Ғылым тілінде тасқа жазылған жазулар петроглиф деп аталады. Әлем ғалымдары оның пайда болу кезеңін соңғы палеолиттің кейінгі шағымен байланыстырады.
«Тас кітаптар» тас-талқан болу алдында тұр
1,511
оқылды

Петроглифтер – қазақ даласын­дағы өткен ғасырлардан сыр шер­тетін ең құнды жәдігерлердің бірі. Дегенмен ұзақ жылдар бойы табиғи апаттан немесе кісі қолынан жойы­лып бара жатқан мұраларымыздың жайсыз күйін ғалымдар мен белсенді азаматтар талай рет мәселе қылып көтерген болатын. Өн бойына сан ғасырлық сыр бүккен құндылық­тарымыздан айырылып қалуымыз мүмкін бе? Еліміз ғасырлар бойғы мәдениеттен сыр шертетін құнды жәдігерлерімізді қаншалықты сақтап, қорғай алып жүр? Мамандар сөйлесін... 

Жуырда мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Қазақстандағы бірегей археоло­гиялық, тарихи орын – Қаратау бөктеріндегі Сауысқандық шатқалында орналасқан еліміздегі ең көне петро­глифтерінің қазіргі аянышты күйін жеткізіп, мекенді қорғау жөнінде мәселе көтерді. 

«Бұл қасиетті орын Қазақстан аумағын­дағы көне өркениет орталықтарының бірі болған. Мұны ғалымдар дәлелдеген.  500 гектар аумақта 8-10 мың бейнелер (адам­дар, жануарлар, күймелер) тасқа қашалған. Кейбір қашалған суреттер қола дәуіріне – б.з.б. II мыңжылдыққа жатады. Өкінішке орай, бірегей тарихи жәдігер аянышты күйде. Бұл жерге 1 км жақын жерде вана­дий өндіретін кәсіпорын орналасқан және жұмыс істеу барысында жарылысты қол­данады. Тау жыныстарының құрылымы өте нәзік, табақшалы, кез келген сыртқы әсер петроглифтердің жойылуына алып келуде. Осы қарқынмен кете берсе, шұғыл қорғау шаралары қабылданбаса, 4 мың жыл та­рихы бар петроглифтерді 4-5 жылда жоғал­туы­мыз мүмкін. Аумақ қорғалмаған, қор­шалмаған, бақылау және есепке алу жоқ», – деп жазды депутат Facebook парақ­шасында. 

Осы ретте біз аталған мәселе бойынша Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Мәдениет комитетінің Тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы Жанат Сейдалиеваға сұрау салдық. Оның айтуынша, Сауысқандық шатқалындағы петроглифтер Қызылорда облысының Ескерт­кіштерді қорғау орталығы бақы­лауындағы орын екен. Ал жартастардағы мұраны сақтап қалу мақсатында Қызылор­да облысы әкімдігінің 2022 жылғы 27 шіл­дедегі №598 қаулысымен петроглифтердің қорғау аймақтары бекітіліпті. 

«Ескерткіш орналасқан аймақтың төрт жағына күзет аймақтары туралы ақпарат қамтылған және қорғау тақтасы орнатыл­ған. Ескерткіштің іргелес аумағында ва­надий өндіретін өндіріс орны жұмыс істейді. Ескерткіш пен өндіріс орны жақын орналасқан, алайда өндіріс аумағы ескерт­кіштің қорғау аймағынан тыс жерде. Мамандар өндірістің ескерткішке әсеріне бағалау жүргізіп,  теріс әсері тимейді деп анықтаған. Соны­мен қатар бұл ретте өн­дірістің мемлекет үшін экономикалық маңызы да ескерілген деп пайымдаймыз», – дейді басқарма басшысы.

Жалпы еліміздегі мәдени-тарихи мекен­дерді қорғау туралы мәселе көтерген жалғыз Мұрат Әбенов емес. 2021 жылы Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Алматы-Талдықорған бағытындағы мем­лекеттік маңызы бар жолдың бойындағы Арқарлы асуының қос қапталын алып жатқан жақпар тастардағы петроглифтерге қатысты мәселе көтеріп, сол кездегі Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдаған болатын.

