Талдықорған қаласына қарасты Мойнақ ауылының тұрғыны қазақтың ата кәсібінің бірі – мал шаруашылығынан нәпақа тауып, бала-шағасын өсіріп отырған қарапайым азаматтардың бірі. Сәлімхан Ерғазыұлы көп жылдан бері ешкі бағып, табысын еселеп отыр. Сексек ата түлігінің пайдасын көріп, қатардан қалмай отырған отбасының қорасында 600-ге жуық ешкі бар.
Ебін тауып, ешкі баққан
2,023
оқылды

– Бұл тірлікте әркім өзінің бейіміне, қолайына қарай еңбек етіп, шаруашы­лығын дөңгелетіп, бала-шағасын тарық­тыр­мау жолында қарекет етеді ғой. Біз бір атадан тараған 6 ұл едік. Есейе келе әрқай­сымыз өзімізге қолайлы деген түрлі кәсіп­тің тізгінін ұстадық. Мен бала кезімнен төрт түлікке жақын едім, сол малдың соңы­нан кеттім. Арғы бетте де осы тірлікті қаузадым. 2004 жылы Қытайдан атажұртқа біржола қоныс аудардым. Алға­шында қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауда­нындағы асқар Алатаудың қойнауында ор­наласқан Бесмойнақ деген жерге ірге теуіп, оншақты ұсақ мал сатып әкеліп, ешкі өсіруді қолға алдым. 

Ешкі түлігі біріншіден, аса өсімтал. Жылына екі-үштен лақ табатындықтан тез көбейеді. Екіншіден, басқа малдың аяғы жете бермейтін жалама жартастардағы аса пайдалы, сирек кездесетін шөптің соны­сын жеп, судың тұнығын ішетіндіктен еті де, сүті де дертке дауа. Оның үстіне, Бесмой­нақтың жері шұрайлы болды. Таулы өңір ешкі өсіруге өте қолайлы екен. Еркін жүрген мал біраз жылда ондағы тау ешкілерімен еркін араласып, өзара буданысып, қаулап өсіп кетті. Даланың аңымен будандасқан ешкінің бір ерекшел­ігі табиғаттың қатал сынағына төзімді, анау-мынау ауа райын елең қылмайды. Сонымен бірге еті кәдімге ешкінікіне қарағанда өте дәмді, майы оңайлықпен қатпайды. Төлі қыста туса да суыққа төзімді болып, өздігінен аяқтанып, енесіне беретіндігіне де көзіміз әбден жетті. 

Сонымен сол Бесмойнақты мекен еткен 6-7 жылда ешкімнің саны бір мың бастан асты. Кейін ағайын-туыстың жағдайына бола, Талдықорғанға қоныс аударғам. Мұнда келгелі де 13 жылға жуықтады. Жалпы ата кәсіппен тұрақты айналысқаныма 20 жылға таяды. Табысы­мыз да жаман емес. Осымен отбасымызды асырап, табысымызды еселеп жүрген жайымыз бар. Жыл сайын төлі есібінен көбейгенде, біразын сатып, ешкі санын белгілі бір шектеуден асырмаймыз. Қазіргі кезде ауылдастарды айтпағанда, облыс орталығы мен маңайдағы ауылдарда өзіміздің тұрақты алушыларымыз бар. Жүні де қосымша пайдаға асып жатыр. Егер, көрші елдегі сияқты малдың терісі мен тұяғы, мүйізіне дейін кәдеге жарата­тын кәсіпорындар болса, табысымыз бүгінгіден де еселенері анық еді , – дейді мал иесі. 

Өзі әңгіме барысында айтқандай, ешкілері Бесмойнақта таутекелермен араласып, будандасып кеткені сырт көзге бірден аңғарылады. Тұрпаттары да ерекше, ал мүйіздері жабайы ешкілердің қаны ба­рын бірден аңғартады. Сәлімханнан мал алып тұратындардың барлығы оның бағы­мын­дағы ешкінің еті ерекше екенін там­сана отырып, айтады. Алдағы кезде ешкі­нің етін сатумен бірге, сүт саууды да жолға қойса деген тілектерін жайып салды. 

Ғалымдардың анықтауынша, ешкі сүті түрлі дәрумендерге аса бай, тіпті, дүние есігін жаңа ашқан  нәресте үшін ана сүтінің орнын басарлық қасиетке ие. Сонымен бірге еті де асқазанға жеңіл, тез қорытылады. Ешкі басқа малдың аяғы жете қоймайтын тау-тастарда емін-еркін жайылатындықтан, небір емдік, пай­далы шөппен қоректенеді. Сондықтан оның еті мен сүтінің денсаулыққа аса пайдалылығы еш күмән тудыр­маса керек. 

Қазақстанға көшіп келген жиырма жылға жуық мерзімде бала-шағасының нәпақасын осы Сексек ата түлігін өсіруден айырып, от­басын қатардан қалдырмай отырған Сәлім­жан болса ешкі сүтінің артық­шылықтары бүгінгі ғалымдарымыз енді ғана ашқан тың жаңалық емес, оны дала данышпандары атанған ата-баба­ларымыз ықылым заманнан ақ дәлелдеп қойған дейді. Оған қазақтың бұрыннан ешкі мен түйенің сүтін шала туып, тымаққа салып баққан нәрестеге ана сүті орнына беріп келгені, сирек кездесетін жұмсақ сүйек, өкпе ауруларын емдеуге кеңінен пайдаланғаны дәлел бола алады. Осының өзінен-ақ, ата-бабамыздың ешкі сүтінің жоғары емдік қасиетін ертеден біліп, орынды қолдана білгенін аңғартады. 

 Сәлімжан Ерғазыұлы 1964 жылдың тамыз айында Шығыс Түркістанның Тарбағатай өңірінде дүниеге келген. 2004 жылы ата-бабасының атамекені Қазақ­станға қоныс аударған. Содан бері мал шаруашылығымен шұғылданып келеді. Қазір негізінен ешкі бағады. Сыртқа алақан жайып көрмеген. Адал еңбегінің арқасында елден қалыспай, бақуатты тірлігімен айналасын тәнті етіп отыр. Отбасылы, екі қыз, бір ұлы бар. Балалары дәстүрлі ән айтуға әуес. Үлкен қызы Нұрдана Сәлімжан Талдықорғандағы саз колледжін бітіріп, қазір Алматыда арнайы дәстүрлі ән айту бойынша білімін шың­дауда.

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы