«Баланы мектепке дайындайық!» республикалық акциясы аясында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері 700-ден аса баланы мектепке қажетті құрал-жабдықтармен, мектеп формасымен қамтамасыз етті.
«AMANAT»: Алматы облысында оқушыларды мектепке даярлады
857
оқылды

Жыл сайын партияның бастамасымен дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан акцияның мақсаты –  әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларын мектепке даярлауға қолдау білдіру.

Игі шара партияның «Бақытты отбасы» жобасы аясында өтіп отыр. Науқанның алғашқы кезеңі Талғар ауданында басталды. Мұнда «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Билалдин Ушуров 250 балаға мектеп құралдары салынған сөмкелер мен мектеп формаларын сыйға берді. Дәл осындай акция облыстың барлық аудандарында жалғасын тапты.

 

 

Партиялықтар жаңа оқу жылына дейін мұндай шараны бірнеше рет ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұған мәслихаттардағы «AMANAT» партиясының депутаттық фракция мүшелері атсалысуда.

«Мектеп жасындағы бүлдіршіндерге жаңа оқу жылы басталар алдында қуаныш сыйлап, оқушыларды керек-жарағымен қамтып келе жатқан акция биыл да жалғасын тауып отыр. Бұл қайырымдылық іс-шарасы республика бойынша өтіп жатыр. Мәселен, төрт күн ішінде фракция мүшелері 35 млн теңгеге жуық сомаға 700-ден аса баланы мектепке даярладық. Науқан соңына дейін 1 мың оқушыны қамтуды жоспарлап отырмыз», – деді «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев. 

Айта кету керек, «Баланы мектепке дайындайық!» республикалық акциясы дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып, оқушыларға қолдау көрсетіп келеді.