген соң кектесіп, тартып алдым. Себебі, мұндай хас тұлпарларды сіз­дерде жат жұрттан елін қорғауға емес, қай­та қорлауға, бейқам жатқан ауыл-ауыл­ды тонап, ағайынның қанын төгуге жұмсап отыр…

– Әй, тоқтат, кәне! – деп жекірді әмір­дің жандайшаптары.

Батыр сонау зеңгір аспанға көз жіберіп бір сәт үнсіз тұрып қалды дейді… Кім біледі, кір жуып-кіндік кескен самалы жұпар туған жер, үйде қалған қауқарсыз ата-ана, құдай қосқан жары мен сары ауыз балапан жас балалары ойына оралды ма екен?..

Батыр бойын тез жинап алады. Кенет көз алдына жау ойрандап өртенген ауыл, улап-шулап жылаған аналар мен балалар елес­тейді. Дәл тұсынан Абылайдың қалың дұш­панға әруақты күңіренте, атойлап қар­сы ұмтылған сұсты бейнесі өтіп бара жат­қандай сезінеді.

– Арқа жақтан келген азаматтар бар ма, осын­да? – деп саңқ етті. Сол сәт қоршап тұр­ған қарулы қалың нөкерлерге қарамас­тан, әр тұстан:

– Бар! Бар! – деген үндер естіліп қалды.

– Онда, – деді батыр, бірге қан төгіскен, жо­рықтас бауырларыма, Сарыарқадай же­ріме сәлем айт! Абылайдай ерге сөзімді жет­кіз. Соңғы сөзім мынау: «Мендей бір ұл туар, Көкжайдақтай ат тумас! Тұлпарды бер­меңдер!» – деп бір-ақ кесті.

Жиналған көпшілік жай түскендей селк етіп, үрейлене тынып қалған. Батыр нық адымдап, дар ағашына қарай беттей берді. Манадан ызадан жарылардай болып әзер отырған Бегдербек әмір шар-шар етіп ұшып тұрып, қолын шошаң-шошаң еткізіп:

– Өлтіріңдер! Өлтіріңдер! Дарға… дар-ға! – деп әмір берді.

…Сазанбай батырдың ерлік өлімі жай­лы әңгіме ауылдан-ауылға тарап, ұлан-ғайыр қазақ даласының әр қиырын шарлап кет­ті. Сан түрлі аңыз боп айтылды. Қаны­пе­зер Бегдербектің абақтысын бұзып шы­ғып, Қарақұмға келгенде астындағы нашар ат болдырып, қайран ер сонда өліпті десіп те жүрді…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы