Әр адамның бойында ортамен қарым-қатынас жасай ала­тын, мақсатқа жеткізетін қарым-қабілеттері бар.
Gallup өміріңді өзгерте ме?
1,200
оқылды

Бірақ кез кел­ген адам ол талантын білмеуі де мүмкін. Осы ретте Gallup тест көп адамның мамандығын өзгертіп, ба­ғыт-бағдарын ай­қын­дауына септігін тигізеді.  

Gallup 86% дұрыс нәтижені көрсетеді

Gallup – адам бойындағы 34 та­лант­ты анықтауға арналған тест­­тің бірі. Оны алғаш 1999 жылы аме­ри­калық психолог Дональд Клифтон қол­данысқа енгізген. Көпшілігі Gallup деп атағанымен, тесттің негізгі ресми атауы – CliftonStrengths34. Жалпы, тест 170 сұрақ­тан тұрады, берілген сұрақтарға 20 секунд ішінде жауап беру қажет. Тест­тің нәтижесі бойынша 25 беттен тұратын қорытындысы беріледі. Gallup тесттің ерек­шелігі, Fortune 500 компаниялары­ның 90 пайызы жұмысқа алу кезінде қолданады. Бұдан аңғаратынымыз – Gallup тесті шынымен де адамның бар­лық қабілетін ашып көрсетеді екен. Осы уақытқа дейін тестті 35 миллионға жуық адам тапсырған. Оны ғалымдар 80 жыл­дан астам уақыттан бері зерттепті. 160 мемлекетте  тест тапсырған азаматтар бар.  

Тесттің құны өз бағасына лайық па?

Gallup тест онлайн форматта өте­ді, құны – 50 АҚШ доллары. Біз­дің теңгемен шаққанда – 22 мың тең­ге. Көпшілігі тесттің құнын қымбат­сы­нып, сенімсіздік танытуы мүмкін. Се­бебі интернетте қабілеттерді анық­тауға арналған қаншама тест бар. Сон­дық­тан көпшілігі Gallup-тің олардан алып бара жатқан ерекшелігі жоқ деп күмәнмен қарауы қалыпты жағдай. Осы рет­те сарапшылар бұл тесттің құны сапа­сына лайықты деп санайды. Себебі АҚШ – ғылым мен бизнесті ұштастыра біл­ген алпауыт мемлекет. Ең мықты ком­па­ния­лардың шоғырланған мекені. Ғалымдар бизнеске үлес қо­сады, бизнес ғылымды қолдайды.

– Жалпы, 2019 жылғы «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы мен Білім және ғылым министрлігінің статис­тикасы бойынша елімізде адамдардың 60%-ы өз маман­дығы бойынша жұмыс іс­темейді. Яғни, көп адам бойындағы қа­білеттерін дұрыс қолдана алмаған­дықтан, өзіне ұнамай­тын, қызық емес салада жүруге мәжбүр бо­лады. Осы тұрғыда Gallup адамдарға өз бағыттарын табуына көмектеседі. Бойы­мыздағы мық­ты қабілеттерді табу арқы­лы өмірі­мізді өзгерте аламыз. Сол үшін де мен ер­те 17 жастан бастап тестті тапсыруға кеңес берер едім, – дейді Gallup тал­дау­шы Ержан Болатұлы.

