Еліміз көптеген саяси және қо­ғамдық үрдісті басынан ке­шіріп жатқаны белгілі. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Екінші Республика: Жаңа Қазақстан» деген биік межені ал­дымызға қойып, бағындыруға тиіс­ті жаңа белестерді көрсетті.
Мемлекетшіл тұлға
1,196
оқылды

Сонымен қа­тар сабақтастықтың алтын жібін үз­­бей, мемлекетшілдік дәстүрімізді жал­­ғастыруды тапсырды. Мұндай күр­­делі кезеңде қоғамда мем­ле­кетшілдік болмысы басым тұлғаларды іздейтінімізді жасырмаймын. Кешегі мен бүгінгіні байланыстырып, басшы­лық көрсеткен бағытқа адас­тырмай алып барар алып тұлғалардың бо­ла­шақ ұрпақ алдындағы жауап­кер­ші­лігі мол. Мұндай тұлғаларды бірден нұс­қап көрсету оңай емес. Өйткені олар мен­мұндалап алға шықпайды. Тек  ізгілікті істері мен азаматтық ұс­та­ным­дары арқылы өздерін дәлелдеп келеді. Сондай азаматтардың қата­рын­да менің бұрынғы әріптесім, өмір­лік рухани ағам Бақтықожа Ізмұ­хам­бетов бар. 

Мемлекет және қоғам қайрат­кері Бақ­тықожа Ізмұхам­бе­тов­тің есімі мен еңбегі жалпақ жұртқа жақ­сы та­ныс. Әр жыл­дары Батыс Қа­зақ­стан және Атырау об­лыстарын бас­қар­ған, елі­міздің Энер­ге­тика мини­стр­лі­гіне же­текшілік еткен, екі мәрте Пар­ламент Мә­жілісінің депу­та­ты әрі Мә­жіліс Төра­ғасы болған. Респуб­ли­ка­лық Ардагерлер ұйымын ұйыстырды. Тәжірибесі таудай қайраткер тұлға тағы бір рет халық қалаулыларының қатарын тол­ықтырып, жоғарғы заң шығарушы ор­ганда жеңісті де жемісті қызметін жал­ғастырып келеді. Көргені көп бол­ған соң көшелі сөз айтатын Бақтықожа Ізмұхамбетов туралы біз де әңгімелеп беруді жөн көрдік.

Тұлғалық тұрпаты

Америкалық экономист Джон Кларк­тың «Саясаткер келесі сайлауды ой­лай­ды, мемлекеттік қайраткер келесі ұр­пақ­ты ойлайды» деген керемет қанатты сөзі бар. Бұл қазақтың «болашағыңды ой­ласаң, ұрпағыңды тәрбиеле», «ұр­па­ғыңды ойласаң – бесігіңді түзе» дейтін на­қылға саяды. Бақтықожа Салахат­дин­ұлы әр кезде жастардың мәселесіне көңіл бөліп келеді. Республикалық Ар­­­дагерлер ұйымына төрағалық етіп жүр­ген кезде үнемі жастармен кездесіп, бай өмірлік тәжірибесімен бөлісуді ұмыт­пайтын. Әлі де осы қарқынынан қайт­қан емес. Өйткені өзі де сол мың­да­ған қатарласы секілді үлкен өмірге аяқ басып, қарапайым маманнан бас­тап облыс әкімі, министр, жоғары заң шы­ғарушы орган – Парламент Мәжі­лі­сінің депутаты іспетті жоғары лауа­зым­дарға елеулі еңбегімен қол жеткізді. «Мұ­ның сыры неде?» десеңіз, онда кейіп­керіміздің өмір жолымен там-тұм­дап танысқанымыз абзал. 

