М.Өтемісұлы атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында 30 тамыз - ҚР Конституциясы күніне орай салтанатты жиын өтті. Жиынға облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, атыраулықтарды атаулы күнмен құттықтады.
Атырауда Конституция күніне орай салтанатты жиын өтті
450
оқылды

– Қай заманда болмасын біздің Ата заңымыз болды.  «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», әз Тәуке хан тұсындағы «Жеті жарғы» заңдары бәріңізге белгілі. Бұлардың бәрі – қара қылды қақ жарған төл заңдарымыз. Ата Заңымыздың сүйенетін негізі, қайнар бұлағы деп түсінемін. Адам құқығын бәрінен биік қойған Конституциямыз егемен елімізді әлемдік аренаға танытты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Конституцияның мазмұны уақыт талабына сәйкес жетіліп, жаңартылып отырады, бұл заңды құбылыс», деді. Жалпыхалықтық референдум нәтижесінде Конституцияның 33 бабына 56 толықтыру енгізілді. Еліміздің негізгі Заңы мүлде жаңа сипатқа ие болды. Бұл әділдік принципін орнатуға бағытталды. Елімізде болып жатқан оң өзгерістің бәрі сіздердің берген таңдауыңыздың арқасында. Жер жаһандағы жалғыз Отанымыз – Тәуелсіз Қазақстанымызды қарыштап өркендете беруге бәріміз үлес қосайық. Бүгінгі қастерлі мереке құтты болсын! – деді С.Шәпкенов.

Мереке құрметіне өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар қызметкер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Баян Жанұзақова