Атырауда «Ұлттық қыздар мектебі» жабылды.
«Хиджап киеді» – Атырауда «Ұлттық қыздар мектебі» жабылды
5,018
оқылды

Былтыр бұл жекеменшік білім ошағы оқушы қыздарға салафиттік бағытта тәлім беріп жатыр деп өңірде дау туған еді. Бұл туралы Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ауданаралық экономикалық сот жыл бойы оқушыларға лицензиясыз білім беріп келген мектептің жұмысын тоқтатқан. 

Былтыр 100-ден астам бойжеткенді қабылдаған бұл жекеменшік оқу орнының жұмысына атыраулықтар күмәнмен қарап, әлеуметтік желіге бейнежазбалар таратты. Онда олар бұл мектепте оқитын қыз балалар түгелдей хиджабпен келетінін айтқан. Кейін ол қоғамдық резонанс туғызды. Мектеп басшылары мұны жоққа шығарып, «мекеме қазақы салт-дәстүрді ұстанады, балалар ұлттық киімдермен келеді» деп ақталды. 

Бірақ жекеменшік мектепті ашқан кәсіпкерлер білім беру қызметін көрсету үшін лицензия алмай, жұмысын бастап кеткен. Заңдылыққа сай олар алты ай ішінде рұқсат алуы тиіс екен. Алайда жыл бойы лицензиясыз білім беріп, оқу жылын аяқтапты. 

Осылайша, Білім  беру сапасын бақылау департаменті заңдылықтарды бұзған кәсіпкерді сотқа берген. 

Атырау облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бердібек Тайышов: «Өткен жылы мәселе анықталғаннан кейін бірнеше рет тексеру жүргізілді. Атырау облысы әкімшілігі сот арқылы екі рет айыппұл салынды. Сонымен қатар бұл мектеп лицензия алуға өтініш білдірген. Алайда олардың біліктілік талаптары лицензия алуға сәйкес келмеді. Сондықтан бұл мекеме лицензиясын алмады. Біз экономикалық мамандандырылған сотқа бердік. Соттың шешіміне сәйкес қызметі тоқтатылды», – деді.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Оқушылардың мектепке хиджап кию мәселесіне қатысты пікір білдірген болатын.

Фото: opennews.kz