Жамбыл облысында жыл басынан бері 2 333 адам итке таланса, оның 1 108-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Ал күні кеше Қаратау қала­сында 7 жасар ба­ланың бетін ит жұлмалап тастауы талайдың төбе ша­шын тік тұрғызды.
Қаңғыбас иттен қауіп көп
1,225
оқылды

Мұндай жағдайларға кім кінәлі? Итті қарғы­баусыз жіберген тұрғындар ма? Әл­де қаңғыбас иттердің санын азай­та алмай жатқан құзырлы органдар ма?

Ең әуелі Қаратау қаласындағы оқиғаға те­­реңірек үңілсек, 7 жасар баланы ит талап, бет-аузын, екі аяғын қатты жарақаттаған. Ба­­ла ауруханаға ес-түссіз күйде жеткізілген. Абы­р­ой болғанда, дәрігерлер дер кезінде кө­мек көрсетіп, балғынды ажалдан араша­лап қалды. 

«Есін жоғалтқан күйде ауруханаға шұ­ғыл жеткізілген баладан оң жақ бет ай­ма­ғы­ның ауқымды тістелген және екі ая­ғы­ның көптеген ашық жарасы анықталып,  көп қан кеткендігі белгілі болды. Уақыт күт­тірмей, аудандық аурухананың бас дә­рі­герінің емдеу-алдын алу ісі бойынша орын­басары Мұратқали Отыншиев баста­ған дәрігерлер тобы шұғыл түрде ота жа­сау­ға кірісіп, ашылып кеткен еттің бетін тік­ті. Отадан басқа, науқасқа құтыруға қар­сы вакцина егіліп, антибиотикалық ем қол­ға алынды. Ота сәтті өтті. Қазір науқас жан­сақтау бөлімінен  хирургия бөліміне ауыс­тырылған. Жағдайы бірқалыпты жақ­са­рып келеді. Хирургия бөлімінде әрі қа­рай тиісті ем-домын қабылдауда. Баламен ау­дандық аурухананың психолог ма­ман­дары жұмыс істеп жатыр», – деген  ақпарат берді облыстық Денсаулық сақтау басқар­ма­сының мамандары. 

Кейіннен белгілі болғаны, кәмелеттік жас­қа толмаған бала үй ауласында бай­ла­нып тұрған иттің қасына барып, ойнамақ бол­ған көрінеді. «Сол кезде оны ит талаған» де­ген қорытындыны Талас аудандық по­ли­ция бөлімінің қызметкерлері шығарды. Сол себепті баланың ата-анасына әкім­ші­лік құқықбұзушылық бойынша хаттама тол­тырылып, айыппұл салынған.   

Жарайды, бұл жағдайда баланы ата-ана­сы қараусыз қалдырды делік. Алайда Шу ауданында жуырда болған жағдай бүкіл об­лысты шулатты. «Тоғай» ықшамау­да­нын­да  кәмелеттік жасқа толмаған қыз ба­ла­ны қаңғыбас иттер талап, жасөспірім ауыр жарақатпен ауруханаға  түсті. Қан­сы­ра­ған қызды оқиға орнынан алып кетіп ба­ра жатқандағы түсірілген видео талайдың ет жүрегін сыздатты. Дене жарақатынан ыңыр­сыған қыздың үні көргендердің көзі­не жас үйірткені де рас. Кейін белгілі бол­ға­ны көшеде кетіп бара жатқан жасөс­пі­рім­ге бір топ ит шабуыл жасап, жабылып та­­­­лаған екен. Бұл оқиғадан кейін Шу ау­данына облыстан арнайы ветеринария са­ласының мамандары барып, рейдтік ша­ралар жүргізді. Алайда аудан тұр­ғын­дарының айтуынша, әлі де елді мекендерде адам­дарға иттердің шабуылдауы болып тұрады екен.  

Биыл сегіз айда 2 333 адамды ит қабу де­регі тіркелсе, айына 291 адам төрт аяқты ма­құлықтардан жапа шегіп жатыр деген сөз. Ал ит қапқан 1 108 жасөспірімді зер­де­­ге салсақ, онда айына 138 бала итке та­лану­­да. Бұл – әрине, алаңдайтын көр­сет­кіш. Егер айына таланып жатқан 138 ба­ла­ны тағы 30 күнге шағатын болсақ, онда күн­делікті кемі төрт бала қаңғыбас иттердің құр­банына айналып жатқанына көз жет­кізуге болады. 

Санаға салмақ салған мұндай қор­қы­ныш­ты сандарды алға тартып, адамдарды ит талау фактілерінің алдын алу бағытында қан­дай жұмыстар атқарылып жатқанын біл­мек мақсатта облыстық ветеринария бас­қармасына қайырылдық.   

