Былтыр 21 қаңтарда ел Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев ірі бизнес өкіл­де­рі­нің басын қосқан жиында ұлттық бай­лықтың тең жартысы 162 адам­ның қолына өтіп кеткенін жеткізіп, отыз жыл бойы «қалыптасқан оли­го­полия еркін нарықтың дамуын сал­мақты шектегенін жә­не елдің бә­секеге қабілеттілігін құлды­рат­қа­нын» жариялаған болатын.
Ұрланған қаражатты қайтару ұмыт қалмасын!
867
оқылды

Осыған орай шет­елге заңсыз кеткен және елі­­міздегі активтерді қайтару жө­нін­дегі комиссия да құрылды. Пр­е­зи­денттің соңғы шыққан Жар­лығын­да бас-аяғы 115 адам жұмыс іс­тейтіні көрсетілген. Үкімет­ке осы жыл­дың 31 наурызына дейін актив­терді қайтару туралы арнайы заң жо­басын әзір­леп, Парламентке өт­кізуді тапсырды. Ал 12 шілде күні Мем­лекет басшысы «Заңсыз алын­­ған активтерді қайтару туралы» жаңа заңға қол қойды. Осы ретте «жаңа заң жобасының негі­зінде қан­дай ауқымды істер атқарылып жа­тыр, бүгінге дейін нақты қанша қар­жы қай­тарылды?» деген сауал­дар туындауы заңды. Осыған жауап іздеп көрдік.

837,4 миллиард теңге мемлекетке қайтарылған

Күні кеше Астананың қыл­мыс­тық істер жөніндегі апелля­ция­лық сот ал­қасы белгілі кәсіп­кер Қайрат Боранбаевқа қа­тысты істі қарады. Сот отырысында Бо­­ран­баевтың адвокаты Данияр Қа­нафин мем­лекеттік айып­тау­шы­мен процестік ке­лісімге келу туралы өтінішхат жолдады. Бо­­­ран­баевқа қатысты сот үкімінің қа­шан шы­ғатыны әлі белгісіз. Енді тергеу тарапы мен сотталу­шы­лардың адвокаттары про­цес­­тік келісім талаптарын талқы­лай­тын бо­лады. Осы ретте активтерді қай­тарумен ай­­­налысатын Эко­но­ми­калық ресурс­тар­дың заңсыз шо­ғырлануына қарсы іс-қи­мыл мә­­селелері жөніндегі ведомст­воа­ра­лық ко­­миссияның ресми өкілі Зейін Әліп­бекке атал­ған мәселе төңірегінде сауал жолдаған бо­ла­тынбыз.

Ол Боранбаев ісіне қатысты Қа­­зақстан Республикасының Қыл­мыстық-про­цестік кодек­сі­нің 201-бабына сәйкес сот­қа дейін­гі тергеп-тексеру деректері жа­­рия етуге жатпайтынын алға тарт­ты. Со­ны­мен қатар ол кейбір тұл­ғалар заңсыз шы­ғар­ған немесе жы­лыстатылған активтерін ерікті түрде қайтаруға кіріскенін атап өт­ті. Сон­дай-ақ күні бүгінге дейін заң­сыз ием­ден­ген 837,4 млрд тең­ге­нің активі мем­ле­ке­т­ке қай­та­рыл­­ғанын, оның ішінде шет­ел­ден 589 млн доллар әкелінгенін айт­қан рес­ми өкіл қайтарылған қара­жат­тың 100 млрд теңгесі еліміз бойын­ша заманауи мек­теп­тер салу­ға жұмсалып жатқанын жет­кіз­ді. Зейін Әліп­бек негізсіз бе­ріл­ген не­месе ны­саналы мақ­саты бойын­ша пайдаланыл­ма­ған жер­лерді де қайтару бойынша ауқым­ды жұ­мыс­тар атқарылып жатқа­нын атап өтті. 

«Қабылданған шаралар олигополия су­бъектілеріне бұрын негізсіз берілген 460 мың гектардан астам жерді қайтарды. Атап өт­сек, KazBeef ЖШС-нің Ақмола облы­сын­дағы ауданы 62 мың гектар, 5 жылдан ас­там нысаналы мақсаты бойынша пайда­ла­нылмаған жер телімі (жайылым), Әлия Назарбаеваға үлестес серіктестікке берілген Алматы облысы Жамбыл ауданындағы ау­да­ны 445 гектар жер учаскесі (конкурссыз, жер­ге орналастыру жобасы болмаған жағ­дай­да, жер комиссиясының қорытындысы), Алматы облысы Қарасай ауданындағы 1485 гек­тар жер учаскесі (бенефициар Б.Назар­баев), Алматы қаласы, ҚазҰУ аумағындағы 0,8 гектар жер учаскесі Т.Құлыбаевқа қарас­ты серіктестіктерге берілген», – дейді Эко­но­микалық ресурстардың заңсыз шоғыр­лануына қарсы іс-қимыл мәселелері жө­нін­дегі ведомствоаралық комиссияның рес­ми өкілі. 

Жаңа заңның мүмкіндіктері қандай?

