Балық өнеркәсібі – бұл ауыл шаруа­шылығына жатпайтын өзінше бір бөлек әлем.
Балықтан нәсіп, пайдалы кәсіп
1,693
оқылды

Ертегідегі алтын балық ұстап алатын шалдың арманына ай­налған байлық бүгін расымен де орын­далып отырғанға ұқсайды. Олай бо­латыны – қазір әлем бойынша ең та­бысы мол бизнестің түрі осы балық ша­­руашылығына тиесілі екен. 

Дүниежүзі бойынша бүгінде ауланатын балық пен өндірілетін теңіз өнімдері жылына 100 млн тоннаға жетіп отыр. Оның 60-70 пайызы теңіздер мен мұхиттардан ауланса, оның 15 млн тоннасы қолдан өсірушілердің үлесіне тиесілі. Ал қалған бөлігі тұщы су­лардан, яғни көлдер мен өзендерден аула­нады екен. Балық аулау теңіз жағалауындағы елдерінің барлығында қатты дамыған. Әсіресе, ауланатын балықтың жартысынан астамы – Жапония, Қытай, АҚШ, Чили, Перу және Ресейдің еншісінде. Балықтар материктік қайрандар мен жылы және суық мұхит ағыстары түйіскен аудандардан кө­бірек ауланады. Балық үшін су астында шекараның болмауынан кей жағдайларда жоғарыдағы аталған елдерде де әр күнгі табыс әрқалай құбылып отырады-мыс. 

Балықты қолдан өсіру Қытайда осыдан 4 мың жыл бұрын басталған. Сол Қытай әлі күнге дейін әлемде бұл кәсіп саласы бо­йынша алдына жан салмай келеді. 

– Қытайда балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің табысы өте жоғары. Оларға мемлекет те ерекше қам­қорлық танытады. Мен бірнеше қытайлық балық өсірушілермен бірлесіп ғылыми жұ­мыстар атқардым. Сонда байқағаным, ол жақ­тағы ең табысты адамдар осы балық ша­­руа­­­шылығын қолға алған азаматтар екен, – дейді биология ғылымдарының кандидаты Гүлжан Аманжолқызы. 

Қазақтар балық майынан желім жасаған

XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласында балық шаруа­шылығы көптеген адамдардың күнкөріс кәсібіне айналды. Каспий теңізі жаға­лауында, Шалқар, Имантау, Щучье, Чебачье, Зайсан, Алакөл, Балқаш көлі, Арал теңізі, Жайық, Сырдария, Қара Ертіс, Іле, Шу өзендері жағалауында балық аулауды кәсіп еткен қазақ қауымдары, ауылдары көптеп пайда бола бастады. Н.Гаврилов: «Пересе­ленческое дело в Туркестанском крае» атты еңбегінде Перовск уезіндегі балықшылар туралы былай деп жазды: «балық шаруашы­лығы қазақтар үшін де, орыстар үшін де маңызды кәсіптің бірі болды. Балық қыста көлдерде мұз қатқан кезде ауланады. Балық сату ісімен алыпсатарлар айналысады. Бұл кәсіппен айналысатын отбасылар бір қыста 200-450 сомнан пайда табады», – деп көр­сеткен. Осы еңбекте балық аулауды кәсіп етуге көшкен қазақтар қыстауларын Сыр­дария, Амудария өзендерінің жағасына сала бастағанын айтады. Балықшылар негізінен Қазалы уезінің Шыбынды болысында көп­теп кездескенін айтады. Статистердің зерт­теуі бойынша 1910 жылы Қазалы тұрғын­дарының 34,4%-ы балық аулауды кәсіп еткен екен. «Мұндағы балықшы қазақтардың жалпы саны 5010 деп тіркелген», – дейді Н.Гаврилов өз еңбегінде. 

 Тарихи деректерге сүйенсек, Арал теңізі мен жоғарыда аталған қос дарияның маңын­да балық шаруашылығының өркендей бастауына теміржол бекетінің болуымен қоса, Орынбор және Ырғыз жақтан балық өніміне деген сұраныстың артуы өз әсерін тигізген. Балықшылар балықты аулап, оны қайта сатып қана қоймай, балық өнімдерін тұрмыста да кеңінен қолданған. Мысалы, балық майын жинап шыжғырып, бауырсақ пісіріп, тамақ жасап, түрлі тұрмыстық жағдайларда қолданған. Одан бөлек, балық майынан сабын былғап шығаратын шағын өндірістер де пайда болған. Тіпті Хиуаның сабын, тері зауыттарына да балық майын жіберіп, ол жақтан тұрмыстық бұйымдар айырбасын жүргізген. Кейбіреулер бекіре тұқымдас пілмай (шип) балығынан ағаш желімін алатын болған. Балықтан алынған ағаш желімі ол уақытта нарықта өте қымбат бағаланған екен. 

