Жыл сайын жаңа оқу жылы басталар тұста «оқушылардың хиджаб кию» мәселесі көтеріледі. Бұл пікірталастың шешімін таппай келе жатқанына да оншақты жыл­дай болыпты.
Қоғам – зайырлы, хиджаб бола ма қайырлы?
3,343
оқылды

Осы аралықта салаға жауап беретін министрлердің бар­лығы хиджаб кию зайырлы мем­ле­кеттің заңына да, білім стандарт­тарына да сай келмейтінін айтты. Бірақ естір құлақ жоқ. 

Жақында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқушылардың хиджаб киіп мектепке келуіне қатысты пікір білдірді. Үкімет отырысынан кейін өткен бас­пасөз мәслихатында БАҚ өкілдері Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа «мектепте хиджаб киюге рұқсат беріле ме?» деген сауал қойды. 

– Бәріміз білеміз, Конституцияда жазылғандай, біз зайырлы мемлекетпіз. Сондықтан мемлекет те, мектептер де Конституцияға сәйкес өмір сүруі керек деп ойлаймын. Зайырлы мемлекеттің заңын орындауға тиіспіз. Мектепте бала­лардың білім дағдыларын қалыптас­тырған кезде ол заң талаптарына сәйкес жүргізілуі керек, – деді Ғани Бейсембаев. 

Алайда министр аталған сауалға нақты «иә» немесе «жоқ» демегенінен қо­ғамда түрлі жорамал жасағандар кө­бейді. Бірі хиджаб киюді қолдаса, қоғам белсенділері жаппай мектеп формасына «діни атрибутиканы» қосуға қарсы шы­ғуда. Мұндай пікірталас былтыр да болған. Ол кезде экс-министр Асхат Ай­ма­ғамбетов­тың мектепке қыздарды ора­мал­мен кіргізу жағын қарастырамыз де­ген сыңайда айтқан сөзі қоғам пікірін екіге жарған. 

– Министрліктің тиісті бұйрығы бар. Біз – зайырлы мемлекетпіз. Мектептер де зайырлы мекеме. 2016 жылдан бері қабылданған бұйрық бар. Ол өзгермеді және өз күшін жойған жоқ. Әрине, мек­теп формасын сақтау керек. Алайда шын­дыққа тіке қарап, проблеманы жа­сыр­мауымыз қажет. Осы мәселеге қа­тысты балалардың мектепке бармай жүр­ген фактілері де бар. Білімнің инклюзивті болуы өте маңызды, яғни осы балаларға білім беруіміз керек. Ол онлайн форматта да болуы мүмкін. Қазір мектепке бармайтын балалар не істеп жатыр? Мысалға ол балалар «шетелде оқимыз» деп мектептен құжаттарын алып кетеді. Бірақ шындығында олар Қа­зақстанның шекарасынан сыртқа шығып, ешқайда бармайды. Елімізде онлайн білім беру болмағандықтан көр­ші мемлекеттердің онлайн-мектеп­терінен білім алып жатыр. Ал кейбірі тіпті мектепке баруды мүлде қойған. Ал мұндайға жол беруге болмайды. Бала­ларымыз міндетті түрде білім алуы керек, – деген еді Асхат Аймағамбетов. 

Оның айтуынша, жалпы білім беретін мектептен бас тартып жатқан хиджаб киетін оқушылар санының артып ке­туіне байланысты мектеп формасы ту­ралы бұйрықты қайта қарауға мәжбүрлік туындаған. Алайда оқушылардың қанша пайызы хиджабын шешкеніне, қанша пайызы жекеменшік мектептерге кет­кеніне қатысты нақты статистика жоқ. Арнайы зерттеу жүргізілген күннің өзін­де мұндай санаттағы оқушылар азшы­лықты құрайды. Сондықтан сарапшы­лардың айтуынша, бұл мәселені ше­шудің жалғыз жолы – мектепте хид­жаб киюге рұқсат беру емес. Біз қоғам ре­тінде ең бірінші зайырлылық принцпін сақтауымыз қажет. Себебі орта білімге діни атрибутиканы араластырудың соңы, қоғамдағы шиеленістердің ушығуы­на әкелуі мүмкін. 

