21 сайлау округінде мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау тағайындады.
29 қазанда Қазақстанда мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау өтеді
1,001
оқылды

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (бұдан әрі - Сайлау туралы Конституциялық заңы) 101-бабы 3-1-тармағына сәйкес шығып қалғандардың орнына мәслихаттар депутаттарын сайлау наурыздың соңғы жексенбісінде және (немесе) қазанның соңғы жексенбісінде бір мезгілде өткізіледі.

Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі хабарлайды.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, 2023 жылғы 29 қазанға бос орындарды ескере отырып, республиканың 11 өңірінде – Абай, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында тиісті аумақтық сайлау комиссиялары 21 сайлау округінде мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау тағайындады.

Барлығы 2 облыстық, 7 қалалық және 12 аудандық мәслихат депутаттары сайланатын болады.

Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес мәслихат депутаттығына бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын кандидаттарды саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ егер жарғыда тиісті өкілеттік көзделген болса, олардың құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) және өзін-өзі ұсыну арқылы азаматтар ұсынады.

Мәслихат депутаты болып сайлану үшін азамат Конституцияның 86-бабы 3-тармағында белгіленген талаптарды қанағаттандыруға, сондай-ақ Конституцияның 33-бабы 2 және 3-тармақтарына және Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес сайлау құқығына ие болуы тиіс.

Осылайша, 20 жасқа толған Қазақстанның  азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкім бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар, сондай-ақ сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адамдар сайлану құқығына ие бола алмайды.

Мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына кандидаттарды ұсыну осы жылғы  30 тамыздан бастап 28 қыркүйектің сағат  18:00-ге дейін өтеді. Кандидаттарды тіркеу 3 қазанда сағат 18:00 аяқталады.

Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына сәйкес, тиісті аумақтық сайлау комиссиялары шығып қалғандардың орнына сайлау округтері бойынша мәслихаттардың депутаттарын сайлауды тағайындайды, округтік және учаскелiк сайлау комиссияларының қызметiне басшылық жасайды, сайлау комиссияларының орналасқан жерi туралы сайлаушыларға хабарлайды, мәслихаттардың депутаттарын сайлауын ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етеді.

Округтік сайлау комиссиялары бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша мәслихаттардың депутаттарын сайлауын ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы осы сайлауды ұйымдастыруды мен өткiзу кезiнде аумақтық сайлау комиссияларына әдiстемелiк басшылықты, сондай-ақ олардың қызметiнің Сайлау туралы Конституциялық заңының талаптарына сәйкес келуін бақылауды жүзеге асырады. Сонымен қатар өзінің интернет-ресурсында 11 өңірде 21 сайлау округінде мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау бойынша жалпыланған ақпарат беретін болады:

1.

Абай облысы

2.

Ақтөбе облысы

3.

Алматы облысы

4.

Алматы қаласы

5.

Жамбыл облысы

6.

Жетісу облысы

7.

Қарағанды облысы

8.

Маңғыстау облысы

9.

Павлодар облысы

10.

Солтүстік Қазақстан облысы

11.

Шығыс Қазақстан облысы