«Малайсары қыраттарына ұласатын сол сілемдер тұнған тарих. Тастағы сурет­терге тіл бітсе, ең кемі 3000 жыл бұрынғы дәуірді көз алдыңызға әкеледі. Ресми орындардан көңіл бөлініп, қызығушылық болмаған соң өңірдегі белсенді азаматтар өздері бас біріктіріп, тарихи тастарды қорғау жөніндегі еріктілер тобын құруға мүдделі. Өйткені Алматы облысы Кербұлақ ауданы аумағындағы Малайсары петро­глиф­тері жойылудың аз-ақ алдында тұр. Тарихи суреттер бедерленген тастарды бизнестік бағытта өз мақсаттарына пай­далануда. Ал жергілікті билік, яғни Сары­бастау ауылдық округі аңғардағы кәсіп­орындар заңды түрде мемлекеттік актісін алып, салығын төлеп, жұмыс істеп жатқа­нын алға тартады. Яғни, асудағы шағын зауыт қиыршық тастар мен тақтатас өн­дірісімен айналысады. Жедел түрде тиісті шешімдер қабылданбаса, аз уақыттың ішінде тарихи жәдігерлердің күл-талқаны шығып, үгіліп, бабалар тарихы қиыршық тасқа айналады», – деген еді депутат сол жолдаған сауалында. Аталған мәселе бойынша да біз сауал жолдап, мәселе көтерген депутат  Жанарбек Әшімжанға хабарластық. Оның айтуынша, жолданған сауалы бойынша  мемлекеттік орган Мә­дениет министрлігіне, Алматы облыстық әкімдігіне тиісті деңгейде шаралар қабыл­дауға тапсырмалар берілген.  «Ол кезде Алматы облысы бөлінбей тұрған кез еді. Сол Алматы облысының мәдениет бас­қармасының жанынан және Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының жанынан комиссиялар құрылып, орын алып жатқан заңсыздықтарды көзбен көріп, сол жердегі құрылыс компания­сының іс-әрекеттеріне тоқтау салғызды. Оған үкімет тапсырмасына сәйкес сол өңірдегі әкімдіктер мен басқармалар да күш-қайрат көрсетті. Сонымен қатар Ә.Марғұлан атындағы Археология инсти­тутының шешіміне сәйкес сол жердегі ес­керткіштер мемлекеттік қорғауға алынды», – дейді ол. 

Ал  Алматы облысы жеріндегі Арқарлы петроглифтеріне қатысты мәселе жоқты­ғын алға тартқан ол бұл аймақта аталған петроглифтер мен өн­дірістердің аумақтары нақты белгіленген, бір-біріне нұқсан келтірмейтін жағдайда  дейді.

«Мәселен, сол аумақтарда орналасқан «Архарлы тас», «Жоламан щебень  заводы» атты ұйымдар Алматы облысы әкімдігінің 2006 жылғы  28 желтоқсандағы №123 (ка­дастрлық нөмірі № 03-260-034-395, 32,4 га) және 2013 жылғы 25 желтоқсандағы №417 (кадастрлық нөмірі № 03-260-034-566, 18,4 га) қаулыларына сәйкес көр­сетіл­ген жылдары бөлініп берілген аумақ­тарда жүргізіліп келген. Алайда осы жылдар ішін­­де аталған петроглифтерді зерттеп кел­ген атақты ғалымдар атал­ған өндірістердің петроглифтерге зиян кел­тіргені жайлы фактілер айтқан емес», – дейді ол.

Біз Әлкей Марғұлан атындағы Архео­логия институтының бас директоры Ақан Оңғарұлына хабарласып, жалпы еліміздегі петроглифтердің жай-күйі, олардың қор­ғалуы жөнінде сұрадық. Оның айтуынша, Сауысқандық шатқалындағы петроглиф­теріндегі жағдай соңғы он жылдан бері айтылып келе жатқан үлкен мәселелердің бірі ғана. 

