«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының ХХХІХ есеп беру-сайлау конференциясы өтті.
«Ауыл аманаты»: Атырауда 188 жобаға несие беріледі
691
оқылды

Партиялықтар кейінгі екі жылда атқарылған жұмысты қорытындылап, алдағы жоспарды бекітті. Сондай-ақ Саяси кеңестердің жаңа құрамы сайланды.

Осылайша, делегаттар партияның 1 облыстық және 7 аудандық филиалдарындағы Саяси кеңестердің құрамын бекітті. Олардың құрамына бас-аяғы 140  адам кірді. Оның 33,6%-ы – әйелдер, ал 20%-ы – жастар. Жалпы, Саяси кеңестердің құрамы биыл  41,3%-ға жаңарды.

 

Жиынға «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев, партияның Атырау облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, партия ардагерлері, мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы органдар басшылары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары және «Жастар рухы» Жастар қанатының мүшелері қатысты. 

 Өз кезегінде, партияның  Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов өңірдегі сайлауалды уәденің орындалу барысына тоқталды. 

«Ауыл аманаты» партиялық жобасы аясында республикалық жобалық кеңсе және облыстық жұмыс комиссиясы құрылды. Биыл облысқа 1 млрд 500 мың теңге бөлініп, 188 жобаны несиелендіру басталды. Қазіргі кезде 34 жоба қабылданып, 13 жобаны қаржыландыруға 91 млн 611 мың теңгеге несие беру мақұлданды. «Жер аманаты» жобасы аясында 7 айда Атырау облысы бойынша заңсыз жекешелендірілген немесе пайдаланылмай жатқан жалпы көлемі 61 385,96 гектарды құрайтын 131 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында аймақтың 6 ауданында 2 мыңнан астам тұрғын оқу курсынан өтіп, несиені жабу, қарыздарды ішінара өтеу, бизнес жоба дайындау бойынша 502 азаматқа жеке консультация берілді», – деді ол. 

«AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев өңірдегі өзекті мәселелерге жеке-жеке тоқталып, аймақтың экологиялық ахуалына айрықша назар аударды.

 

«Атырауда қаражат көзі бар. Алайда сол қаражат Өзбекстан, Ресей секілді өзге елдердің қазынасын еселеп жатыр. Жергілікті өнім бар, бірақ оны сақтай алмай отырмыз. Бір ғана мысал,  дағыстандықтар жазда Махамбет ауданынан фурамен қызанақты тиеп әкетіп, қыста қайтадан әкеліп  бірнеше есе қымбатқа сатады. Неге? Себебі олардың өнімді сақтайтын  қоймалары бар. Атыраулықтардың өнімі де, табысы да, екінші айналымға түспей, сыртқа кетеді», – деді ол. 

Жиында Мақат аудандық Орталық ауруханасының директоры Рыскүл Тайшекенова, Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. ЖШС-ның аға менеджері, «KPI» бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары Ерназар Құлназаров және М.Әуезов атындағы орта мектебінің директоры, Жылыой аудандық мәслихатының депутаты, фракция мүшесі Сымбат Қабдрахманова өздерінің ұсыныстары мен ой-пікірлерін ортаға салды. 

 

Осы күні «АMANAT» партиясының хатшысы  Эльдар  Жұмағазиев Исатай ауданы Х.Ерғалиев ауылының тұрғындарымен кездесіп, халықтың көкейкесті  сұрақтарына жауап берді. Жергілікті халықтың пікірін, ұсыныстарын және талап-тілектерін тыңдады. Бұған дейінгі  іссапарларында аудан, ауыл халқымен кездескен партия Хатшысы сол жиындарда көтерілген мәселелердің оң шешімін тапқанын айтып, халыққа жақсы жаңалығын жеткізді. Бұрын ел бойынша ауылдардағы бюджет 42 млрд теңгені құраса, енді бұл сома 3 есеге дейін өседі.  Қазір аудан әкімдерінің  білім беру, денсаулық, мәдениет саласы бойынша  құзыреті  жоқ. Яғни, ауданды басқарғанымен, жекелеген сала  басшыларына құзыры жүрмейтін. Аудан әкімдеріне білім беру және мәдениет салалары бойынша  құзыреттілік беріледі деді ол.  

Қорытындылай келе, «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев аманаттықтарға партияның абыройына нұқсан келтірмей,  халықтың артқан сенімін адал атқару керек екенін айтты.  

Айта кетейік, Атырау облысында «AMANAT» партиясының 24 мыңнан астам мүшесі бар. Бүгінде олар 106 бастауыш партия ұйымына біріктіріліп отыр.