Жаһандағы геосаяси ахуал құ­былған сайын елдің қорғаныс қа­білетін жақсарту өзекті бола түсетіні жасырын емес. Армияның техни­калық тұрғыда жарақтандырылуынан бастап, әр сарбаздың әлеуметтік жағ­дайы, ата-анасының алаңсыз болуына дейін назарда ұстамақ ке­рек.
Аумақтық қорғаныс мәселелерінде шетел тәжірибесін мұқият зерделейміз – Серік Борамбаев
3,718
оқылды

Одан бөлек, әр аймақта аумақ­тық қорғаныс жүйесін жетілдіру мә­селесі тағы бар. Әлемнің көптеген елінің тәжірибесі мен Украинадағы соғыс аумақтық қорғаныс күштерінің рөлі зор екенін көрсетті. Бәлкім, содан да шығар, мемлекет аумақтық қор­ғанысты жетілдіру, оның құры­лым­­дарын қаржыландыру мен са­пасын жақсарту бағытындағы жұ­мыстарға бел шеше кіріскен сыңай­лы. Қорғаныс министрлігі «Қазақстан Республикасының аумақтық қорға­нысы туралы» жаңа заң жобасын әзірлеуді бастады. Бұйыртса, жаңа заң аумақтық қорғаныс жүйесіндегі азды-көпті мәселелерді түбегейлі шешуі мүмкін. Дегенмен оны уақыт көрсете жатар. Ал біз аумақтық қор­ға­ныс саласындағы мәселелер жөнін­де Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары – Аумақтық қорғаныс департа­мен­тінің бастығы, генерал-майор Серік Борамбаевқа бірер сұрақ қойып, сұхбаттасқан едік. 

– Серік Жақсығалиұлы, «аумақтық қорғаныс әскерлері» – еліміздің қорғаныс жүйесінде өзіндік орны бар құрылым. Бірақ аумақтық қорғаныс күштерін ұйым­дас­тыруды, қаржыландыруды, қызметкерлердің әлеуметтік мәселелерін шешуді реттейтін арнайы заң жоқ. Бұл олқылықтың орны қашан толады?

– Дәл қазір Қорғаныс министрлігі ор­талық мемлекеттік және жергілікті ат­қарушы органдармен бірлесіп, «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» және «Аумақтық қорғаныс мәсе­лелері бойынша Қазақстан Республика­сының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заңдардың жобаларын әзірлеу жұ­мыстарын жүргізуде. Бұл заңдар аумақтық қорғаныс саласындағы қоғамдық қатынас­тарды реттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар заңға тәуелді актілерді дайындау жұмыстары да қатар жүріп жатыр.

– Күні бүгінге дейін аумақтық қорғаныс әскерлерін қаржыландыру қалдық прин­ципіне негізделгендей көрінеді. Мәселен, жергілікті бюджеттерден аумақтық әскер­лерге 2022 жылы 384 млн теңге ғана бөлінген. Шындап келсе, мұндай сома еліміздегі барлық аумақтық әскер бөлімшелеріне емес, бір ғана толыққанды әскери құрылымға бөлінсе де артықтық етпес еді. Жағдай неге бұлай қалыптасты деп ойлайсыз? 

– Аумақтық қорғаныс біз үшін жаңа бағыт. Жоғарыда айтып өткенімдей, біз аумақтық қорғаныс саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін заң жобаларын әзірлеп жатырмыз.

Бұдан бөлек, Президенттің Сайлауалды бағдарламасы бойынша Жол картасын жүзеге асыру шеңберінде Премьер-Ми­нистр бекіткен 2024-2028 жылдарға ар­налған аумақтық қорғанысты дамытудың кешенді жоспары әзірленіп жатқанын айта кету керек.

Қорғаныс министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар аумақтық қорғаныс күштерін қаржыландыру үшін жергілікті бюджеттен ақшалай қаражат бөлу мәселесі бойынша да келісімге келді.