– Сырт көзге ұсақ-түйек секілді кө­рінгенімен, «мектепте хиджаб кию мәселесіне тосқауыл болу» еліміздің болашақ даму жолын айқындайтын шешім. Азаматтар, соның ішінде педагогтар сондай сәтте үнсіз қалса, ар­тынан бармақ шайнап жүруіміз мүмкін. Бүгін қыз балалардың мектепке хид­жабпен келуіне рұқсат берсек, ертең ұл балалар сабақтан босатып, мешітке намазға жіберуге сұранады. Ары қарай кейбір ата-аналар «балалардың қауіп­сіздігі» деген сылтаумен мектепте намаз оқитын зал ашуды талап етпесіне кім кепіл? Құқықтануда «прецедент» деген ұғым бар. Қазақстанда мұсылмандардан өзге христиан-православтар да жетерлік. Оларға да икона іліп, шоқынатын бұрыш ашып береміз бе? Сосын елімізде тыйым салынбаған өзге діни сенім өкілдері – католиктер, иудейлер, буддашылар да бар. Ертең олар да өз наным-сенімдерін орта білім саласына тықпалайды, – дейді білім сарапшысы Өмір Шыныбекұлы.

Иә, «мектепте хиджаб киюге рұқсат беру керек» деген сөз шыққалы еліміздегі кейбір радикал топтардың тамырына қан жүгіре бастады. Олар өз сенімдерін тек қоғамдық орындарда ғана таратпай, буыны әлі қатпаған бүлдіршіндерге де насихаттамасына кім кепіл? Бәлкім ер балалармен қыз балалардың бір сыныпта оқуы, ер мұғалімдердің сабақ беруіне де ертең қарсы шығатындар көбейер. 

Хиджаб – мектеп формасы емес

Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығы бар. Осыған сәйкес, қазақстандық оқушылар мектеп формасын киюі керек. Мектеп формасына қойылатын талаптар хиджаб киюге тыйым салады. Мектеп қабырғасында хиджаб киюге тыйым салу зайырлылық қағидаттарына сәйкес оқу орнының ішкі тәртібін сақтау мақса­тында енгізілген. Мектептен тыс жер­лерде бұл мәселе бойынша тыйым салынбайды. Қыздарға арналған мектеп формасына пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық блузка немесе түймелері әлде сыдырмалы құлып бар тоқылған куртка/кардиган, поло жейде немесе футболка (қыста: тоқылған жилет, сарафан) кіреді. Сон­дай-ақ қыздарға арналған кең және ұзын шалбар аяқтың тобығын жауып тұруы шарт. «Мектеп формасын сақтау» деген сөз «қандай да бір атрибутика мен эле­менттерді пайдаланбауды» тұспал­дайды. Және де бұл тек діни ғана емес, кез келген өзге атрибутиканы киюге тыйым салын­ғанын білдіреді. Мысалы, бала мектепке еркін, сәнді немесе спорттық киімде, жарқын және көзге түсетін әше­кейлері бар киімде келе алмайды. «Форма» деген ұғым барлық осы қаты­настарды реттейді. Ендеше министр­ліктің «орта білім бе­рудегі бірыңғай форма» туралы бұйры­ғының өзі оқушы­ларға хиджаб киюге болмайтынын көрсетіп тұр. 

– «Мектепте хиджаб кию» дегенді өз басым қолдай қоймаймын. Хиджаб кию мәселесі кейіннен діни ұғымдардың кү­шеюімен қатар шықты. Өзім де мектеп басшысы болған кезде мұндай мәселе­лермен жиі кездестім. Қазақ ешуақытта қайғы үстінде де қара орамал тартпаған. Тұрмысқа шығып, табалдырық аттаған соң ғана үлкен әжелер ақ орамал жауып, батасын беретін деп оқушыларға ұғын­дырып айтып келемін. Ұстаз ретінде қыз бала еркін өскенін қалаймын. Мұндай үрдіс қазақ халқының танымына, сал­тына жат нәрсе. Сондықтан таза қазақи тәрбие жөнімен ұлттық болмысымызды ұмытпауыз қажет. Ал кәмелет жасынан асып, тұрмысқа шыққан кейінгі ұстаным әркімнің өз еркінде, – дейді Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының академигі, Қазақстанның Еңбек ері Аягүл Миразова. 

Оның айтуынша, мектептерде бірың­ғай мектеп формасының сақталмауы оң-солын танып үлгермеген балаға қы­сым болуы мүмкін. Сондықтан ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Себебі оқушылардың хиджаб кигені мектептердегі буллингты ушық­тыра түседі. 

Ал Әлеуметтану ғылымдарының кан­дидаты Талғат Жақиянов «Зайырлылық» қағидасы мен нормаларын әр тарап өзіне қарай тартып, өзінше интерпретация жасап жатқанын айтты. 

