Жиhанкездің басты мақсаты – әлемді көріп қана қоймай, Қазақстанды көпке таныту.
Жезқазған тұрғыны Меккеге екінші рет велосипедпен барып келді
1,603
оқылды
Жезқазған қаласының тумасы қасиетті Мекке қаласына екінші рет велосипедпен барып қайтты. Қажылық сапардан қажымаған Талғат Жұмабеков елге тамыз айының басында оралды.

Талғат Жұмабеков продюсерлік орталықта жұмыс істеген. Тіпті, хореограф та болған. Артынша дүниежүзін шарлағысы келген екен. Осылайша, мұсылман үшін қасиетті Меккенің топырағын басу басты арманы болыпты. Бірақ өзгелер сияқты айшылық алыс жерге ұшақпен жедел жете салмай, мыңдаған шақырымды велосипедпен еңсеруге бел буған, – деп хабарлайды "Хабар 24".

"Баяғы кездері Меккеге жиhанкездер жылқы, атпен, тіпті жаяу барған. Сөйтіп, біраз қиыншылықтарды көріп, сондай жетістіктерге жетіп отырған. Қазір ондай жағдай жоқ қой. Ұшақпен бәрі барып жүр деп, өзін сынағысы келді ғой. Сонда мен "велосипедпен бар" деп айтқанмын. Жай әзіл ретінде. Соны ол қағып алды да велосипед сатып алып, сонымен кетті", – деді Талғаттың досы Еркін Жабағинов.

Жиhанкездің басты мақсаты – әлемді көріп қана қоймай, Қазақстанды көпке таныту. Тіпті,  велосипедіне көк Туымызды орнатып алған. Осылайша, сапар аясында жергілікті тұрғындарға еліміз туралы айтып, оларды Қазақстанға келуге шақырады. Бүгінгі күнге дейін Талғат 63 мыңнан астам шақырымды еңсерген. Әлемнің 49 елінде болған. 

"Маған Орталық Америка қатты ұнады. Мексика, Гватемала, Колумбияда да болдым. Аңғарғаным, адамдары қарапайым әрі мейірімді. Әркез көмектесуге дайын тұрады", – дейді саяхатшы Талғат Жұмабеков.