Қазақстандағы балық шаруашылығы қандай болды?

 «Бала күнімізде әкем екеуміз Есіл өзенінен балық аулайтын едік. Ол уақытта Есілдің балығы тайдай тулап жататын. Әкем балық аулау өнерін жас кезінде Арал теңізіне барып меңгерген екен. Аштық жылдарында бір ауыл балық аулап, аман қалдық», – дейді атбасарлық ақсақал Мәшкен Хайруллин әкесі туралы естелігінде. 

Елімізде балық шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соңғы сарап­тамалар бойынша елімізде 27 мың тоннаға дейін балық өсіріп, экспорт 6 есеге артқан. Оның ішінде салқындатылған және мұз­датыл­ған балықтардың үлесі экспорттың жалпы көлемінің жартысынан астамын құраған. Ал экспорттық сұраныс көрсеткіші дайын балық өнімдеріне әлдеқайда жоғары болатыны тағы бар. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы халыққа арнаған Жол­дауында балық шаруашылығына айрықша мән беріп, тиісті сала өкілдеріне нақты мін­деттер жүктеген болатын. Осы жүктемеден соң балық шаруашылығын дамытуға бай­ланысты бірқатар шаралар басталған. 

Соның бір көрінісі елде жойылудың аз-ақ алдында тұрған балық түрлерін молайту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2030 жылға қарай әр өңірдегі балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша елімізде 500-ден аса балық шаруашылығы құрылатынын айтады. 

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруа­шылығы комитетінің мәліметінше, ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі №208 «балық шаруашылығын дамыту мәселелері туралы» қаулысында балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілген. Аталмыш бағдарла­маның мақсаты, халықты балық өнімдерімен қамтамасыз ету, тұтынуды арттыру және балық шаруашылығын (акваөсіру) дамыту үшін жағдай жасау болып отыр. 

Бағдарлама Индикаторлары бойынша балық өсіру көлемін 2030 жылға қарай жылына 270 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Балық өнімдерін ішкі тұтынуды жылына 67-ден 134 мың тоннаға дейін молайтып, өнімнің экспортын 2030 жылға қарай жылына 181 мың тоннаға дейін жеткізу межеленген. Жалпы, бағдарламаны іске асыруға 10 жыл ішінде 541,3 млрд теңге қажет болады екен. Бұған республикалық қазынадан 56,4 млрд теңге қарастырылып отыр. Мемлекет балықшылық кәсіппен айналысқандардың инвестициялық салым­дар кезінде акваөсіру субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялауға 41,4 млрд теңге белгіленсе, ғылыми зерттеулер жүргізуге 5,0 млрд теңге қарастырылғанын жариялап отыр. Қалған сома өзге шығындарға жұм­салмақ.

Балықты сақтау да маңызды

Қазір әлемде жойылып кеткен немесе жойылуға шақ қалған балық түрлерін сақтап қалу бойынша сан түрлі бағдарламалар қабылданып жатыр. Бұл экологиялық ахуалды қалпына келтіруге өз әсерін тигізері сөзсіз. Осыған байланысты Қазақстанда да балықтың кейбір түрлерінің жойылып кетуінің алдын алу бойынша түрлі шаралар жасалу үстінде.

Жуырда Қапшағай су қоймасының табанынан бекіре тұқымдас балық түріне жататын пілмай балығының табылғаны туралы ақпар тараған болатын. Біз бір кездері тек Арал теңізінде ғана болған осы пілмай балығының Қапшағай су қоймасына қайдан келгені туралы білу мақсатында ҚР Экология және табиғи ресурстар министр­лігіне қарасты «Балық шаруашылығы ғы­лыми-өндірістік орталығы» ЖШС – маман­дарына сауал жолдаған едік. Мамандардың айтуынша, Қапшағайдан пілмай балығы ғылыми зерттеулер бағытында арнайы ау­ланған екен. 