«Сауысқандық шатқалындағы петро­глифтер соңғы 15 жылда табылған елі­міздегі ең үлкен тарихи маңызы зор ес­керткіштердің біріне жатады. Зейнолла Самашев, Мадияр Елеуов, Сағымбай Мұрғабаев сияқты ғалымдар бастаған ар­хеологиялық зерттеулер бұл петроглиф­тердің құндылығы жағынан Таңбалы петроглифтерінен еш кем еместігін дәлел­деді. Ғалымдар бұл петроглифтерді толы­ғымен зерттеп, сипаттап, ескерткіштерді құжаттап, әрқайсысын қорғау аймақтарын анықтады. Сонымен қатар облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекциясымен жұмыс істеп, сондағы компаниялар басшылығымен кездесіп, бұл ескерткіштердің құндылығы туралы айт­қан болатын. Ғалымдар тек ескерткіш­тердің маңыздылығы мен құндылығын айтып, құжаттарын дайындап береді, ары қарай қорғау мәселесін облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспек­циясы жүргізеді. Алайда облыстық инс­пекция бұл жағдайда осалдық танытып отыр. Кезінде Қырымбек Көшербаев әкім болып тұрған кезде облыс әкімдігінің жанында еліміздегі әр сала бойынша жинақталған ғалымдар тобынан  арнайы ғылыми-методикалық кеңес болған. Сол кеңесте бұл мәселелер толығымен көтеріл­ген болатын. Өкінішке орай, нәтиже жоқ. Бұл тек қана еліміздегі сан мыңдаған пе­тро­глиф­тердің бір көрінісі ғана. Осындай ерекше қорғауды қажет ететін бұдан да өзге тарихи мекендер жетерлік», – дейді инс­титут директоры. 

«Алтыннан қымбат мұраларымызға мән бермейміз»

Петроглифтерді ұзақ зерттеген археолог ғалым Зайнолла Самашевтың пікірін білмек болдық. Ғалым да бұл мәселеге жіті назар аудар­масақ, құнды тарихи мұралар­дан айыры­лып қалу қаупі жоғары екенін айтады. 

«Жалпы петроглифтер өзге архео­логиялық қазбаларға қарағанда анағұрлым айтары көп ескерткіштердің бірі. Біздің елімізде қай жерде алтын шықса соған ғана назар аударатын жағдайға жеттік. Ал алтыннан да қымбат ескерткіштеріміз құру қаупінде тұр. Петроглифтер – көпсалалы ескерткіштер қатарына жатады. Мұнда көнедегі адамдардың дүниетанымы да, тұрмыс-тіршілігі де, діни наным-сенімі де, мифтік оқиғалар да суреттеледі», – дейді ғалым. Сонымен қатар Зайнолла Самашев кезінде министрліктің қарауында болған бұл ескерткіштер бүгінде өңір-өңірдегі облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекциясы құрамына өтіп, оған сондағы әкімдер жауапты болып, ал әкімдіктер бұған немқұрайлылық танытып отыр дейді. Ғалымның айтуынша, Нор­вегия, Швеция секілді Скандинавия елдері мемлекеттегі әр ескерткішті мемлекет қазынасы деп санап, алтыннан артық қор­ғайды екен. Тіпті Франция мемлекетіндегі үңгір ішіндегі осындай петроглифтерді туристік мекенге айналдырып, келушілер­дің ауызынан бөлінген ауаның әсерінен петроглифтерге зақым тиюі мүмкін деп, ескерткіштердің жасанды көшірмесін жасап, туристерді сонда жібереді екен.

Ғалымның мына мысалынан кейін біздегі жағдайды бір сәт ойланып көрсек... Еуропалықтар петроглифтерді туристердің аузынан шығатын ауадан қорғап жүргенде біз қаншама мыңжылдық тарихы бар құн­ды ескерткіштерімізді құрылыс материал­дарына айналдырып, көне петроглифтерді вандалистердің сурет салып, есімін жаза­тын шимай парағына айналдырғанымыз өзегімізді өртейді. 

Қазақстан – «петроглифтер елі»