Бақтықожа Ізмұхамбетов 1948 жыл­дың 1 қыркүйегінде Атырау облысында дүниеге келді. Әкесі Са­лахатдин ақсақал мамандығы бойын­ша филолог болған, мектепте әде­биет пәнінен сабақ берген. Анасы Әси­ма апай үй шаруашылығын атқа­рып, бала тәрбиесімен айналысқан жан. Өз өңі­рінде атақты күй орын­дау­шысы, ақын­дық қасиеттерімен елге та­­нылған тұлға болыпты. Жас Бақ­ты­қожа өз айтуы бойынша, мектепті аяқ­тағаннан кейін журналист болуды ар­ман­дапты. Өйт­кені ата-анасы шығар­ма­­шылыққа жа­ны жақын адамдар еді. «Ұяда не көрсең, ұшарда соны ілерсің» демекші, жас баланың қарымды қалам иегері болғы­сы келгені де түсінікті. Со­лай десек те, кейіпкеріміз басқа ма­мандықты таң­дауға мәжбүр болды. Ағасы Ка­мали­т­дин де журналист еді, сол кезде «бір әулетке, бір журналист жет­кілікті» деп жас өренді техникалық ма­мандық алуға көндіреді. Сол кезде Мәскеу қаласын­дағы Бауман атындағы учи­лищеге түсу­ге барады. Алайда ол жақ­та әскерден немесе екі жыл өнді­ріс­те жұмыс істе­геннен кейін ғана қа­был­дайтын бол­ғандықтан, ол Уфа мұ­най инс­титутына оқуға түседі. Аталмыш жо­ғары оқу орнында өзін жақсы қы­ры­нан көрсет­кені соншалық, оны аспи­ран­тураға оқуға шақырады. Әкесі сыр­қаттанып қал­ғанына байланысты ту­ған еліне ора­лып, мұнайшы маман­ды­ғы бойын­ша жұмысқа кіріседі. Қара ал­тынды өндіру саласын бес сауса­ғын­дай біліп алды. Бұрғылаушының кө­мек­шісінен бастап бұрғылаушы, ин­женер, аға ин­женер болып саланың сы­рын ұғады. Жұ­мыста жүріп білім-ғы­лымнан қол үзген емес. Бес монография жазды, оның біреуі шетелдік басылымда жа­рық көрді. 30 ғылыми мақала иесі, өзі­­нің оқыған институтында канди­дат­тығын қорғады. Араға біраз уақыт са­лып, докторлық диссертациясын сәтті қор­ғап шықты. Ойлап шығарған бір­не­ше құрылғысы өнеркәсіпте қолданыс тап­ты. 1983 жылы озат маман ретінде Йе­мен еліне қызметтік сапарға жібе­рі­леді. 1991 жылы еліміз егемендігін ал­ған­да Геология министрлігіне қызметке ша­қырылады. Маңдайалды маман ре­тін­де мұнай және газ саласын басқаруға кіріседі. Осындай қарағайға қарсы біт­­­кен талпынысымен өзінің болашақ жеңістеріне жол аша білді. Мақсатшыл, ойы ұтқыр жастарға үнемі қолдау көр­сетіп отыратын қыры осыдан. Қай жер­де болмасын жас мамандарға атүсті қара­май, өзімен терезесі тең, керегесі кең тұлғадай сөйлесе білген. Мұндай кең­дік адамгершілігі мол, пейілі ақ, көңі­лі дарқан адамдарға ғана тән қа­сиет. Жас отбасылар мәселесін қа­пері­нен шығарған емес. Парламент демек­ші, сол бір халық қалаулыларының қа­та­­рында жүріп бүгінгі әңгімемізге ар­қау бо­лып отырған кейіпкерімізбен жақы­нырақ танысудың мүмкіндігі туды. 

Заң шығармашылығы

Осындай көпшіл азаматпен қыз­меттес боп, кейін шынайы дос тап­қаным үшін тағдырыма айтар ал­ғы­сым шексіз. Сонымен, артқа сәл ш­е­гі­ніс жасап, сонау депутаттық кезде бірге жұ­мыс істеген шақтарға оралатын бол­сақ, кейіпкеріміздің болмысы тура­лы бір мысал есімде қалып қойыпты. 