Адам өз талантын бағалай алуы керек

Тест тапсырғаннан кейін Gallup сізге 3 түрлі құжат береді. Соның ішін­де ең маңызды 25 беттік pdf форма­тын­дағы құжатта тесттің қорытындысы көр­сетілген. Ол жерде тек барлық 34 қа­­­бі­леттің комбинациясынан шыққан нә­­тиже болады. Файлды ашқан кезде күл­гін, қызғылт, көк және жасыл түстен тұра­тын 34 қабілеттің кестесі бар. Ол Executing, Influencing, Relationship Building және Strategic Thinking деген 4 баған­нан құралған. Тест нәтижесі алғашқы 5 қабілет туралы толық ақпарат береді де, басқаларына қысқа-нұсқа тоқталып өтеді. Тағы айтып өтетін жайт, тесттің нә­тижесі ағылшын тілінде болғандықтан, оны аударып оқу керек. Алған нәтиженің қандай ерекшеліктері бар екенін, оны қалай дұрыс қолдану керек екені жөнінде арнайы тест талдайтын мамандарға жү­гіну керек. Тест нәтижесінде барлық 34 қабілет рет-ретімен қойылған. Оларды да­­­мы­тып, әрі қарай өмірде қолдану үшін іс-әрекеттер жасау керек. Мәселен, Learner (Білім алу) қабілетін пайдалы сабақтарға қатысып, кітап оқу арқылы күшейтуге болады. Тағы бір қабілет – «Эмпатия», ол өзін бас­­қа адамның ор­нына қою, оны сезіне алу қабілеті. Бірақ мұның  теріс жақ­тары да бар. Яғни, эм­патияның кесі­рі­нен көбі басқа адамдар үшін уайымдап жүруі мүмкін. Бұлай жалғаса беретін бол­са, түбі адамның энер­гиясын жейді. Көп стрес­ске, депрес­сияға түседі. Ал қабілетін танып, оның қолдану аясын мең­гере алған адам олай өмірін қиын­дат­пайды. Керісінше, өз қабілетінің ше­карасын біліп, қолдана алады.

– Тесттің нәтижесінде алғашқы 10 қабілетпен жұмыс істеу керек. Әсіресе, бірін­шісімен жұмыс істеуді игер­сеңіз, басқа қабілеттерді дамыту оңай бо­лады. Қа­білет пышақ секілді. Не оны сен ке­сесің немесе ол сені кеседі. Яғ­­ни, қабі­лет­терді жақсы жаққа да, теріс жақ­­қа да қол­дану өзімізге байланысты. Тест ар­қылы мықты қабілеттерді ғана емес, әлсіз қабілеттерді де анықтауға бо­лады. Тесттің қорытындысын алған соң түсіну-қабылдау-әрекет ету деген ал­горитммен жұмыс істеу керек. Түсіну ке­зінде та­лант­тар бойынша жақсылап оқып, түсін­ген абзал. Оларды түсініп бол­ған соң неге ондай талант жоқ деп емес, менің таланттарым осы екен деп қа­был­дай алу. Содан соң оларды өмірде қол­дануға тырысу, – дейді Gallup тал­даушы Ержан Болатұлы.

Жастар тест арқылы қабілетін ашуда

Gallup біздің елімізде де сұра­ныс­қа ие. Әсіресе, жастар арасында оған қызығушылық көп. Себебі жастар тест арқылы бойындағы әлсіз және мық­ты қа­білеттерін игеріп, онымен жұмыс істеу арқылы жетістікке жеткісі келеді. Кез кел­ген дамушы ортадағы жастардың ай­татын басты тақырыбы – осы Gallup. Арнайы тест талдайтын мамандарға жү­гі­ніп, зер­т­теп, ізденетін жастар қатары аз емес. 

– Менің бұл тестті тапсыруыма түрт­кі болған нәрсе – өзімді тану. Өзімнің іш­кі қалауларымды, қандай іске икемім бар екенін білгім келді. Осылайша, Gallup жайлы жан-жақты іздене бастадым. Тест тапсыру арқылы бойымдағы қабі­лет­терімен жұмыс істеп, оларды дамыту ке­рек екенін түсіндім. Мәселен, менде ал­ғашқы орында тұрған «Контекст» та­лан­ты, ол сенің ойлау қабілетіңе бай­ла­ныс­ты. Ондай адамдар көбіне өткен шақ­пен ойланады және бүгінгі күнін сол бұрынғы жасаған таңдауларының нә­ти­жесі деп біледі. Сондай-ақ ол бір істі не­месе құбылысты түсіну үшін оның өт­ке­ніне үңілгісі келіп тұрады. Жақын дос­тарым «сенің есте сақтау қабілетің мық­ты» деп мақтайтын, ал оның бәрі осы бір талантымның арқасы ғой негізі, – дейді Gallup тапсырушы Ерзат Мейрам­бекұлы. 

Gallup-тің негізгі мақсаты – адам­дардың бойындағы мықты қабілеттерін көр­сетіп, сол арқылы дамыту. 

Жанель ҚҰТТЫБАЙ