Есептік кезеңде облыстың шалғай елді мекендерінде 64 мобильді қоғамдық қабылдау өткізіліп, 891 азаматтың мәселесі қаралған.
«AMANAT-та» атқарылған ауқымды жұмыстар аз емес
631
оқылды

«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ХХХІІ есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Басқосуға «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев пен 266 бастауыш партия ұйымы біріктірген, барлығы 53,6 мың партия мүшесінің атынан 200 делегат қатысты.

Алғашқы болып сөз алған «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов партия облыстық филиалы Саяси Кеңесінің соңғы екі жылда атқарған жұмыстарына кеңінен тоқталды. 

– Партияның «Өзгерістер жол: Әр азаматқа лайықты өмір» Сайлауалды бағдарламасы аясында 2021-2022 жылдары әр сала бойынша бірқатар әлеуметтік маңызды жобалар жүзеге асты. Мәселен, облыстағы білім саласында 6 мың орынға арналған 18 мектеп, 5 мың орынға арналған 38 балабақша, 22 денсаулық сақтау, 9 спорттық нысан, 9 ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар, Тараз қаласында көп балалы аналарды қолдау «Анаға тағзым» орталығы, 80 үйірме жұмыс істейтін «Бақытты болашақ» облыстық Оқушылар сарайы ашылды. Сонымен қатар, 1,3 миллион шаршы метр тұрғын үй соғылып, 3296 пәтер берілді, 62,8 мың адамды қамтитын 30 елді мекенге таза ауыз су жүйесі тартылды, 18,8 мың адамды қамтитын 37 елді мекенге газ тартылды, 18 кәсіпорын іске қосылды, – деген филиал төрағасы партияның 2027 жылға дейінгі «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыстық Жол картасы қабылданғанын жеткізді. 

– Қазіргі уақытта Жол картасын іске асыру аясында облыста бірқатар әлеуметтік нысандар іске қосылып та үлгерді. Атап айтар болсақ, Тараз қаласындағы 200 орындық онкологиялық диспансер мен 250 орынға шақталған Байзақ аудандық емханасы, Қордай және Меркі аудандарында 180 орындық мәдениет үйлері ашылып, жұмысын бастады. Бұдан өзге, облыс орталығына жақын орналасқан Жамбыл ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен құны 720 миллион теңге болатын «Almaly resort» этнотуристік демалыс орталығы іске қосылды. Сондай-ақ, Тараз қаласында автобус паркіне қосымша 38 дана жаңа автобус сатып алынып, автопарктер жаңаруда, – деді Дауыл Ынтықбайұлы. 

Сондай-ақ есептік кезеңде облыстың шалғай елді мекендерінде 64 мобильді қоғамдық қабылдау өткізіліп, 891 азаматтың мәселесі қаралған. Қазіргі уақытта партия Үкіметпен бірлесіп «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруда. Жамбылдықтарға 20,6 млрд теңге бөлініп, 2193 жоба қаржыландырылған. Бүгінде Саяси кеңес қатары 68 пайызға жаңарып, жастардың үлесі 20, әйелдердің үлесі 30 пайызды құрап отыр. Саяси Бюро кеңесі мен бақылау-тексеру комиссиясының қатары да жаңа мүшелермен толыққан. 

Партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев өз кезегінде партия мүшелерінің алдында тұрған басым міндеттерді  айрықша атап өтіп, фракция жұмысын жетілдіру, партиялық жобаларды жандандыру мен Жол картасындағы іс-шаралардың уақытында әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету мәселелеріне екпін түсірді. 

Конференция барысында бақылау-тексеру комиссиясының есебі тыңдалып,  делегаттар облыстық партия ұйымының соңғы екі жылдық жұмысын талқылап, ашық дауыс беру нәтижесінде бір ауыздан «қанағаттанарлық» деп бағалады. 

Осы орайда Жамбыл облыстық партия ұйымына 10 аумақтық филиал кірсе, онда 266 бастауыш партия ұйымдарына біріктірілген 53,6 мың партия мүшесі бар екенін айта кеткеніміз жөн. 

Саятхан САТЫЛҒАН