– Мектеп – әлеуметтік институт. Оның атқаратын нақты функциялары бар. Білім беруден басқа мектептің маңыз­ды функцияларының бірі – эга­литар­лық функция. Эгалитаризация – теңдестіру дегенді білдіреді. Яғни, мектеп әртүрлі ортадан, отбасынан кел­ген балалар үшін бірдей әлеуметтік кеңістік жасап, сол арқылы білім алуға қа­жетті жағымды психологиялық-пе­дагоги­калық атмосфера жасау міндетін де атқарады, – дейді Талғат Жақиянов. 

Оның айтуынша, әлеуметтануда «әлеуметтік стратификация» деген ұғым бар. Бұл ұғым қоғамның әлеуметтік тап­тар мен қабаттарға жіктелуін сипаттайды.

Кез келген қоғамда таптар мен қа­баттар бар. Біздің қоғамда да жоғарғы, орта және төменгі (тіпті, андеграунд) тап бар. Мектепке келген оқушылар осы таптардың өкілдері. Олардың материал­дық жағдайы, ең алдымен, сыртқы кел­беттерінен көрініс береді. Балалардың бірінің қымбат киінуі, ал бірінің жұпыны киінуі білім кеңстігінде түрлі проб­ле­маларды туғызады: психологиялық қолайсыздық, жікке бөліну және тағы басқа. 

– Бірыңғай форма мектептегі таптық жіктелу көрінісін жасырып, жағымсыз салдардардың алдын алу үшін қолданы­ла­тын эгалитарлық құрал. Барлық бала­ны әлеуметтік-материалдық тең ету емес, теңсіздік көріністерін жасыру қыз­метін атқарады. Санасы енді қалып­тасып келе жатқан періштедей жас буын өзінің және өзгелердің таптық белгі­лерімен бас қатырмай, алаңсыз білім алуы керек. Таптық маркерлерсіз өзара тең қарым-қатынас жасауы керек, өз­дерін психологиялық қолайлы сезінуі қажет. Таптардан бөлек қоғамда этника­лық, діни, гендерлік, субмәдени сынды әлеуметтік-мәдени қабаттар да жетерлік. Мектептің әлеуметтік кеңістігінде осын­дай қабаттық шекараларды болдырмау да эгалитарлық функция аясында қарас­тырылады. Бірыңғай мектеп формасы қабаттық маркерлерді жасырудың құралы, – дейді Талғат Жақиянов.

Құзіретті орган позициясын білдіруі керек

Айта кету керек, елімізде білім беру саясаты зайырлық сипатқа ие. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың пікірінше, Қазақстанда орта білім беру жүйесіне қатысты арнайы заңдар да, Біріккен Ұлттар Ұйымының бала құқығы туралы ратификациялаған конвенция да бар. 

– Сол жердегі бірнеше нормаларға тоқталып өткім келеді. Бірінші, біз Конс­­титуция бойынша зайырлы мемле­кетпіз. Екінші, Білім туралы заңның 3-бабында білім беру саласындағы мем­лекеттік саясаттың принцптері бекі­тілген. Оның ішінде, баршаның сапалы білім алуға құқығы және білім беру жүйесін дамытудың басымдығы, әрбір адамның зияткерлік дамуы, білім берудің зайырлы, гуманистік және дамытушылық сипаты, сонымен қатар азаматтық және ұлттық құндылықтардың адам өмірі мен денсаулығының, жеке адам еркін дамуы­ның басымдығы көрсетілген. Яғни біз бұл жерде білім беру саласынан мемле­кеттік саясаттың принцитерін көріп тұрмыз. Сондай-ақ орта білім саласында білім мен діннің алшақтығы бар екендігі білім саласында да зайырлылықты ұстанатынымыздың дәлелі, – дейді Жұлдыз Сүлейменова. 

Мәжіліс депутатының айтуынша, Бала құқығы жөніндегі халықаралық конвенцияны біздің Жоғарғы кеңес 1994 жылы 8 маусымда қаулымен ратифика­циялаған. Осы жерде білім мен құқыққа байланысты арнайы бап бар. 14-баптың 3-тармағында «Өз дінін немесе нанымын уағыздау бостандығы заңмен белгіленген және мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғам­дық тәртіпті халықтың рухани ізгілігі мен денсаулығын қорғау немесе басқа да адамдардың негізгі құқықтары мен бос­тандықтарын қорғау үшін ғана қажетті шектеулерге әкеп соғуы мүмкін» деп көр­сетілген. Яғни мемлекет өзінің қауіп­сіздік саясатын және ұлттық құндылық­тарын ойлаған кезде шектеулерге баруы­на құқығы бар деген норма қарасты­рылған. Ендеше Конституция да, Білім туралы заң да, Балалар құқығы жөніндегі халықаралық конвенция да білім сала­сындағы зайырлықты сақтау қажеттігін көрсетеді. 

