Жетісу облысында тойға барған 20 адам уланып қалды

Кінәлі адамдар анықталып жатыр.

Қабанбай ауылында өткен тойда 20 адам уланып қалды,  – деп хабарлады Жетісу облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.

28 тамызда Алакөл аудандық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына аудандық ауруханадан хабар түскен.

Онда «инфекциялық шығу тегі өзге және анықталмаған гастроэнтерит және колит» алдын ала диагнозы қойылған 20 адам ауруханаға түскені айтылған.

"Алакөл орталық аудандық ауруханасында зардап шеккен барлық адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Оның 11-і жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды, қалған 9-ы ауруханаға жатудан бас тартты. Науқастардың жағдайы бірқалыпты", – деп жазылған хабарламада.

Басқарма адамдар уланған мейрамханаға эпидемиологиялық тергеу басталғанын жеткізді.

"Тергеу барысында 27 тамызда Қабанбай ауылындағы «Шағала» мейрамханасында өткен үйлену тойында дайын тағамдарды тұтынған адамдар уланғаны анықталды. Облыстық және аудандық мүдделі органдарға хат жолданды",– деп жазылған хабарламада.