Біз Парламент Мәжілісі Халықара­лық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің бір топ депутаттары елі­міз­дің күш-құрылымдарын, шалғай­да­ғы әскери бөлімдерін көп аралайтын­быз. Әскери ұжымдардың тыныс-тір­шілігі, күн тәртібі және тағы басқа қыз­­мет тұстарымен таныстық. Сонда Бақ­тықожа Салахатдинұлы жас сар­баздардың ортасына барып, әкелік қамқорлығымен «қалдарыңыз қалай, тамақтануларыңыз қалай, сіздерді ма­залап жатқан сұрақтар бар ма?» дей­тін біраз сауал қойып, сұхбат өткізді. Олар­мен ашық-жарқын әңгімелесті. Өзім әскери азамат болғандықтан, мұндай тұстарды бірден байқаймын. Бұл жас ұрпаққа деген қамқорлық, болашағына алаңдаушылық десем, артық айтқандық болмас. Халық қалаулысының осындай қарым-қатынасына сарбаздардың да іші жылып қалады. Жас сарбаздар, ке­лісімшарт негізіндегі әскери қызмет­ші­лер мен офицерлер және ардагерлер қауымының әлеуметтік жағдайын жақ­­­­сартуға келгенде жарғақ құлағы жас­тыққа тимей қызмет атқаратын. Әрине, мемлекеттік бюджеттің мүм­кін­діктері таусылмайтын қайнар көз емес. Республикалық бюджетпен жұмыс істейтін азаматтар мұны жақсы біледі. Соған қарамастан көптеген әскери жабық қалашыққа барғанда әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша көптеген ұсынысын айтты. Солардың біразы жүзеге асты. Тек қызмет бабымен жүретін шендінің аузынан мұндай сөз шығуы екіталай, біздің кейіпкеріміз секілді мемлекетшіл ірі тұлға ғана осындай ұсыныстарды айта алады. Бұл замандасымыздың қан­шалықты мейірімді екенін көрсетіп тұрғандай. Жалпы, депутаттық кезеңде осындай мысалдар жетіп артылады. 

Әріптестерін тағы бір таңғал­ды­ра­тыны – оның кәсіби ше­бер­лігі. Мұнай саласының маманы бола тұра, оның заң шығармашылығына кел­гендегі кәсібилігі бізді шын мәнінде тәнті етті. Ол қай жұмыс болмасын, қай іске кіріспесін соңына дейін жеткізбей қоймайтын. Ол үшін күн тәртібінде жә­не жиналыстарда екінші қатарлы мәселелер болмайтын, кез келген заң жобасын сондай тиянақтылықпен жүзеге асыратын. Одан кейін шикі, же­­тілмеген, екіұшты заңдар болмай­тын. Оның сараптамалық қыры рес­пуб­ликалық бюджетті қалыптастыруға оң ықпалын тигізетін. Қандай мәселе болмасын мемлекетшілдік тұрғысынан ой­лайтын. Біз оның қайтпас қайсар мі­незіне тәнті болатынбыз. Бір ұста­нымды таңдады ма, соған соңына дейін адал болады. Бұл қасиеті оның облыс әкімі, министр болған кезде де байқал­ды.

Өнегелі өңір басшысы

Сондай-ақ тағы бір байқалған қыры – Бақтықожа Салахат­дин­ұлы­ның күрескерлік тұлғасы. Ол қоғамда қатып қалған қасаң стереотип­терді бұзу керегін тілге тиек етіп келеді. Мы­салы, Энергетика министрі болып тұрғанда Италияға іссапармен барды. Сонда сүтті ешкі шаруашылығын кө­ріп, таңғалды. «Мынадай жобаны Қа­зақ­станда да қолға алуға болады ғой» деп қатты қызыққан екен. Ақыры Аты­рау облысының әкімі болған жыл­дары осы жобаны жүзеге асырды. 

Сол секілді Атырауда талшықты-оп­тикалық кабель өндірісін жолға қойды. Отандық зауыт кезінде «Қазақ­телек­ом» компаниясының 30 пайыздық қажеттілігін өтеп тұрды. Қазір бұдан да көбейген болуы мүмкін. Мақтағаным емес, әңгіменің ретіне қарай бір мысал кел­тірсек болады. Атырау облысына әкім болып барғанда жергілікті халық тұтас­тай шекараның арғы бетіндегі Аст­рахань өңірінің жұмыртқасын тұты­нады екен. Шетелдің өніміне бұлайша иек артуға болмайтынын түсінген ол өңірде құс фабрикасын салуды қолға алады. Аталған фабрикада жылына 100 млн жұмыртқа өндіреді. Бұл бір ғана мысал. Ондай мысалдар Бақтықожа Са­лахатдинұлының өмірінде жетіп ар­тылады. Солай десе де, әңгіменің тіні оның іскерлігінде ғана емес, оның ішкі пейі­лінде. Қанша өңірге басшылық жа­самасын жоғарыда айтып өткен мем­лекетшілдік принципінен тайған емес. Ол жершілдік, рушылдық дейтін ру­хани дертке шалдықпай, ондай құ­былыстардан бойын аулақ ұстады. Басшылықта жүргенде қасына туыс­тарын емес, тек елім, жерім дейтін кә­сі­би мамандарды топтастыра білді. Оның санасы қаншалықты жоғары еке­нін пайымдай беріңіз. 