Қазақстан Республикасы Парламен­ті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, депутат Жарқынбек Амантайұлы: 

«Заңсыз алынған активтерді қайтару ту­ралы» күшіне енген жаңа заң енді жұмыс­ты біршама жеңілдететінін атап өтті. «Құл­қын­ның қамымен заңсыз жолмен сатып алын­ған активтер тиісті деңгейде қайта­рыл­май келгені рас. Заң осал еді. Тіпті, кей тұс­та жемқорлардың пайдасына жұмыс іс­тейтін. Салыстырмалы түрде айтайық... Ес­кі заң бойынша заңсыз мүлікті қылмыс­тық процестік және әкімшілік процестік тәр­тіппен ғана қайтаруға болатын. Бұл – тым ұзақ процесс. Өкінішке қарай, ол әдіс көп жағдайда нәтижесіз аяқталатын. Енді жаңа заң жобасына сәйкес, мүлікті тәркілеу құ­қығы бар. Яғни, құзырлы органдар заң­сыз активтерді әй-шәйға қаратпай, тартып ала алады. Бұрынғыдай «қылмыстық, әкім­ші­лік іс ескірді, уақыты өтіп кетті» деген сыл­тау айтылмайды. Немесе тәркілеудің ал­дын алғысы келген адам өз еркімен ак­тивтерді мемлекетке қайтара алады. Онда ол заңдық қудалаудан босатылады. Бұл заң жобасын әзірлеуде үздік халықаралық тәжі­ри­белер ескерілгенін атап өткен жөн. Заң жо­басын дайындау кезінде АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбритания, Аустралия сияқты мем­лекеттердің сот шеңберінде мүлікті аза­маттық тәркілеу тәсілдері зерттелді. Шын мәнінде заң жұмыс істесе, мемлекетті май­шелпек қылғандардың мүліктері тәр­кілене бастаса, «Әділетті Қазақстан» тұ­жырым­дамасына халықтың сенімі кү­шейе­ді», – дейді ол. 

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи кә­­­сіпкер Қайрат Боранбаевтың заң­сыз шетел асқан қаражаттары көрсе­тіл­ген сомадан әлдеқайда көп болуы мүмкін деген пікір айтады. 

«Күні кеше Қайрат Боранбаевтың айып­таушымен келісімге келу туралы ақ­па­ратын оқыдық. Одан бөлек, 1,5 миллиард дол­лар көлемінде қаражат беретіндігі тура­лы ақпаратты тағы да көзіміз шалды. Оның Forbes тізіміндегі жалпы байлығы 500 млн дол­лар көлемінде деп көрсетілсе, ол қа­лай­ша 1,5 млрд долларды өтемек. Яғни, оның бізге белгісіз шетелде сақталған одан да көп қаржылары бары анық. Кем дегенде тағы да 1,5 млрд доллар көлемінде болуы мүмкін. Мен өз басым оның барлық заңсыз актив­те­рін елге түгелімен қайтарады дегенге сен­­­беймін», – дейді ол. 

Қоғамда заңның ерікті қайтаруға қа­тысты нор­масына сын айтушылар да бар. Себебі ак­­тивтерді өз еркімен қайтарған адам жауап­­кершіліктен босатылады. Бұл мәсе­леге кезінде Әділет министрі Азамат Есқа­раев жауап берген болатын. Оның ай­туын­­ша, біздің заңнамамыздағы қыл­мыс­тық про­цесте процессуалдық келісім инс­титу­ты бар. Ал негізі мұндай мүмкіндік активтерді өз еркімен қайтаратындар үшін де, мем­ле­кет үшін де тиімді. Себебі бұл ұзақ сот про­цес­­тері мен арбитраждық дауларға кететін үл­кен шығындардың алдын алатын көрі­не­ді.

Қаржыны қайтару – күрделі мәселе

Экономист, Қазақ технология және биз­нес университетінің аға оқы­ту­шысы Сапарбай Жобаевтың айтуынша, заң­сыз иемденген ақшаны қайтару – күр­делі процесс.

