«Қазақстан халқына» қоғамдық қорына «Самұрық-Қазына» қорының 2022 жылғы табысынан 66,6 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
«Самұрық Қазына» «Қазақстан халқына» 66,6 миллиард теңге бөледі
2,303
оқылды

Президент Қ.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, Жаңа Қазақстанның сипатына сай келетін маңызды бастамалардың бірі – «Самұрық-Қазына» қорының жыл сайынғы таза табысының кемінде 7%-ын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аудару.

«Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заңға тиісті өзгерістер енгізілді.

Осылайша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, қорға 66,6 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды.

Қор мәліметінше,  бүгінде  медицина, білім беру, спорт, әлеуметтік қолдауды қоса алғанда, 6 бағытта 35-тен астам қайырымдылық бағдарламасы іске асырылуда.

Ауыр, өмірге қауіп төндіретін және орфандық аурулары бар 324 қазақстандық жалпы сомасы 24,9 млрд теңгеден астам қымбат дәрілік препараттармен қамтамасыз етілген. 20 пациент жалпы сомасы 585,1 млн теңгеге шетелде ем алды. 4 өңірде 4 Ерте араласу орталығы ашылды.

Алдағы оқу жылына халықтың әлеуметтік осал санаттарынан шыққан студенттерге 850 білім беру гранты бөлінді. 17 өңірде материалдық-техникалық базасы толық жаңартылған 17 ауылдық тірек мектебі құрылды. 17 облыста тағы 63 мектеп бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

Ауылдық жерлерде 24 спортзалы ашылды, 15 мыңнан астам баланы қамтитын тағы 76 зал ашу жоспарланып отыр. Өңірлерде жылдам құрастырмалы модульді спортзалдарын орнату жоспарланған.

96 бала мен жасөспірім инновациялық протезбен қамтамасыз етілді. Оған 931,9 млн теңге жұмсалды. 10 пара-спортшыға спорттық-жүгіру протездері жасалды. Елде алғаш рет пара-спортшыларға арналған жүгіру мектебі ашылды. Аутизм және басқа да психикалық ауытқулары бар балаларға арналған 4 орталық ашылды.

Ұлттық әл-ауқат қорынан аударылатын қаражатты есептемегенде, тек қайырымдылық жарнасы 156 млрд теңге болды.