– Елімізде аумақтық қорғаныс әскер­лерінің 20 бөлімшесі орналасқанын білеміз. Төтенше жағдай немесе соғыс режимі жарияланса, бұл бөлімшелердің құрамы резервтегі азаматтармен толықтырылуы керек. Ал резервтегілер даярлығы қанша­лықты деңгейде?

– Резервте тұрған Қазақстан азаматтары бұдан бұрын мамандықтары бойынша дайындықтан өткен және Қарулы Күштер қатарында қызмет еткен уақытта бөлімше­лердің құрамында үйлестіруден өткен. Резервтегі азаматтардың дайындық деңгейі Қазақстан Қарулы Күштерінде қызмет өткерген немесе Әскери-техникалық мек­тепті аяқтаған мамандардың дайындық деңгейіне сай келеді.

Жергілікті атқарушы органдардың жос­парына сәйкес Қорғаныс министрлі­гінің келісімімен әрбір бригадада кемінде жылына екі рет тіркелген құрамның жиын­дарын өткізіп тұрады. 

– Аумақтық қорғаныс әскері брига­далары келісімшарт бойынша жұмыс істейтін қызметшілерінің еңбекақысы елдегі орташа жалақыдан 3 есе аз. Мұны қалай реттейміз? «Өз армияңнан аясаң, өзгенің әскерін асырайсың» дейтін тәмсіл болушы еді...

– Аумақтық қорғаныс бригадалары әскери қызметшілерінің ақшалай үлесі тиісті лауазымдардағы Қазақстан Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің ақшалай үлесіне сәйкес келеді.

Одан басқа, әлеуметтік пакет бар, оған: қызмет өткеру қағидаларында белгіленген мерзімдерде зейнеткерлікке шығу (қатар­дағы жауынгерден бастап подполковникке дейінгі келісімшарт бойынша әскери қызметшілер 47 жаста, полковникке дейін 55 жаста); екі лауазымдық жалақы көле­мінде сауықтыруға арналған жыл сайынғы бірреттік жәрдемақы; тұрғын үйді жалға алғаны үшін ақшалай өтемақы төлеу; белгіленген қамтамасыз ету нормалары бойынша киім-кешекпен қамтамасыз ету; жауынгерлік даярлық бойынша сабақтар өткізген, нарядта қызмет атқарған кезде және өзге де жағдайларда азық-түлікпен қамтамасыз ету; тегін медициналық қам­тамасыз ету; өмірін және денсаулығын міндетті мемлекеттік сақтандыру; кәсіби-техникалық, орта арнайы және жоғары білім мекемелерінде білім алу мүмкіндігі; кейбір салық түрлерінен (табыс, әлеуметтік салықтар) толық босатылу; медициналық көрсеткіші бар әскери қызметшілер үшін Қорғаныс министрлігі есебінен сана­торлық-курорттық ем және басқа да көптеген жеңілдік кіреді.

– Аумақтық қорғаныс әскерлерінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі де төмен. Бұл олқылыққа кім кінәлі? Жер­гілікті атқарушы органдардың бас­шылары аумақтық қорғаныс әскерлерінің маңызын дұрыс түсінді ме? Әкімдер мен мәслихаттағы азаматтар бұл құрылым­дардың маңызын түсінсе дұрыс қаржы бөлуі керек еді ғой.

– Аумақтық қорғаныс бригадаларын материалдық-техникалық қамтамасыз етуді қару-жарақ, әскери техника және арнайы құралдар бойынша Қорғаныс министрлігі, ал басқа да материалдық құралдардың қорлары бойынша жергілікті бюджет есебінен жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. Барлығы туралы айта алмаймыз, бірақ бұл мәселе шешілді деп айта аламын.

– «Аумақтық қорғаныс әскері брига­дасы» деп ауыз толтырып айтып отырмыз. Бірақ олар толыққанды бригада деңгейіне жеткен жоқ. Бейбіт күнде оларды бригада деңгейіне жеткізіп, резервтегілердің жат­тығуларын жиі өткізіп тұрған жөн сияқты. Қалай ойлайсыз? 

