Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Үндістаннан қарағандылық әйелді балаларымен қайтаруға көмектесіп жатыр.
"Қазақстандық әйел Үндістанда 3 баласымен тұтқында отыр": Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады
1,990
оқылды

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Үндістаннан қарағандылық әйелді балаларымен қайтаруға көмектесіп жатыр, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, «НеМолчи» қорына Калькуттада тұрып жатқан қарағандылық әйелден өтініш түскен. Ол 10 жастағы, 3,5 және 1,1 жастағы үш баласымен аталған қалада тұрып жатыр.

Таратылған мәліметке қарағанда, аталған әйел отбасындағы зорлық-зомбылықтан зардап шегіп жатқан көрінеді. Үш баланың анасы кейінгі 4 жыл бойы өзін ұрып-соғып, бүкіл отбасын тұтқында ұстаған күйеуінен құтқаруды өтініп отыр.

«Осы жерден кетуіме кемектесіңіздер», – деп жазды ол.

Аталған әйел балаларымен бірге Қазақстанға оралғысы келеді. Алайда кішкентай екі баласында виза жоқ екен, ал үлкен қызында визалық режимнің мерзімі өтіп кеткен.

Өз кезегінде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі осы отбасының мәселесімен консул айналысып жатқанын және құжаттарын түгендеу басталғанын жариялады.

«Консул балалардың анасымен байланысқа шығып, барлық көмекті жасайды. Оларды Қазақстанға қайтаруға көмектесеміз», – делінген министрлік мәліметінде.