Қатысуға өтінімді pkrezerv.gov.kz сайтында 1-30 қыркүйек аралығында беруге болады.
Президенттік жастар кадр резервіне өтінімді қалай беруге болады?
943
оқылды

1 қыркүйектен бастап Қазақстанда Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу басталады, – деп хабарлайды Мемлекеттік қызмет істері агенттігі.

Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.

photo

 

Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады және 2023 жылдың 1 қыркүйек – 25 желтоқсан аралығында өтеді. Оның қорытындысы бойынша резервке үздік 50 үміткер іріктеледі. Резервте болу мерзімі – 3 жыл. Осы кезеңде резервшілер конкурстық іріктеусіз әртүрлі мемлекеттік лауазымдарға тағайындалуы мүмкін.

Қатысуға өтінімді pkrezerv.gov.kz сайтында 1-30 қыркүйек аралығында беруге болады.

Сайтқа қалай тіркеледі?

Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен 30 қыркүйегіне дейін қатысушы ЖСН және электрондық поштаны енгізу арқылы сайтта тіркеуден өтуі қажет.

Үміткердің жасын тексергеннен кейін жүйе оған жеке кабинетте анкетаны толтыруға және қажетті құжаттарды жүктеуге мүмкіндік береді.

Жобаға қатысу үшін қандай құжаттар қажет?

Сайтқа тіркелу үшін келесі құжаттардың көшірмелерін жүктеу қажет:

1) жоғары білім туралы диплом;

2) еңбек қызметін растайтын құжат (ҚР Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес);

3) мемлекеттік тілді B1 деңгейінен төмен емес меңгергенін растайтын әрі жарамды QAZAQ RESMI TEST немесе KAZTEST сертификаты.

Сондай ақ тіркеу кезінде қатысушылар алты салалық бағыттың бірін таңдауы керек:

1. Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты;

2. Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау;

3. Сыртқы саясат және инвестициялар

4. Экономикалық және қаржылық саясат;

5. Цифрландыру

6. Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам;

Мемлекеттік тілді білу туралы сертификатты қалай алуға болады?

Өтінім беру кезінде мемлекеттік тілді меңгергені туралы сертификат болмаған жағдайда үміткерге сайтта берілген промокод арқылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «ҚАЗТЕСТ» жүйесінде офлайын немесе ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының QAZAQ RESMI TEST бойынша онлайн тестілеуден бір рет тегін өту мүмкіндігі беріледі. Qazaq RESMI TEST немесе ҚАЗТЕСТ-те тестілеуден өту үшін сайтта ұсынылған промокодты кандидат жеке өзі пайдалануы тиіс.

Qazaq RESMI TEST немесе ҚАЗТЕСТ-те тестілеуден өту үшін ұсынылған промокодты кандидат жеке өзі пайдалануы тиіс. Үміткер тиісті сертификат алғаннан кейін іріктеуге қатысу үшін тіркеуді аяқтай алады. Сертификат беру мерзімі – 2-7 жұмыс күні аралығын құрайды.

Тестілеу – Мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілеттерін бағалауға қалай жазылуға болады?

Тестілеудің бірінші блогы – «Мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілеттерін бағалауға» жазылу өтінімнің қабылданғанын растайтын хабарламаны алған сәттен бастап 2023 жылғы 30 қыркүйек сағат 23.59-ға дейін ашық болады. Қатысушы ұсынылған нұсқалардан тестілеу уақытын таңдауы керек.

Кері байланыс

Тіркелу барысында сұрақтар туындаған жағдайда үміткер 24/7 жұмыс жасайтын pkrezerv.gov.kz сайтындағы Jivo сайт немесе +7708 096 70 70 нөмір бойынша қолдау қызметіне, сондай-ақ info@pkrezrv.gov.kz электрондық поштасына хат жолдау арқылы жүгіне алады.