Тілге тиек етер тағы бір қыры – оның тазалығы. Бүгінде жоғары лауа­зымды тұлғалардың байлығы қо­ғам­да күмән туғызатыны заңдылық. «Бұл қалайша осындай игілікке ие бол­ды?» деп айтатын ағайындар аз емес. Кейіпкеріміз 35 жыл мұнай сала­сын­да жұмыс істеді. Есеп-қисапсыз дү­­­­ниесі мол байлардың қатарында бол­маса да, көңілі дарқан жандардың ара­сын­да жүр. 

Оның мәрттігі туралы да айтып өт­кен жөн. Өңір басшысы болған жыл­да­ры шалғайдағы бір отбасы алдына ке­леді. Кішкентай балалары қайнаған суға құлап, бет-аузын түгелдей күйдіріп алыпты. Амалы таусылған отбасы об­лыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің ал­­дына келіпті. Сонда кейіпкеріміз қо­мақты қаржы беріп, баланы шетелге емдетуге жіберіпті. Ешкімге дабыра қылып айтқан жоқ. Арада жиырма жыл­ға жуық уақыт өткенде аталған от­басы қайтадан кейіпкеріміздің каби­не­тіне келіпті. Сонда Бақтықожа Сал­а­хат­динұлы «баланы маған көрсетіңіз» деп, дені сау жігітті көріп қатты қуанған екен. Байқасаңыз, ол үшін материалдық құндылықтар емес, адамның саулығы, жалпы адам баласы бірінші кезекте тұр. Одан бөлек, оның Ақтөбедегі бір саз­герге өз қаржысына пианино алып бер­­­­гені бар. Сонда әлгі сазгердің қуан­ға­нын көрсеңіз. Өнер адамы үшін он­дай сыйлықтың құны қаражаттан да құндырақ. Мұндай мысалдарды көптеп айту­ға болады. Ең маңыздысы – оның жанының жомарттығы және осыған қара­мастан кішіпейілдігі. Ата-бабамыз: «Ұлық болсаң, кішік бол» деп бекер айт­паса керек.

Өнер мен спорт – қос қанаты

Өз басым әскери салаға көп жы­лым­ды берген адаммын. Жауын­герлік және дене дайындығы өмірімнің бір бөлігі болды. Курсанттық кезден бастап бүгінгі күнге дейін спортты өміріме серік етіп келемін. Бақтықожа Салахатдинұлы да спортты бір адым өзінен тастамай, осы уақытқа дейін спортпен айналысып келеді. Әс­кери адамдардың спортты жақсы көруі тү­сінікті. Ал мемлекеттік қызметте жү­ріп өзін күн тәртібіне бағындырған, уа­қыт тауып спортпен айналысқан адам­дар шын мәнінде құрметке ие. Кейіп­керіміз әлі күнге дейін саламатты өмір салтын ұстанады. Кезінде жүзу, фут­бол, теннис, бильярд іспетті спорт түр­лерімен жүйелі түрде айналысқан. Біз көп біле бермейтін кубок-медаль­дары жетіп артылады. Мүмкіндігі бол­ған кезде адам денсаулығына пайдалы жат­тығулармен айналысады. Әлі күнге дейін 32 келі гір тасын вертикалды түр­де бірнеше рет көтеріп жүр. Шахматты ойнағанда ортаңқол кәсіби ойыншыны жаңылдырады. Тұңғышы Салауат та халықаралық деңгейдегі гроссмейстер, таңдаулы қазақ шахматшыларының қа­тарына кіруі де бекер емес. «Тартпай ту­мас негізге» деген аталы сөздің нақ­ты­лығына тағы бір мәрте көз жеткіземіз. Жо­ғарыда айтып өткендей, анасы Әси­ма атақты күй орындаушы болған. Кейіп­­­керіміз де қолына қара домбыраны алып, атақты қазақтың күйлерін тарт­қан­ды жаны сүйеді. Он екі шекті ги­та­раны алып ән шырқағанын көрсеңіз... Жас шағында баянды алып әйгілі өлең­дерді нақышына келтіріп орындай­ты­нын талай естігенмін. Бақтықожа аға­мыз­дың домбыра шерткені бір төбе. Сонау көне жыраулардың нақышына салып, күй мен жырдың табиғи бояуын сіңдіре орындайды. Ондай болу үшін шын мәнінде талант қажет. Өзінің жазып шығарған жыр шумақтары мен өлеңдер жинағы жарық көрді. Әр өлеңі терең пәлсапалық түсініктерді қозғай­ды. Ақындығы сол бір ойшылдығымен ұштасып келеді. Жуырда демалыста жүрген кезінде бірнеше өлең жазыпты, соның ішінде «Айтарым бар» атты өлең­дерін маған жіберді. 