– Бүгінгі таңда құзіретті орган Оқу-ағарту министрлігі ресми мәлімдеме жаса­мағандықтан, қоғамда алаңдаушы­лық туындады. Менің ойымша, Оқу-ағарту министрлігі, Балалардың құқығын қорғау комитеті 24-25 тамызда Тамыз кеңесін өткізуді жоспарлап отыр. Сол кеңестің аясында Қазақстан Респуб­ликасының білім беру мемлекеттік сая­сатының негізгі принцптерін тағы да қайталап айтуы керек. Әлеуметтік желіде осындай толқудың пайда болуына не себеп? Тез арада құзіретті орган пози­циясын білдірмесе, бұл пікірталас жал­ғаса береді. Бірақ бұл мәселеде қара қыл­ды қақ жаратын Оқу-ағарту ми­нистр­лігі немесе заңдармызға байланыс­ты Әділет министрлігі өз позицияларын білдіруі керек. Мен қоғамдағы пікірлер­лерді қарағанымда, «хиджабқа қарсы­мыз, орамал тақтыру керек» деген ой­ларды да естіп қалдым. Орамал тағу қазақ халқының дәстүрінде бар. Бірақ қазақ қыздары тек келін болып түсіп, босаға аттағаннан кейін ғана ақ жаулық таққан, – дейді Мәжіліс депутаты. 

Жұлдыз Сүлейменованың мәдениет­танушы, әйел заты ретіндегі пікірі бо­йынша, ақ орамал – тұрмыс құрған­дықтың белгісі. Сондықтан конститу­ция­­лық тұрғыдан зайырлы мемлекет ре­тінде және дәстүрлі қазақ қоғамында ора­мал тұрмыс құрғандықтың символы болғандықтан мектепте оны тағуға рұқ­сат беруге болмайды. Екінші, Қа­зақстан геосаяси жағдайда діни ахуалды заңмен немесе үкіммен реттей алмайды. Өйткені геосаяси жағдай баланс ұстауды қажет етеді. Заңда 18 жасқа толған азаматтың діни сенімін құрметтейміз деп жазылған. Бірақ зайырлы мемлекеттің негізігі принцпі ретінде білім саласы да зайырлы. 

– Менің ойымша, хиджаб – саяси исламның белгісі. Ал саяси исламның мақсаты – діни өмірді радикалды негізде күн тәртібіне қою. Бұл тұрғыдан Ақ­параттық және қоғамдық даму министр­лігі, Дін істері жөніндегі комитет өз ой­ларын айтуы керек. Сәйкесінше, хид­ж­абты да білім саласына енгізе ал­маймыз. Мектепте хиджаб кию консти­туциямызға да, зайырлық принциптеріне де қайшы. Үшінші, біз бір Жаратушының бар екенін мойындаған халықпыз. Елімізге ислам діні соғыспен емес, бей­бітшілікпен келген. Себебі осы террито­рияны мекендеген халқымызға діннің кейбір нанымдары сәйкес келген. Жеке азамат ретінде менің иманым, Жарату­шыға деген сенімім жүрегімде. Тіпті, Абай Құнанбаев Мәшһүр Жүсіптен «Құдай қайда?» деп сұрағанда, ол «Құ­нанбайдың ұлы Абайдың құдайы қайда екенін білмеймін, менің құдайым – жү­регімде» депті. Сәйкесінше, орамал – исламның атрибуты ғана. Ал иман мен сенім – біздің жүрегімізде. Сондықтан бұл проблема бүгін ғана туындаған жоқ, бұған дейін де көтеріліп келді. Білім бас­қармалары мен білім беру ұйымдарының басшылары, Ұлттық қауіпсіздік ко­митеті, ішкі саясат департаменті осы тақырыпқа қатысты ата-аналарға белгілі бір түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келді. Геосаяси жағдайда, ішкі діни ахуал тұрғысынан қарасақ, біз өз еліміздің заңнамаларына бағынуымыз керек, – дейді Мәжіліс депутаты. 