«Күні бүгінге дейін заңсыз иемденген 837,4 млрд теңгенің активі мемлекетке қай­тарылғанын есептесек, бұл бар болғаны – 1,5 млрд доллар. Бізден сыртқа шығарылған қаражат көлемін еліміздегі ақпарат көздері 70-80 млрд доллар десе, кейбір шетелдік сарап­тама қорлары 120-140 млрд доллар деп бағалауда. Мейлі, 60 млрд болғанның өзін­де қазіргі қайтқан қаржымен есептесек, бар болғаны 2 пайызы ғана қайтты деген сөз. Шетке шығарылған қаражаттар заңды түр­де шығарылған болуы да мүмкін. Мә­се­лен, қазақстандықтардың көбісі өз үйлерін сатып, Түркияның туристік аймақтарынан үй алып жатады. Оларға ешқандай кедер­гі­лер жоқ. Кезінде монополист, олигарх, би­лік басындағы министрлер, әкімдер, де­путаттар да ақшаны шетелге көп шығар­ғаны рас. Төлем балансы деген құжат бар, сонда қанша ақша шетке кетіп жатқаны Ұлттық банк жүйесі арқылы анық көрініп тұрады. Әр жылы 20-25 млрд АҚШ доллары сыртқа кетіп тұрған. Оның қаншасы заңды-заңсыз екенін біздегі сот жүйесі шешуі ке­рек. Екіншіден, шетелден қайтаратын ак­тивтерді қарайтын комиссия мүшелері – қазіргі билікте отырған адамдар. Осындай жағ­дайда сот әділ шешім шығара ма, жоқ па – мәселе сонда. Біз Астана Қаржы орта­лы­ғына англо-сакстық сот жүйесін кіргіз­ген болатынбыз. Себебі шетелдік инвестор­лар біздің сот жүйесіне сенбейді. Мысалы, Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Кәрімовтың қызы Гүлнар да кезінде өте көп мөлшерде шетелге қаражат шығарған бо­латын. Ақпаратқа сенсек, активтері, үйлері, байлығы бар шамамен 1,5-2 млрд дол­лар ақшасы сыртта сақталған. Соның бүгінде білуімше, бар болғаны 100 млн-ы ға­на қайтарылған. Сот процесінің басталға­нына 7-8 жыл өтсе де, қалғаны әлі күнге дейін қайтарылмаған. Сондықтан шетелден ақша қайтару – өте күрделі мәселе», – дейді экономист. 

Қаржылар басқарушы компанияның бақылауында болмақ

Жалпы, Бас прокуратураның мә­лі­метінше, заңсыз алынған актив­тер­дің көп бөлігі АҚШ, Швейцария, Анг­лия, Франция, Испания, Біріккен Араб Әмір­ліктері, Сингапур және Гонконг сияқ­ты елдерде шоғырланған. Сондай-ақ Сей­шел аралдары мен Панама сияқты оффшор аймақтар бар. Қайтқан қаржының да дені осы мемлекеттерден. Жоғарыда аталған үш елде де шетелдік салымшылар үшін салық мөлшері өзге мемлекеттерге қарағанда, едәуір аз. Яғни, аталған елдерде оффшорлар үшін барынша жағдай жасалған. Мысалы, сыртқы қарызы жоқ, халықтың өмір сүру деңгейі бойынша әлемде екінші орында тұрған, тұрғындарының саны 50 мыңға да жетпейтін Лихтенштейнде қазір 100-ге жуық шетелдік компания тіркелген екен. Ал Біріккен Араб Әмірліктері банктерінің бірінде шот ашу аса қиындық тудырмайды. Керісінше, бұл комиссияларды үнемдеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ ақша алу ресі­мін едәуір жеделдетеді. Сондай-ақ кез кел­ген шетелдік халықаралық карталарды пай­далана алады және банкоматтан қолма-қол ақша алуға да болады. Бұл дегеніңіз – Әмірліктерде қаржы ұйымдарына қол жет­кізу аса күрделі іс емес деген сөз.

Жалпы, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жобаларын қар­жы­ландыру мақсатында Арнаулы мемле­кеттік қор құрылып, қайтарылған қаражат пен активтер сонда аударылмақ. Қайтарыл­ған активтердің қаражаты қазынашылық­та­ғы шотқа түсіп отырады. Дегенмен бар­лы­ғы ақша түрінде қайтпайды. Мысалы, Қа­зақстаннан тыс жерде орналасқан жыл­жымайтын мүлік те болуы мүмкін. Міне, сол үшін де басқарушы компания құры­ла­ды. Оның жалғыз құрылтайшысы Үкімет бо­лады. Басқарушы компанияның қызметі, оның жұмысын регламенттеу нормативтік-құ­қықтық акт деңгейінде айқындалмақ. Бас­­қарушы компания мемлекетке қайта­рыл­ған активтерді оның атынан меншігіне қабылдау, мемлекет кірісіне айналдырылған ак­тивтердің сақталуын және ұсталуын қам­та­­масыз ету, активтерге билік ету, активтерді өткізуден түскен қаражатты арнаулы мем­лекеттік қорға аударуды қамтамасыз ету се­кілді міндеттерді атқарады. Осы тапсыр­маны орындап болғаннан кейін компания жабылатын болады.

 

Түйін: 

Тәуелсіздік жылдары елімізден 160 млрд доллар сыртқа шығып кеткені ай­тылады. Бұл дегеніміз – Ұлттық қордың қар­жысынан үш есе көп, республикалық бюджеттен тіпті төрт есе жоғары екен. Бір қы­зығы, Халықаралық рейтингтер бойын­ша, Қазақстан капиталдың тұрақты түрде шетелге жылыстатылуы жөнінен әлемдегі 20 елдің қатарына кіреді екен. «Тістегенінің аузында, ұстағанның қолында» шетел асып кеткен бюджет қаржысы мен жалпыұлттық байлықтың тағдырын енді жаңа заң мен комиссия шешпек. Президент тапсырма­сына сәйкес, «Әділетті Қазақстан» құру жо­лында жауапкершілікті мойнына алған ко­миссия нақты нәтиже көрсетеді деп се­неміз.

© коллаж: Елдар ҚАБА