– «Қазақстан Республикасының 2002 жыл­ғы 10 шілдедегі «Ветеринария туралы» Заңы­ның 10-бабына сәйкес жергілікті ат­қарушы органдарға жануарларды аулауды, уа­қытша ұстауды және жансыздандыруды ұйымдастыру  функциясы берілген, оны об­лыстың жергілікті атқарушы органдары құрған ветеринариялық ұйымдар мем­ле­кеттік сатып алу туралы заңнамаларға сәй­­­кес келісімшарт бойынша орындауда.

 «Жануарларға жауапкершілікпен қарау ту­ралы» Заңның талаптарына сәйкес, қаң­ғы­бас иттерді аулау гумандық әдістерді, атап айтқанда, құрық және торларды қол­дана отырып  жүргізілуде. Ауланған жан­уар­лар қала және аудан әкімдігі тарапынан жал­ға алынған, уақытша ұстау орын­дарын­да ұсталуда. 

Барлық аудандарда 2023 жылға пана­жай­лар құрылысын жүргізуге жер телімдері бө­лінді. Қазіргі уақытта Мойынқұм, Жуа­лы, Байзақ, Жамбыл аудандарында уақыт­ша ұстау орнындары салынып, құжаттары рәсімделуде.

Қала және аудандық ветеринариялық стан­цияларының қаңғыбас иттер мен мы­сықтарды аулау бригадалары халықтан ке­ліп түскен сұраныс және «Жамбыл 109» дис­петчерлік орталығына түскен өтініштер бойын­ша қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жүргізуде. Жыл басынан «Жамбыл 109» диспетчерлік орталығына 3395 өтініш тү­сіп, оның 3124 өтініші орындалып, қаң­ғы­бас иттер мен мысықтарды аулау жұмыс­тары жүргізілді. Биыл барлығы 17939 қаң­­ғы­бас ит ауланды», – дейді Ветери­на­рия басқармасының мамандары. 

Биылға жергілікті бюджеттен қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды уа­қыт­ша ұстауға, егу және зарарсыз­дан­дыруға қара­жат бөлініп, 325 итке стерилизация жә­не кастрация жасалыпты. 392 ит  «Таңба»  ба­засына енгізіліп, 270 ит табиғи мекендеу ор­тасына жіберілген. 

Тағы бір айта кетерлігі, еліміздің «Жа­нуар­ларға жауапкершілікпен қарау туралы»  Заңының 11-бабына сәйкес, биыл үй жа­н­уар­ларын есепке алу жұмыстары міндетті шара түрінде жүргізілуде. Чиптер, болюс­тер немесе басқа сәйкестендіру бұйымдары ор­натылғаннан кейін жануар туралы мәлі­мет­тер «Kezekte.kz» порталы арқылы «Таң­ба» ақпараттық жүйесіне тегін енгізіледі. ЭЦҚ-кілт арқылы тіркеу  жеке және заңды тұлғаларға шектеусіз қолжетімді.  

Қолданыстағы нормативтік-құқықтық ак­тілерге сәйкес, жануардың иесі иелі­гін­дегі жануарларын ветеринариялық-са­ни­тария­лық, гигиеналық талаптарды сақтай оты­рып, асырауға және ұстауға, есепке алу­ға, уақытылы вакцинация жасатуға, жан­уа­рына жауапкершілікпен қарауға жә­не қатыгездік көрсетпеуге, басқа адамдар мен жануарлардың өміріне немесе сау­лығына қауіп төндірмеу үшін қауіпсіздік шара­ларын қабылдауға, қоршаған орта­ның, қо­ғам­дық орындардың лас­тануына жол бер­меуге және тұқым алу қажет болмаса өз қаражатынан үй жануар­ларына кастрация немесе стери­лизация жасатуға міндеттел­ген.

 Жануарларға жауапсыздықпен қарап не­месе қатыгездік көрсетілген жағдайларда ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық Кодек­сі­нің» 407-1 бабына сәйкес, қылмыстық бел­гілері болмаса жеке тұлғаларға 5, лауа­зым­ды тұлғаларға 10 айлық есептік көрсет­кіш мөлшерінде айыппұл белгіленген.   Бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл екі есеге ұлғайтылады.

Мамандар міндетті тіркеу шаралары үй жануарларын бақылауда ұстауға мүмкіндік тудыратындығына сенімді. Әрі бұл иттер­дің иелерінің де жауапкершілігін арттыра­тын­дығына үмітті. Бірақ мұндай заңнама­лық нормалардан әзірге нәтиже шықпай жатқанын  статистика көрсетіп тұр. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы