Мұндай жағдайлар «Талибан» жариялаған амнистияға қарамастан жиі болып тұрған.
Тәліптер 200-ден астам экс-шенеунік пен әскерилерді сотсыз дарға асқан – БҰҰ
1,047
оқылды

Радикалды «Талибан» қозғалысының өкілдері 2021 жылы Ауғанстанда билікті басып алғалы бері 200-ден астам экс-шенеунік пен әскери қызметкерді соттан тыс өлім жазасына кескен, – деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

 

Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстанға көмек көрсету миссиясының (UNAMA) сайтында жарияланған баяндамасында айтылды.

«UNAMA Ауғанстанды тәліптер басып алғалы бері бұрынғы үкімет мүшелері мен Ауғанстан Қарулы күштері өкілдерінің сотсыз өлім жазасына кесілуіне қатысты кем дегенде 218 жағдайды ресми түрде тіркеді», – делінген құжатта.

Тергеу барысында миссия 2021 жылдың 15 тамызы мен 2023 жылдың 30 маусымы аралығында сотсыз жазалаудың «кем дегенде 800 жағдайын» ​​құжаттаған. Олардың қатарында бұрынғы үкімет пен қауіпсіздік күштеріне қатысы болған тұлғаларды негізсіз тұтқындау, қамауға алу, азаптау және қатыгездік көрсету эпизодтары бар.

UNAMA мәліметінше, мұндай қудалаулар «Талибанның» бұрынғы үкімет шенеуніктері мен әскери қызметкерлерге жариялаған «де-факто жалпы амнистиясына» қарамастан жиі болып тұрған.

Айта кетсек, 2021 жылдың көктемінде АҚШ Ауғанстаннан қарулы күштерін шығару туралы шешімін жариялағаннан кейін «Талибан» қозғалысы Ауғанстанға бақылау орнату үшін ауқымды операция бастады. 15 тамызда радикалдар Кабулға соғыссыз басып кіріп, 7 қыркүйекте заңдылығын әлі күнге дейін бірде-бір мемлекет мойындамаған уақытша үкіметтің құрамын жариялады.  

Фото: news.myseldon.com