«Өтпегін өзге жанның жолын кесіп,

Жетем деп өз межеңе өліп-өшіп.

Ілеспейді артына қаңқу сөздер,

Жүргенге жалтақтамай өмір кешіп», – дейтін шумақтар кездеседі.

Қандай терең мағыналы сөздер де­сеңізші. Өнер мен спорт оның қос қа­на­тындай тұлғалық тұрпатын жоғарыға көтеріп тұр.

Достыққа адалдық

Саясат сахнасында жүрген адам үшін достықты сақтап қалу оңай емес. Ол тұрмақ қарапайым өмір­де тағдырдың сынағынан сүрінбей өтіп, достықты сақтап қалу – күрделі мә­селе. Адамның көңіліне кірбең тү­сіру де оңай. Ал достықтың ақ туын жық­пау азаматтың азаматына лайықты іс. Бір таңғаларлығы, сонау бала кезден өскен достарымен қол үзбей араласып ке­леді. Солардың бірі 4-сыныптан та­ныс­­қан жақын досы – Мұрат Сақ­тай­ұлы. Екеуі жиі кездесіп тұрады. Кейде өз досымен ақылдасып, кеңес сұрайды. Әлі күнге дейін достығына адал болып ке­ле жатқанына көз жеткіздім. Содан кейін қызмет барысында танысқан до­сы Қазақстанның «Еңбек Ері» Ұзақбай Қарабалин, мұнайшы Қайыргелді Қа­былдин және тағы басқалары бар. Жо­ғарыда айтып өткендей, жершілдікке, ұлтқа бөлінбейді. Еліміздің барлық өңі­рінде досы жеткілікті. Сондай-ақ өзі оқыған Уфа институтынан бері келе жат­қан студенттік достары да бар. Бар­лық атаулы даталарды бірге өткізеді. Өзі де елімізге келген достарын қарсы ала­ды. Жүрген жерінде көмектесіп, та­ныстырып, араласып тұрады. Дос­тарымен таныстырайын деген ниетпен мені де Уфа қаласына талай шақырды. Парламенттен бері келе жатқан дос­тары да жеткілікті. Барлығына уақыт тауып, араласып, ажырамас достығын танытып жүреді. Тыста жүрсе адал дос, қыз­метінде сенімді әріптес, үйінде өне­гелі әке, адал жар. Жан жары Ырысты жең­гей екеуі бір күнде туған. Осы уа­қыт­қа дейін жұптары жазылмай келеді. Дос­тыққа, Отанға, жан-жарына деген адал­дықтың үлгісін іздейтін жастар бол­са, онда бүгінгі кейіпкеріміз Бақты­қожа Ізмұхамбетовтің өмірімен жіті та­ныссын дейтін сөйлеммен бүгінгі мақа­ламызды тәмамдаймыз. 

Бүгінгі жоғары заң шығарушы органның құрамында депутат Бақ­тықожа Ізмұхамбетов іспетті өмір­лік тәжірибесі бай атпал азаматтардың болғаны барша елімізге пайдалы. Кез келген мәселені ақылының сүзгісіне салып, зердесінен өткізеді. Нәтиже­сін­де, елге де, мемлекетке де беретіні мол жан-жақты заңдар қабылданады. «Жүр­­ген соң бауырыңда күнде көріп, тау­лардың биіктігі байқалмайды» де­мек­ші, бүгінгі біздің қоғамда таутұлға­лар­ды бірден байқау оңай емес. Сонда да олармен бірге жүрген бақытты сәт­терді толық ұғынғанымыз абзал. Өз ба­сым осындай ірі азаматтармен заман­дас, адал дос болып жанынан табылға­ным­ды мақтан тұтамын. Сондықтан жетпістің бесеуіне жеткен мемлекетшіл тұлғаны туған күнімен шын жүректен құттықтаймын. Зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасына бақыт, еңбекте табыс, қажымас қайрат, талмас қанат тілеймін. Елім дейтін ерлер көп жасасын, көп бол­сын!

Абай ТАСБОЛАТОВ,

«Ардагерлер ұйымы» республикалық

қоғамдық бірлестігінің төралқа мүшесі