Жедел іздестіру шаралары жүргізілуде.
«Көмектесіңдер!»: Қарағанды облысында бала анасының соққыға жығылғанын видеоға түсірген
2,343
оқылды

Қарқаралыда 51 жастағы әйелге шабуыл жасалған. Әйелдің баласы күдіктіні видеоға түсіріп үлгерген. Болған жайтқа қатысты Қарағанды облысының полиция департаменті пікір білдірді.

Әлеуметтік желіде әйелге жасалған шабуылдың видеосы пайда болды. Кадрларда ер адам әйелдің үстіне мініп алып, беті мен денесін ұрып жатқанын көруге болады. Ал жәбірленушінің айқайлап көмекке шақырғаны естіледі. Бұл кезде әйелдің баласы да көмекке шақырған. Ол үйдің айналасында жүгіріп жүріп: «анамды ұрып жатыр, көмектесіңдер!» деп айқайлаған.

Бейнежазбаға қарағанда есік жабық болғандықтан бала үйден шыға алмаған көрінеді. «Тонағысы келген дейді. Полицейлер күдіктіні табу мақсатында көшелерді аралап жүр», – деп жазылған видеоның сипаттамасында.

Болған жайтқа қатысты Қарағанды облысының полиция департаментінде пікір білдірді. Ведомствода шабуыл жасалғаннан кейін Қарқаралыда «Ұстау» операциясы жарияланғанын хабарлады.

«51 жастағы Қарқаралы тұрғынына шабуыл жасау фактісі тіркелді. Оқиға орнында Қарағанды облысы полиция департаментінің қызметкерлері жұмыс істеуде. Гарнизонның барлық жеке құрамы жұмылдырылды, жедел іздестіру шаралары жүргізілуде», – делінген Қарағанды облысы Полиция департаментінің хабарламасында.