Жетісу облысы спортының даңқы әр кезде де биікте бо­латын. Қа­зіргі Алматы және Жетісу облыстары бір әкім­шілік басқару аймағы ретінде еліміздегі ең ірі облыстардың бірі бо­лып тұр­ған жылдары ел намысын қорғайтын ұлттық құрамалардағы үлесіміз де үлкен еді.
Жетісу спорты жерге қаратпай тұр
876
оқылды

Олимпиадалар мен әлем чемпионаттарында, құр­лықтық, ха­лықаралық додаларда топ жарған дүлдүлдерімізбен жиі мақтана­тын­быз. Шеберліктері шыңдалған балуандарымыз, бок­с­шы­лары­мыз, велошабандоздарымыз және басқа да спорт саң­лақ­тары ел намысын қолдан бермейтін.

Осынау жылдар бойы қалып­тас­қан жемісті де жеңісті қар­қыннан Жетісу жеке облыс болған бір жылдан астам уақытта да тайған жоқ. Аймақтың ұйымшыл спорт­шы­лары жыл басынан бері өздері қа­тыс­қан халықаралық және республи­ка­лық жарыстарда барлығы 1 380 ме­даль, яғни 495 алтын, 435 күміс, 450 қо­ла медаль жеңіп алыпты. Әлемдік, құр­лықтық бәсекелерде топ жар­ған­дар қатарында да жетісулық жүй­рік­тердің көптеп саналатындығы көңіл қуан­тады. Сондай жеңімпаздар қата­рын­да жақында ғана 17-19 тамыз күн­дері Йорданияның Амман қа­ласында грек-рим күресінен өткен Әлем чемпионатында алтын медаль тақ­қан Исхар Құрбаев та бар екенін айта кеткен жөн. 

Облыста спорттың команда­лық түрлері де дамуда. Жетісу во­лейболшы қыздарының қарқыны әлі тамаша, жетістігі жоғары. Фут­бол­­­­шыларымыз да мүмкіндігінше жер­лестерін жерге қаратпауға күш салу­да. Кез келген спорт түрінен же­тіс­тікке жету үшін жергілікті жер­лер­дегі спорттан дарынды балаларды із­­деп тауып, баулу қажет екені айт­па­са да түсінікті. Соған сай облыс ау­­­дандары мен қалаларында заманауи спорт кешендері көптеп ашылып жат­қаны, бұл бағытта мемлекет тара­пы­нан үлкен істер қолға алынып отыр­ғаны қуантады. Сонымен бірге же­тісулық жомарт азаматтар да жер­лес­терінің салауатты өмір салтын ұста­нып, спортты серік етуіне шама­лары жеткенше жағдай жасап, қам­қор­лық пен қолдау танытып, ста­дион­дар мен спорт кешендерін тарту етуде. Осындай игі істерге қарап оты­рып, Жетісу спортының жеңісті күн­дері әлі алда дегің келеді. 

Күні кеше Талдықорғандағы Салтанат сарайында Спорт кү­ніне орай өткізілген салтанатты жиын­да жетісулық жеңімпаз спорт­шы­лар мен олардың жаттықтыру­шы­лары марапатталды. Өмірлік мұраты ре­тінде спорт саласын таңдағандар­дың ел намысын қорғаудағы абы­рой­лы қадамдары көпшілік алдында паш еті­ліп, еңбектері бағаланды. Атап айт­­қанда, Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Құрметті спорт қызметкері» төс­белгілері, сол сияқты аталған ми­нистрліктің, Жетісу облысы әкімінің, об­лыстық мәслихаттың Құрмет гра­мо­талары мен Алғыс хаттары және бас­қа да ұйымдардың марапаттары ең мықты спортшылар мен олардың осын­дай жетістіктерге жеткізген бі­лік­­ті жаттықтырушыларға тапсырыл­ды. 

Спортшыларды кәсіби ме­ре­кемен облыстық дене шы­нық­тыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл құттықтады. Оның айтуынша, биыл Әлем және Азия чемпионаттарында облыс спортшылары үлкен жетістіктерге жеткен. Олардың қатарында вело­спорттан Әлем чемпионы атанған Евгений Федоров, ауыр атлетикадан Азия чемпионының күміс жүлдегері Карина Горичева, қола медальға ие болған Андас Самарқанов, Азия чем­пионатында жеңіл атлетикадан күміс жүлде алған Айана Болатбекқызы, грек-рим күресінен жеңімпаз атанған Диас Қален, велоспорттан Азия чем­пионатының чемпиондары Игорь Чжан, Екатерина Удовыкина, Евге­ния Заам, күні кеше Йордания елінде өт­кен жастар арасындағы Әлем чем­пионатында грек-рим күресінен топ Исхар Құрбаев және басқа да саңлақ спортшылар бар. 

Алайда жетістіктерге тоқмейіл­си­тін уақыт жоқ. Жетісу спортшыларын келер жылы Париж қаласында өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойын­дары­на лицензиялар ұтып алу міндеті кү­тіп тұр. Жолдамасыз қалмаймыз д­е­ген үкілі үміт үлкен. Спорт мере­ке­сіне орай өз ойларын ортаға салып, ті­лектерін білдірген сала ардагерлері мен спортшылар да жеңісті күндердің жал­ғасатындығына сенімдерін біл­дірді. 

Жалпы қазіргі уақытта облыс­та 819 дене шынықтыру және спорт ұжымы және 1 715 бірлік спорт­тық құрылымдар бар. Оларда 262 568 адам спортпен шұғылданады. Бұл көрсеткіш облыс халқының 37,6 пайы­зын қамтиды. Жыл басынан бері 15 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 85 спорт шебері, 586 спорт ше­­­­беріне кандидат және 202 бірінші разрядты спортшы дайындалыпты. 2023 жылы облыста дене шынықтыру және спортты дамытуға бюджеттен 20,5 млрд теңге бөлінген.

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы