Өскемен қаласында аспаздар ұзындығы 100 метрден асатын салат жасап, Гиннестің рекордтар кітабына енді, – деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Өскемендік аспаздар жасаған 100 метрден асатын салат Гиннестің рекордтар кітабына енді
1,238
оқылды

30 тамыз өскемендіктер үшін тек Конституция күні ғана емес. Бүгін олар қала күнін де атап өтуде. Таңертеңнен орталық алаңда түрлі мерекелік іс-шаралар өткізіліп жатыр.

Атап айтқанда, қарбыз фестивалі, бал жәрмеңкесі, «Шығыс дәмі» гастрономиялық фестивалі ұйымдастырылды. Қолөнершілер өз өнімдерін ортаға шығарып, сауда-саттық қыза түсті.

Ерекше айта кетерлігі, мерекеге орай 15 аспаз далада ең ұзын «Капрезе» салатын дайындады. 100 метр 15 сантиметрлік осындай салат бұрын-соңды еш жерде жасалмаған.

«Салаттың ұзындығы 100 метрге жетеді деп ойлаған едік, бірақ одан асып кетті. Осылайша, Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. Енді Өскемен осындай әлемдік рекорд орнатқан қала ретінде тарихта қалады», – дейді Гиннес рекордтарының Қазақстан өңірлік кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов.

Қазіргі уақытта орталық алаңда эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт жалғасып жатыр. Іс-шаралар легі сағат 22.00-де отшашумен түйінделмек.