Алаш ақыны Сұлтанмахмұт Торай­ғыровтың әйгілі «Кесені қолыма алып қарай бердім, Ішінде нахақ көзден жас бар ма деп» деген өлең жолдарын барлығымыз жаттап өстік. Ал тарихшы, мифолог ғалым Зира Наурызбаева тақтатас пен құрылыс қиыршық тастарын көргенде, «бұл тас қай петроглифтен жасалды екен» деген «сыр­қатқа» шалдыққанын айтады. Себебі еріктілер құрамында көптеген жыл  петро­глифтерді зерттеп келе жатқан ғалым олар­дың  қазіргі аянышты күйін өз көзімен көріп, бұл салада орны толмас олқылықтар мен заңсыздықтар шаш етектен екенін айтып келеді. Айтуынша, мемлекеттік құзырлы мекемелер осы салаға гранттар мен қаржы бөлуде, оны қорғауға алуға немқұрайлық танытып отыр. «Біз «Петро­глифтерді аулаушылар» еріктілер қоға­мының үйлестірушісі, журналист Ольга Гумировамен бірге көптеген жерлерді араладық. Петроглифтердің тек елімізге ғана емес, әлемдік тарихқа берері өте көп. Еріктілер осындай тарихи ескерткіштерді есепке қойып, құжаттандырып, ғылым институтындағы археологтарға хабар береді. Бірақ археологтарға бұл қиынға соғады. Себебі петроглифтерді зерттеу бір орнында отырып зерттейтін сала емес. Жүру керек, тау-тастарды, жартастарды аралау керек. Әбігері көп. Көп археолог­тардың денсаулықтары, аяқтары шыдамай жатады. Еріктілер өз күштерімен демеу­шілер іздеп, өздері әрекет етуге мәжбүр. Мысалы кезінде танымал қазақстандық петроглиф іздеушісі Ерлан Жағыпаров бастаған арнайы құтқару тобы жұмыс істеді. Сол  Ерлан 2022 жылғы «Қаңтар оқи­ғасында» қаза тапты. Ағасының аруағы үшін, аяқталмай қалған ісін жалғастыру үшін соның бауыры Нұрлан еріктілерге өз қалтасынан қаражат беріп келеді. Ерлан Жағыпаровты еске алуға арналған халық­тық археологиялық экспедицияның қар­жысын сол көтерді. Оның өзі еріктілер­дің жол қаражаты мен бензин пұлына кетеді. Сондықтан мемлекет осындай ауқымды тарихи зерттеулерге қомақты қаражат бөлгені жөн», – дейді ол. Сонымен қатар Зира Наурызбаева  вандалистармен күреске бағытталған заңды күшейтіп, «қара археологиямен» ай­налысатын көмбе қазушылардың ісіне тексеріс керек деп есептейді.  Тиісінше, заңда тарихи мұраларды қорғауға алып, есепке тұрғызу мәселелері жеңілдетілгенін қалайды.

«Мәселен, Талдықорғанға өте жақын орналасқан, қаладан 30 шақырым жердегі Ешкіөлместе 15 мың петроглиф бар және 20 шақырым жерде қасиетті орын бар. Бұл құнды жәдігердің табылуына жергілікті мал бағушы Жанат Тұралбай мен талды­қорғандық белсенді турист Рафаэль Хизматуллин мұрындық болып, ұйымға хабарласқан. Өкініштісі, үлкен қалаға жақын болған соң, бұл петроглифтер де құруы мүмкін. Сол малшы Жанат Тұрлы­бай тарихи мекендер маңынан екі-үш джип көлігімен әлдебіреулердің келіп, жерден әлденелерді қазып алып жатқанын жиі көретінін айтады. Жақын барып сұ­раса, қолдарында қаруы бар олар малшыға дөрекі түрде дүрсе қоя береді екен. Мы­салы, осы «қара археологиямен» айналысу­шылар не алып, не тапқанын айтып, мем­лекетке есеп береді дегенге сену қиын. Тіпті, шет ел асып, сатылып жатпасына кім кепіл?! Осы ретте мемлекет қарауына алу үшін осындай тарихи мекендерді құжаттандыруды қиындатып тастаған. Мәселен, бір петроглифті құжаттандыру үшін екі-үш археологт барып, суретке түсіріп, оған анықтама беріп, оны хатқа түсіру керек. Ал ондай петроглифтер бір жердің өзінде мыңдап саналады. Бір рет солай археологтармен жүргенде олардың аяқтары шыдамай, шаршағанын көрдім, өзімнің де шалдыққанымды сездім. Осын­дай тарихи мекенді қорғауға алу үшін құ­жаттандыруды жеңілдетуге болады ғой. Осы ретте Ольга Гумированың қазақ дала­сында ерте замандардан бүгінге дейін жеткен небір құнды ескерткіштердің сақ­талуына мемлекеттің назарын аударуға, көптеген тарихи нысандардың құжаттан­дыру­ға зор үлесін қосып келе жатқанын айтар едім. Ольганың бір сөзі бар: «Мысыр – «пирамида елі» болса, Қазақстан – «пе­троглифтер елі» деген. Шет елде жоқтан бар жасаса, бізде барымызды ұқсата алмай отырмыз», – дейді ол. 

