Ақтөбе тұрғыны Назира Жауғаш «науқас баламды емдетемін деп қайырымдылық қорының құрбаны болдым» дейді. Айтуынша, More Life ұйымы үш жасар ұлы Ілиястың еміне деп халықтан 11 миллион теңге жинаған. Алайда сол қаржыға балаға күрделі ота жасатудың орнына өздерінің жеке шаруаларын шешкенін айтады, - деп хабарлайды 31-арна.
Ақшаны өздеріне жұмсаған: Ақтөбеде науқас ұлы бар ана қайырымдылық қорының үстінен шағымданды
1,946
оқылды

Бір жылдан бері әділдік іздеп жүрмін деген келіншек не құзырлы органнан, не әкімдіктен қолдау таппадым деп отыр. Етегі жасқа толған Назира Жауғаштың ұлына былтыр бағаналы жасушаларды трансплантациялау отасы қажет болған. Алайда қымбат операцияны қалтасы көтермеген келіншек Ақтөбе қаласының қайырымдылық қорларының біріне жүгінуге мәжбүр болыпты. Сөйтіп, аз уақытта Ілиястың еміне 11 миллион теңге жинаған қор директоры баланы күрделі операция жасау үшін Ыстамбулға әкетіпті. Кейін хабарласып, ешқандай операция қажет емес екеніне сендірді. Үш аптадай Қазақстанда да көрсетілетін амбулаторлық емді жүргізіп, керісінше баламның денсаулығын нашарлатты деп отыр Назира.

«Ілияс келген кезде өте нашар жағдайда келді. Басын ұстай алған жоқ. Отыра алған жоқ. Тек жатады. Аяқ-қолы өзімен-өзі дірілдейді. Жүрген бала, өзі кружкамен ішіп жүрген бала овощь болып келді. Шаруаларын шешкен ғой. Ілиястың емін емес, өз шаруаларын. Фондтың шаруаларын. Жолда чектер келді. Сумма намного меньше. Оған тек физиотерапия жасалған», - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Назира Жауғаш.

Содан бері баламның ауруымен алысып жүрмін деген Назира қайырымдылық қорының үстінен құзырлы органдарға арыз да жазғанын айтады. Алайда іс сол күйі сотқа жетпеді дейді. Айтуынша, More Life қорының бұл алғашқы қитұрқы әрекеті емес. Ұйымды өзге де ақтөбеліктер бірнеше рет сотқа беріпті. Бірақ бәрі де медиациямен шешілген. Бұл сөзбен қор басшысы келіспейді.

«Дәрігерлер айтты невропатолог рұқсат берсе, егер балаға ота керек болса онда ота жасаймыз деді. Ал, керек болмаса жасамаймыз деді. Бізге негізі бұл ауруханада жатудың қажеті жоқ еді. Бірақ болмай тұрып алды. Сосын тағы ақша шығарып, баланы жатқыздық», - деді More Life қорының директоры Бибігүл Жулина.

Ал заңгерлер болса елде көмекке мұқтаж жанды пайдаланып, ақша жымқырып отырған алаяқтар аз емес дейді.

«Нақты келісімшарт толтыру керек. Кейін нақты науқас қай аурумен ауырады және қай елде, нақты қай емханада, қандай дәрігерде бәрі келісімшартта пункттармен көрсетілу керек», - дейді заңгер Талғат Есімов.

Айта кету керек, қайырымдылық қорының директорына алдандым деген Назира Жауғаштың туған әпкесі. Келіншек сол үшін де сенім артып, баласын туғанымен шетелге жіберген. Ал өзі Ақтөбеде тағы екінші науқас баласымен қалған. Қазір бұл іске қатысты тергеу жүргізілуде.

«Аталған дерек бойынша, Ақтөбе қаласы Полиция басқармасының №1 полиция бөлімімен алаяқтық бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде. Басқа ақпарат ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды», - дейді Ақтөбе облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Айта кету керек, үстінен тергеу басталған ұйым әлі жұмысын жалғастыруда. Әлеуметтік желідегі ақпарат бойынша Ақтөбедегі More Life қоры мұқтаж жандарға бір жылда 135 877 500 теңге жинаған. Барлығы 21 адамға көмек көрсеттік деп жазыпты.