«1969-1970 ж.ж. шамасында мемлекеттің маңызды нысанына айналған Қапшағайдан өзге де су қоймаларын жан-жақты пайдалану үшін Үкімет тарапынан арнайы тапсырма беріліп, су қоймаларына балық жіберу жұмысы басталған. Кейін келе біршама балық түрлері су қоймаларын жерсінгенімен, біразы нәтижесіз болды. Сол кезде Арал теңізінде жойылып бара жатқан осы пілмай балығын әкеліп Қапшағайға жіберген. Одан өзге жайын, дөңмаңдай, сазан, көксерке және т.б. балық түрлерін салған екен. Өкі­ніштісі сол, пілмай балығы су қоймасындағы өсу деңгейін белгілі мөлшерде көрсете алмаған. Сөйтіп жүргенде Аралда балықтың бұл түрі мүлдем жойылып кеткен. Қазір жалпы бекіре тұқымдас балық түрлері ерекше қорғалып, Қызыл кітапқа енгізіліп отыр. Біз ғылыми зерттеу мақсатында Қап­шағай су қоймасының табанынан пілмай балығын іздеп тауып өсіріп, молайту мақ­сатында жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Балықтың бұл түрінің өсу, жетілу уақыты да ұзақмерзімді талап етеді. Біздің ғалымдар 3 жылдық жобаны аяқтап, келесі жобаға дайындалу үстінде», – дейді «Балық шаруа­шылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Аквакультура зертханасының мең­герушісі, PhD Бердібек Ибрагимұлы.

Дүниежүзі бойынша ауланған бекіре балықтарының 90%-ы Қазақстан балық шаруашылығының үлесіне тиеді. Қазір республикада экологияның нашарлауына байланысты су айдынын қорғау, оларды ұдайы мелиорациялау, кәсіптік балықтардың сапасын жақсарту, балық өсіру жұмыстары жүргізілуде.

...Пайдасы оның көл-көсір

Жалпы балық табиғатынан адамның денсаулығына қажетті дәрумендерге бай. Медицина мамандарының мәліметінше, әрбір адам жылына 14 келіден астам балық түрімен қоректенуі керек. Сонда ғана адам организмі балықтан алынатын пайдалы заттармен толық қамтамасыз етіледі. 

Балықтар – түрлері ең көп тараған омыртқалы жануарлар. Жер әлемдегі барша сулардың түбінде 22 000-нан астам балық түрі бар деп есептеп отыр ғалымдар. Олардың үштен бірі тұщы суда өмір сүреді екен. 

«Балық шаруашылығы ғылыми-өн­дірістік орталығы» ЖШС мамандары халық үшін арнайы жасанды тоғандар мен бөлмелік тоғандарда балық өсірудің шығыны мен кірісін есептеп халыққа ұсынып отыр. Онда Африкалық жайын балығын өсіргенде 

6 айлық тауарлық түрге жеткенде барып тұтынуға болады. Мысалы 50 м² Бөлмелік ауданға 7 977 250 тг, $20 938 жұмсалмақ. 

1 кг жайын қазіргі нарыққа 1000 тг деп баланғанын ескерсек, 6 айдан кейін түсетін табыстан  таза пайдасы 1 500 000 тг бол­мақ. 

Балық өсіріп, оның пайдасын көру үшін біраз шығынданатыны шындық. Қазір мемлекеттен берілетін жеңілдіктерге сүйе­ніп, кәсібін жүргізіп отырған шаруалардың келешекке жоспарлаған мақсаттары да үлкен. 

«Жасанды тоған жасап, балық өсіріп жат­­қаныма 4 жылдан асты. Шаруаны баста­ған кезде жасанды бассейіндер құруға қара­жатым жетпей, жер қазып тоған жасадым. Бүгінгі таңда дөңмаңдай, сазан, амур ба­лықтарын өсіріп жатырмын. Жалпы мен тоғаныма Сырдарияда өсетін балықтардың барлығын отырғызуды көздеп жүрмін. Ол үшін тоға­нымды үлкейтуім керек», – дейді Қызылор­далық жас кәсіпкер Ғалымжан Жолды­бекұлы. 

Кәсіпті бастар алдында арнайы курс оқыған абзал. Содан кейін барып құрал жабдықтарды толықтырып алған дұрыс дейді жас кәсіпкер. 

Қорыта айтқанда, балық өсіріп пайда табу – бүгінде берекелі бизнеске айналған. Ебін тапқан Ғалымжан сияқты кәсіпкерлер біздің елде де жоқ емес. Әлем адамзатты алда­ғы уақытта азықтандырудың мәселесіне бас ауыртып отырғаны шындық. Ал теңіз өнімдерінің әлемдік мәселенің алдын алуға тигізер септігі орасан екені белгілі. Балық аулау үшін күніне теңіздерге жөнелтілетін 10 мыңнан астам алып кеме тек азық жинап, кешкісін қайта оралып отыратынын ескер­сек, расымен де әлемнің балыққа тәуелді еке­нін аңғаруға болады. Демек, оның пай­дасы да көл-көсір. 

Бердібек ҚАБАЙ