Жамбыл облысында ең үлкен елді мекен Мойынқұм ауданы саналады. Батысы Жамбыл тауымен, шығысы Қозыбасымен шектесіп жатқан өлкенің қойнауы қандай құтты болса, тарихы да аңыз-әпсаналарға бай.
Қасиет қонған құт мекен
1,644
оқылды

Әсіресе, аудандағы жер атауларының шығу тарихы талайды таңғалдырады. Есте жоқ ескі заманнан сыр шерткен мұндай мекендердің  тылсымы мен құпиясы да аз емес. 

«Ақсүйек» пен «Қозыбасы» 

Аңыздарға қарағанда Мойынқұм ауданындағы Хан тауын Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы хан қоныс қылған де­седі. Өлкеде ол кездері құландар үйір-үйі­рімен жортып жүрген екен. Бірде Жо­шы ханның еркетотай баласы аңға шы­ғып, бір топ құланның үстінен түседі. Құ­­­ландардың күйлеп жүрген кезі болса ке­рек, үйір ішіндегі құланның аналығы ат үс­тінен баланы жұлып алып шайнап, теп­­кі­леп өлтіреді. Ұлының қазасын ес­тіген хан қаһарына мініп, құлан біткенді қы­рып, бір орға көмген екен. Міне, осы құ­­лан қырылған ор «Ханның оры» атанып кет­кен. Аңызбен астасқан оқиғаға бай­ла­нысты «Ақсақ құлан» күйін ХІІІ ғасырда атақ­ты күйші Кетбұға шығарған. Қы­рылған құлан­дардың сүйегі тау-тау болып үйіл­ген жер кейіннен «Ақсүйек» деген атау алды. Бүгінде Мойынқұм ауданына қа­расты Ақсүйек ауылына халық қоныс­танып, тарихи орында тіршілік етуде. 

Осы Хан тауында Қазақ мемлекетінің тұң­ғыш Туы көтерілгені де белгілі. Керейді ақ киізге отырғызып, хан қылып көтерген жер «Қозыбасы» деп аталады. Аты аңызға ай­налған Қазақ елінің тұңғыш ханы­мыз­дың тұрағы «Керегетаста» болған. Күні бү­гінге дейін «Хан қорасы» деп аталатын осы қасиетті мекен Қарабөгет ауылынан 15, Ақбақайдан 50 шақырымдай жерде жа­тыр. «Хан жолы» деп аталатын күре жол Ақбақайды тіліп өтіп, сонау Арқаға қарай жосылып жатыр.

Ал «Қозыбасы» атауының шығуына кел­сек, ертеде хандар таққа отырғанда оның қарауындағы қалың жұрт кезекпен жа­была қозы сойып, ел болып жиналып етін жейді екен. Сөйтіп, қозының бас сүйе­гі үйіліп қалатын көрінеді. Содан бас­тап бұл аймақ «Қозыбасы» атанып кеткен.Мұның бәрі көнеден жеткен аңыздар екенін жоққа шығармаймыз. Дегенмен әдемі әсерлі әңгімелер.

Аңырақ пен Андас батыр 

Тарихтағы атақты Аңырақай шай­қасы Мойынқұм жерінде өткенін бі­реу білсе, біреу білмес. Аңырақай шай­қа­сы 1729 жылы жаз айында басталып, 44 күн­ге созылған. Аңырақай шайқасы бас­та­лар алдында қалмақтардың 25 мың қо­лы Хан тауында бекініп дайындалады. Ал қазақтардың 29 мың қолы Шу бойында жатады. Осы қалың қолмен қазақтар Хан тауын­дағы қалмақтардың 25 мың қолына аттанады. Келесі күні Хан тауында қақ­ты­ғыс басталып, ортаға «жекпе-жек» деп Аңырақ батырдың өзі шығады. Қазақтар жағынан Сатай бидің баласы Бөлек батыр атқа қонады. Бөлек батыр жан алысып, жан беріскен айқаста Аңырақ батырдың желкесінен шоқпармен ұрып құлатады. Кейін Хан тауындағы Аңырақ өлген жер «Аңырақай» атанып кеткен.