– Аумақтық қорғаныс бригадасы жабық сипаттағы құжаттармен айқын­далған оларға қойылған міндеттерді есеп­ке ала отырып әзірленген штаттар бо­йынша ұсталады. Тиісінше, басқа мін­деттерді орындау үшін арналған брига­даларға сай келуі керек деген дұрыс емес. Біз аумақтық қорғаныс мәселе­ле­рінде шет мемлекеттер­дің тәжірибесін мұқият зер­делейміз және оны отандық шартта­ры­мызды есепке ала отырып, Қарулы Күштерге ендіреміз.

– Аумақтық қорғаныс әскерлері бө­лім­шелері құрылған 2017 жылдан бері аумақ­тық қорғанысты ұйымдастыру бойынша 2 рет оқу-әдістемелік жиын өтті. Аз емес пе?

– Иә, дұрыс айтасыз. Оқу-әдістемелік жиындар 2022 және 2023 жылдары екі рет өткізілді. Оған әкімдердің әскери қауіп­сіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшілері, өңірлік қолбасшылар, аумақтық әскер бөлімінің басшылары және аумақтық қорғаныс бригадаларының командирлері тартылды. 

Алайда оқу-әдістемелік жиындардан бөлек жыл сайын біліктілігін арттыру курс­тары, аумақтық қорғаныс брига­даларының бөлімшелерін тарта отырып, шартты әс­кер­лердің қатысуымен оқу-жаттығулар, жер­гілікті атқарушы ор­гандардың жос­парлары бойынша жиындар да өткізіледі. Бү­гінде іс жүзінде Қарулы Күштерде бар­лық оқу-жаттығу аумақтық қорғаныс бри­га­даларының басқармалары мен бөлімше­лерінің қатысуымен өткізіліп тұрады. Аумақтық әскерлердің жауын­герлік даяр­лық шаралары бұқаралық ақпарат құ­ралдарында тұрақты негізде жарияланып тұрады.

– Қазақстанның аумақтық қорғаныс күштерін жасақтау барысында көптеген елдің тәжірибесі ескерілгенін білеміз. Әсіресе, Украина тәжірибесіне назар ау­дарған дұрыс деген ойдамыз. Келісесіз бе?

– Шет мемлекеттердің тәжірибесін мұқият зерделейміз.

– «Қаңтар оқиғасы» кезінде кейбір елді мекен тұрғындары өз ауылын қорғау үшін жасақ құрды. Халықтың осындай баста­маларын құқықтық тұрғыда реттеп, аумақ­тық қорғаныс жүйесінің құрамдас бөлшегіне айналдыруға бола ма?

– «Қазақстан Республикасының ау­мақ­тық қорғанысы туралы» заңның жобасында еріктілер және өзін-өзі қорғау құралымдары туралы нормалар көзделген.

– Елдің қауіпсіздігіне әскерилер ғана жауапты сияқты көрінетін қоғамда өмір сүреміз. Аумақтық қорғаныс жүйесін жетілдіру үшін қатардағы азамат не істеуі керек? Демеушілік жасау, еріктілер, әскери-патриоттық клубтар, түрлі қоғамдық қоз­ғалыс арқылы қолдау көрсету жағын ұйым­дастыра аламыз ба?

– Қазақстан Республикасы Конс­титу­циясының 36-бабына сәйкес «Қазақ­стан Республикасын қорғау – оның әрбір аза­ма­тының қасиетті парызы және міндеті».

Қазақстан Республикасының азаматы ең алдымен өзінің Отанын сүюге және патриот болуға тиіс. Азаматтар әскери-па­триоттық және өзге де қоғамдық қозғалыс­тарға қа­ты­сады, әрі тиімді жұмыс істеп жатыр. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Ардақ СҰЛТАН