Түрлі ағымдар өз сенімдерін тықпалайды

Біздің байқауымызша, Түркістан облысының Мақтаарал ауданы, Ақтөбе облысының Шалқар ауданы және Атырауда – хиджаб киетін оқушылар саны басым және бұл аймақтарда ата-аналардың өзара «қақтығыстары» да жиі болады. Әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Талғат Жақияновтың ай­туынша, елімізде ресми тіркелген 18 кон­фессия (діни бағыт) бар. Тіркелмеген­дері одан да көп. Хиджабқа рұқсат беру осы ағымдардың көпшілігінің мүддесін оятады. Себебі «зайырлы» елде діндердің құқықтары тең. Діни атрибуттардың мектепте көрініс беруі исламмен ғана байланысты емес. Еліміздің солтүстік өңірінде православ сенушісі болып табылатын мектеп директоры оқушы қыздардың барлығына православ үлгісі­мен орамал таққызып қойған жағдайлар болған. Аралас мектептердің бірінде «сатаналық» сектаға кірген жоғарғы сынып оқушылары «сатана» образында киініп жүрді. Осы сияқты жағдайлар «домино» заңдылығымен міндетті түрде басқа ағымдар арасында да орын алатын болады. Ислам да бірегей емес елімізде. Сәйкесінше, түрлі ағымдар әртүрлі тәжірибе мен үлгі әкелетіні анық.

– Қазіргі хиджаб мәселесін көтеріп жатқан азшылық «бұл ұсыныс тек мұсылмандар тарапынан ғана айтылуда, басқа діндер сұрап отырған жоқ, сон­дықтан рұқсат беру керек» деген пікірлер айтады. Алайда жағдай олай емес. Бір­неше жылдар бойында қызмет бабымен барлық өңірлерді, түрлі елді мекендерді үздіксіз аралап, «көзбен көріп, қолмен ұстап» жүрген адам ретінде айтайын. Мұндай ниет басқа діни ағымдарда да бар, – дейді Талғат Жақиянов. 

Әлеуметтанушының пікірінше, қазір Қазақстанда 100-ден аса этнос өкілдері тұрады. Өкінішке қарай, мектептерде этникалық маркерлер де көрініс беруде. 

Мәселен, бірыңғай тәжіктер шо­ғырланып қоныстанған Түркістан об­лысы Мақтаарал ауданындағы Фирдауси ауылындағы мектепті алып қарайық. 2017-2018 жылғы оқу жылына дейін ол мектепке тәжік балалары өздерінің ұлттық киімдерімен келетін. Қыздар ала көйлектерімен, ала шалбарларымен сабаққа баратын. Білікті педагог Жанар Сапар директор болғалы ғана жағдай реттелді. Сол үшін оны жергілікті кон­сервативті топтар бүгінге дейін жазып, сотқа беріп, қудалап жатыр. Енді сала­фит­тер араласып, бұл шиеленісті «орамал шиеленісі» ретінде көрсетуге тырысуда. Жалпы, шоғырланған этни­калық топтардың мәселелеріне салафи­лік топтардың араласуы өте қауіпті құбылыс. 

– Осы сияқты Ақмола облысындағы жекелеген елді мекендерде шоғырланған шешендер қыздарын мектепке өз ұлттық белгісі бар киімдермен жіберіп отыр. Мектептерде гендерлік қабаттар да көрініс бере бастады. Естеріңізде болса, былтыр Астана қаласындағы мектеп­тердің бірінде сырға таққан, тырнағы ұзын қызтеке оқушыны көрдік. Оған да шуладық. Мектеп формасын алып тас­тасақ, гендерлік маркерлер де кеңінен енетіні анық. Себебі діни киім элемент­теріне рұқсат беріп, «инклюзивті жүйе» контингентін кеңейтсек, гендерлік тең­дік те сақталуы керек. Балалардың құқығы деп хиджаб енгізсек, гендерлік, этникалық құқықтарға да жол ашу керек болады, – дейді Талғат Жақиянов. 

Ендеше мектепте хиджаб киюге рұқ­сат беру, басқа топтардың да өз қалау­ларын ашық білдіріп, білім ордасын не­гізгі функциясынан айырады. Сон­дық­тан зайырлы мемлекет ретінде мұн­дай мәселелерді елдік ұстаным тұрғысы­нан шешкен жөн болар.

Көктем ҚАРҚЫН