Вандализм құрбанына айналып барады

Ел аумағында ежелгі үңгір суреттерінің қанша шоғыры бар екені нақты белгісіз. Археологтар 1000-ға жуық орынды си­паттап, тіркеген. Ғаламторда шамамен 3 мың деген ақпарат шығады. Бірақ іс жү­зінде олар тек үш жерде қорғалған. Бұл Таңбалы ЮНЕСКО мұражай-қорығы, Ақсу-Жабағылы ұлттық паркі, Алтын Емел ұлттық саябағындағы Тайғақ қасиетті орны. Бары – осы. Ал қалған тарихи мекен­дерді қорғауға алу туралы жыл сайын белсенділер­дің жанайқайы естіліп жатады. Өнердің көне ескерткіштері Қазақстанның барлық аймақтарында, әсіресе, Жетісу, Баянауыл, Қарқаралы, Маңғыстау, Қара­тау, Шыңғыс­тау, Іле Алатауы, Тарбағатай, Алтай таула­рында жиі кездеседі. Осының ішінде ғаламторда жиі көтерілген мәселелерге қысқаша тоқ­талсақ...

Шығыс Қазақстан облысына қарасты Күршім ауданы Маралды өңіріндегі Алтай тауларында көне ескерткіштер құрып кетудің сәл ғана алдында дейді белсенділер. Сонымен қатар Отар әскери полигоны маңындағы Аққайнар петроглифтеріне қауіп төніп тұр екен. Петроглифтер бетіне  әскерилер  жазу жазып, бүлдіргені де айтылады.

Сондай-ақ Бәйдібек ауданындағы Боралдай өзенінің жағасында қола дәуіріне жататын көне ескерткіш – петроглифтер бүгінде вандализмнің құрбанына айналған екен. Тарихи ескерткіштен 200 метр арыда «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңір­лік табиғи паркінің аумағы орналасқан. Олар да бұл ескерткіштерді парктің қор­ғауына алу керектігін айтып, дабыл қағуда. Алайда нәтижесіз. Себебі ол жерлер... біреудің жекеменшігінде екен.

Сонымен қатар Қаратау тауынан 20 км қашықтықта орналасқан Арпаөзен петро­глиф­тері, Шолаққорған, Сауысқандық шо­ғырлары да, Тараз маңындағы Қарасай петроглифтері де өте ерекше бірегей жәді­гер. Алайда олар қорғалмағандықтан, үкі­мет тарапынан түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмейтіндіктен жергілікті халық тастарды тасып әкетіп жатқан көрінеді.

Иә, петроглифтерді вандалдардан аман сақтап қалу мүмкін болмай отыр. Келген туристер арттарынан із қалдыру үшін өз есімдерін, өзге де жазбаларды немесе адам суреттерін тарихи тастардың бетіне қашап салып кетеді екен. Осы ретте белсенділер мә­дени мұраны сақтау үшін арнайы қор­ғалған аумақтар – археопарктер, ұлттық парктер, мемлекеттік және жеке қорықтар құрылу керек деп санайды. 

 

Түйін: 

Петроглифтер мұрасы жағынан Қа­зақстанға тең келер ел жоқ деуге де болады.  Көне заман суретшілерінің ашық аспан астында галереялар жасауы шынын­да да керемет. Бұл ескерткіштер, ата-бабалары­мыздың бізге қалдырған мұрасы – көне заман жайында дерек беретін жәдігерлер. Кезінде Карл Бай­пақов петроглифтерді «тас кітаптар» деп атаған болатын. Ен­деше, осындай көне заман «тас кітаптарын» мем­лекет ванади мен ван­далидардан қыз­ғыштай қорғамаса, та­рихымыз табан асты болып, көз ал­дымызда жойылуға шақ тұр. Ғалымдар нақты әрекеттер атқарыл­маса, таяу жылдары Қазақстан жартас өнерінің 25 пайызын мүлдем жоғалтып алуы бек мүмкін дейді. 

Наурызбек САРША