Бейнебақылау камералары 7 600 мектепте орнатылған.
Үкімет басшысы жаңа оқу жылы қарсаңында ІІМ жұмысымен танысты
884
оқылды

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жаңа оқу жылы қарсаңында Ішкі істер министрлігінде болып, ведомство жұмысымен танысты.

Ішкі істер министрлігі республикадағы қалалардың көшелері мен қоғамдық орындарында «толық қамту» принципімен бейнебақылаулар енгізуде. Жыл басынан бері полицияның жедел басқару орталықтарындағы (ЖБО) бейнекамералар арқылы 6 мың қылмыс ашылған, 2,7 млн жол ережесін бұзу, сондай-ақ 312 мың басқа да әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Нәтижесінде, биыл еліміздегі қылмыс көрсеткіші 17%-ға төмендеген.

Бұдан бөлек, Үкімет басшысы мектептердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарымен танысты. Атап айтқанда, оқу орындарында орнатылған бейнекамералардағы жазбалар мен дабыл түймешелерінің сигналдарын жедел басқару орталықтарына және полицияның кезекші бөлімшелеріне шығару барысы көрсетілді. Бүгінде мұндай шаралармен 3 654 мектеп қамтылған, бейнебақылау камералары 7 600 мектепте орнатылған. Оларды қосу жұмыстары жалғасып жатыр.

Сонымен қатар ішкі істер органдарының мекемелері де жаппай бейнебақылаумен қамтылған. Барлығы 18 мың камера орнатылған. Бұл қызметкерлердің және жұмыс процесіне басқа да қатысушылардың іс-әрекетін бақылауға мүмкіндік береді. Дәл осындай жұмыстар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде де жүргізілуде. Атап айтқанда, 52 колонияға 22 мың бейнекамера орнатылған. Бейнебақылауды Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ситуациялық орталығы мен прокуратура органдары жүргізеді.

Бұдан бөлек, Үкімет басшысы «Цифрлық полицей» жобасы аясында сатып алынған жаңа бейнежетондардың жұмысын бағалады. Құрылғы видеоны басшылар мен басқа да тексерушілердің жұмыс орындарына онлайн режимде трансляциялайды. Бейнежетондарға орнатылған бағдарлама полиция қызметкеріне бейнежазбаларды өз бетінше жоюға, құрылғыны өшіруге немесе өзінің отырған жерін жасыруға мүмкіндік бермейді.

Премьер-Министрге полицияға жол ережесін бұзғандарды анықтауға көмектесетін «Қорғау» жүйесінің ерекшеліктері туралы баяндалды. Бағдарлама көше камераларынан алынған деректерді талдай отырып, жақын маңдағы полиция қызметкерінің планшетіне қауіпті жүргізушінің келе жатқаны туралы сигнал береді. Бұл жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзушы, не болмаса жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік жүргізушісі де болуы мүмкін.

Әлихан Смайылов тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту шараларын жүзеге асыру барысымен, көші-қон саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету жұмыстарының нәтижесімен және CyberPol интернет-алаяқтықпен күрес жөніндегі жобамен танысты. Атап айтқанда, полиция байланыс операторларымен бірлесе отырып, жалған нөмірлерден келетін қоңырауларға техникалық тосқауыл қояды, нәтижесінде, бүгінде алаяқтардың 36,5 млн қоңырауына тосқауыл қойылды.

Есірткі қылмысымен күрес бойынша, биыл құқық қорғау және арнайы органдар 14 тоннадан астам есірткі тәркіледі, оның ішінде 71 келіден астамы героин және 652 келісі «синтетика». Құны 24 млрд теңге болатын 4,7 млн бірреттік доза айналымға жіберілмеді. 52 есірткі зертханасы жойылды. Сондай-ақ 85 тонна прекурсор тәркіленіп, нәтижесінде 20 млн бірреттік «синтетика» өндірісіне тосқауыл қойылды. 2,5 мың есірткі сайты бұғатталды.

Сонымен қатар кадрлық процестерді автоматтандыру қорытындысы, жедел қызмет, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және жалпы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша өзекті мәселелер қаралды.

фото: primeminister.kz