Андасай жайында да аңыз дерек аз емес. Андасай – Бетпақдала бесігі, Са­рыар­қаның есігі саналады. Бетпақдала мен Мойынқұмның қиылысар тұсында Ан­­­дасай атты қорғалым бар. Бұл – та­би­ғаты әсем, аң-құсқа бай тарихи жер. Осы­дан екі жарым ғасыр бұрынғы Ақтабан шұ­­бырынды тұсында мұнда Андас атты сері саятшы жігіт өмір сүрген екен. Жам­был тауының етегіндегі дүбірлі бір жиында ба­ған басындағы жамбыны атып түсіріп, ел аузына іліккен сол батыр жонғар шап­қын­шылығында ерлікпен қаза табады. Ол оқ­қа ұшқан жер содан бастап «Андасай» деп аталып кеткен. Бүгінде «Андасай» қо­ры­ғында құланнан бастап, Қызыл кі­тап­қа енген аң-құстардың сан түрі мекен ету­де. 

«Желтау» деген жерді білесіз бе?

Мойынқұм ауданындағы Ақбақай ауылы Бетпақдаламен қойын­да­сып, Арқамен жанасып жатыр. Ақба­қай­дың ауасы басқа жердікінен бөлекшелеу бо­лып келеді. Арқаның ақырған аязын, құм­ның аптап ыстығын, оңтүстіктен соқ­қан желін осы жерден табасың. Сондықтан Ақ­бақайдың аспанында ұшқан құстың қанаты талып, жерінде жортқан аңның тұя­ғы тозады. Жаздың шіліңгір ыстығында жер өз-өзінен түтіндеп тұрады. Тау-төбе, қырқа қыраттарда өрт шалғандай қара қошқылданып, тұнжырай түнере түседі. Ал дауыл дегенің Ақбақайда үйреншікті құбылысқа айналған. Жылдың он екі айы соғатын желіне байланысты бабалары-мыз бұл мекенді ертеде «Желтау» деп атапты. 

Ал Ақбақай атауын халық атақты «Ақ­ба­қай» әнімен байланыстырады. Бұл әнде «Ақ­бақай» атты текті тұлпардың жүйріктігі су­реттеледі. Сондай-ақ «Ақбақай» сәйгү­лігі Қабанбай батырдың тұлпары болған де­ген де аңыз бар.    

«Қолбасы ер Қабанбай ту ұстаған,

Қайраты қаһарланса құрыштаған.

Үш жүздің бар батырын ұйыстырып,

Маңына қас дұшпанын жуытпаған!», – деген жырда Қабанбай батырдың «Ақ­ба­қай» атты тұлпары болғаны айтылады. 

Демек «Ақбақай» Ақан серінің «Құ­ла­гері» секілді тарихи тұлғаның жүй­рігі болғанға ұқсайды. Сол се­бепті қой­науы қазынаға толы бұл мекен ел есін­де ерекше қалсын деген ниетпен «Ақба­қай» деп қойылған секілді.  

Қыста суы қатпайтын «Қызылжартас»

Ақбақай кентінен он бес шақырымдай жерде орналасқан «Қызылжартастың» та­биғаты таңғаларлық. Жартас қынамен боял­ғандай, қызыл шырайымен сона­дай­дан көз суыра қылаңдап, кейде сағым ора­на сылаң қағып тұрады. Содан болар, жар­тас сонау Ақбақайдың қоңыр қырат-қыр­қалы биігінен бері құлаған заматта құд­ды қолдан қалаған қабырға кейпінде қы­лаң беріп қалады. Ал жартас жапсар­ласқан тауды тіліп, тасты жарып шыққан тұн­ба суы тұнық та мөлдір қалыбын бір бұз­баған. Ең таңқаларлығы, аққан су Ақ­бақайдың боранды аязында қатпайды, аптап ыстығында құрғамайды. Қашан көр­сең де бұл жердің суы өзекшенің таба­нын қуалай жылжып келіп, жартастың жылға-жықпылына сынаптай жылтырай сіңіп жатады.     

