Тәуелсіз Қазақстанның саяси жүйесі митингілер туралы заңнаманы ырықтандырудан бастап партияларды тіркеуді жеңілдетуге және аралас сайлау жүйесін қайтаруға дейінгі бірқатар реформадан өтті.
Қазіргі жағдайда Президентті қолдау қажет – Никита Шаталов
679
оқылды

Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Никита Шаталов партия фракциясының кеңейтілген отырысында мәлімдеді.

Ол тарихта алғаш рет Парламенттің төменгі палатасында бәсекелес алты фракцияның пайда болғанын және нақты округтен өкілдік ететін бірмандатты депутаттардың арқасында аймақтық сайлаушылардың дауысы естіле бастағанын айтты.

«Қазақстан геосаяси жағдайға қарамастан, құрылымдық саяси реформалардан өткен әлемдегі санаулы мемлекеттердің біріне айналды. Әлемдік күйзелістерге қарамастан, біз мемлекеттік басқару жүйесін толығымен жаңарта алдық. Біз ешкімге жалтақтамай, өз күшімізге сендік. Қазіргі жағдайда Президент бағытын одан әрі қолдау қажет», –  деп санайды халық қалаулысы.

Депутат партияның сайлауалды бағдарламасы Президенттің экономиканы жаңғырту жөніндегі бастамаларымен тығыз байланысты екенін айтты.

«Мәжілістің VIII шақырылымының бір ерекшелігі – депутаттар көптеген маңызды заң жобаларына бастамашысы болды. Мысалы, президенттік реформаларды жүзеге асыру үшін қажетті 13 заң жобасы біздің фракциядан ұсынылды. Бұл біздің Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі екенімізді көрсетеді. Мәселен, бірінші сессияның 100 күнінде активтерді қайтару туралы заң қабылданды, ол қазақстандықтардың әділдікті сұрауына жауап болды. Депутаттар сонымен қатар онлайн-платформалар мен онлайн-жарнамалардың қызметін реттейтін заңға бастамашы болды. Сондай-ақ  Жер кодексіне енгізілген түзетулердің арқасында шетелдіктер мен шетелдік заңды тұлғаларға бұдан былай жер меншікке берілмейді», – деді Никита Шаталов.