Ақбақайдың арғы бетіндегі Көшкінбай сайындағы жарқабақтың түбінде де бір тұма бар. Бірақ жердің қалың қыртысынан қай­нап шығып жататын судың көзі көп рет­те өз-өзінен жоғалып кетеді. Соның сал­дарынан бұл сайдың «құйқасы» жұ­қалтыңдау болып келеді. Ал Қызылжартас пен Көшкінбай сайындағы судың Ақ­бақайдың екі жағында ауылдан бірдей қа­шықтықта жатуы еріксіз ойға қал­дырады.

Елі кеткен ен дала – «Бетпақ»

Арқа мен Жетісу аралығындағы ұлан­ғайыр далаға «Бетпақ» деген ат берілген.

Бетпақдала – шөл даланың сүйкімсіз, сұ­рық­сыз қалпына қарай парсы тілінің «бад-бахт» (жаман, жексұрын, жиренішті) сө­зінен шығуы мүмкін деген болжам бар. Бұ­ған қосымша Бетпақдала өте көне за­ман­да су жайылған жер болуы да ықтимал. Уақыт өткен сайын су тартылып, оның ор­нында батпақты дала пайда болып, мі­не, сол кезде оған «Батпақдала» атауы бе­рілуі ғажап емес. Сол кездегі көл-көсір су­дан қалғаны Балқаш көлі болуы да мүмкін. 

Кейбір тарихи деректерге сүйенсек, кезінде осы өңірдің сай-саласы суға толып, тау-төбесі нуға тұнып тұрған кө­рінеді. Шалғыны мен шүйгін шөбі аяқ­қа оралып, жүргіншіге жол бермейтін бо­­­лыпты. Қамысы теректей, шиқурайы білектей әрі аттылы адам көрінбейтіндей биік те қау болып өскендіктен, бабалары­мыз төрт түлікке өрісті осы өңірден сай­лаған. Ол кезде бұл өлкенің балығы тай­дай тулап, бақасы қойдай шулаған. Алай­да жаратылыс жұмбағымен Жетісу мен Арқаның аралығындағы ұлы даланың же­расты суы тартылып, түрлі арналар ар­қылы алыс қиырға қарай қаша бастайды. Со­ның салдарынан өзендер сарқылып, бұлақтар тартылып, айдай атырап тақырға ай­налған. Қорегін 80 метр тереңдіктен тар­татын сексеуіл, жусан, бетеге, бая­лыш­тан басқа өсімдіктің бәрі жер жұтқандай жо­ғалған. Осылайша, кезіндегі көкорай көр­кем атырап біртіндеп құлазыған қу да­лаға айналған. Жұтаған жұрт Оңтүстік пен Арқаға қарай ауа көшіп, Хан ордасы Түр­кістанға, қараша қалың қауым Же­тісуға қарай қоныс тепкен. Сөйтіп, елі кет­кен ен дала сұп-сұр реңінен бір жазбай, жыл­дың төрт мезгілінде де бедірейіп жата бе­ретін болды. Осындай түр-түсіне орай бұл даланы жұрт «Бетпақ деп атап кетті» де­ген де ақиқаттан ауылы алыс емес аңыз бар. 

 

P.S

Негізі Жаз-ата ауылының біз білмейтін құпия сыры көп. Хан тауын мекен еткен жұрт бүгінгі күнге дейін Аңырақай даласындағы қиян-кескі шайқастың үні естілетіндігін айтады. Әсіресе, Ай туған түні ең дала ерекше кейіпке бөленіп, салт аттылар сайын даладан жүріп өткендей әсер қалдырады екен. Естеріңізде болса, өткен жылы дәл осы Хан тауының маңындағы моладан адамның айқайлаған даусындай үн шығып, әлеуметтік желі қолданушыларының үрейін алған болатын. Кейіннен мола басына молдалар барып құран оқып, бұл оқиға басылған. 

Осы сынды елді мекенде сананы сан-саққа жүгіртетін орындар мен тылсымға толы оқиғалар көп. Бұл Мойынқұмды әулие-әнбиелер мекен еткен қасиетті қоныс екенін айғақтап тұрғаны анық.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы