Елімізде соңғы жылдары педагогикалық мамандықтарға бөлінетін грант саны күрт өсті. Кейінгі екі жылда бөлінген тегін грантты игере алмаған колледж бен университеттер түлектерді шекті балына қарамай қабыл­дауға даяр екендерін айтып, жарнама таратып әуреге түсіп келеді.
Аяулы мамандыққа адасып келгендер көп
1,039
оқылды

Мемле­кет қазір мұғалім бол­ғысы келетін түлектердің шәкірт­ақысын да өзге мамандықтарға қарағанда ана­ғұрлым арттырып, жалақысына дейін жыл сайын көбейтіп отыр. Әрине, ұрпақ тәрбиелеудегі ұлы міндетті мой­нына алғысы келе­тіндердің қатары өскені қуан­тады.

Тек  айлық үшін айлаға барып, барар жері қалмаған соң білім саласына жолы түскендердің де жиілей бастағаны жанға батып отыр. Олай деуімізге себеп те жоқ емес. Осы күні шекті балды жинай алмаған түлектер де тегін гранттан үмітті бола алады. Ал сұмдығы сол, өзге салалармен салыстырғанда орта білім беру мекеме­лерінде жалған дипломмен жұмысқа тұрғандардың саны да саңырауқұлақтай қаптап барады.

Бүгінде елімізде 49 ЖОО-ның педа­гогикалық бағыттар бойынша лицензия­лары бар. Осы оқу орындары талапкерлерге тегін білім беру үшін мемлекет мүмкіндікті молынан беріп отыр. 2021-2022 оқу жы­лында бака­лав­риатқа түсу үшін 56 мыңнан астам грант бөлінді. Былтыр бакалавриатқа түсушілерге 73 мың грант  тағайындалса, биыл 2023-2024 оқу жылына жоғары білім берудің білім беру бағдарламалары бойынша оқу үшін барлығы 73 061 грант берілген. Сондай-ақ халқы тығыз, батыс және жаңадан құрылған өңірлерден жас­тарды оқыту үшін 5000 нысаналы грант бө­лінді. Соның ішінде жыл сайын педа­гогтерді даярлау үшін гранттардың саны да өсіп келеді екен. Мысалы, 2019-2020 оқу жылы   – 9497, 2020-2021 оқу жылы   – 9529, 2021-2022 оқу жылы   – 11323, 2022-2023 оқу жылы  – 15 273, ал биыл­ы оқу жылында 15 923 грант бөлініп отыр.  Ал 2021 жылдан бастап педагогика­лық бағыттарға түсу үшін өту балы 50-ден 75 балға дейін көтерілді. Нақтылап айтсақ, ең жоғары 139 балды жинағандар шет тілі мұғалімі, ал болашақ әлеуметтік педагог атану үшін белгіленген ең төменгі балл – 75 балды жинауы тиіс. Айталық, биылғы оқу жылында ақпараттық технология мамандығына түсушілердің шекті бал саны 105-тен 136-ны құрап отыр. Ақпарат­тық қауіпсіздік саласы маман­дығына 84 балдан бастап 123 балл жина­ғандар іліксе, авиациалық техника және технологияларға – 99-127, ұшатын аппарат­тар мен қоз­ғалтқыш­тарды ұшуда пайда­лануға – 108-119 балл алғандардың айы оңынан туған. Ал  педагогика және пси­хология маман­дығына оқуға түскен­дердің тізімінен 50, 51, 52, 53 балл жинаған түлек­тердің де қарасы көрінеді. Оған қарағанда болашақ мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу­шілер  76 балмен грантқа ілінген екен. 

Биылғы оқу жылында 88 204 студент мемлекеттік грант бойынша білім алады. Себебі 94 мың түлек 73 мың грантқа «таласты». Бәсеке жоқ. Кей мамандық­тардың гранты жабылмай қалғандықтан жарты жылдан соң қайта бөліске түсіп, сапырылысып жатыр. Тегін грантты талапкер­лерден қызғанып отырған біз жоқ. Біздің айтпағымыз, аяулы маман­дыққа адасып келушілер мен жалақы үшін жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген «мұғалім­дердің» біліктілігі білімді ұрпақ тәрбиелеу ісіне балта шаппас па деген күдік. Өйткені таяуда ел мектептерінде білім сапасының сын көтермейтінін  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсен­ова да айтқан еді. Оның айтуынша, ел мектептерінде білім сапасының сын көтер­меуінің бірнеше себебі бар.  Айтуынша, тәжірибе көрсет­кендей, мектептердегі білім сапасының төмендігінің себептері мектепті басқару мен басқару жүйесінің нашарлығы, мұғалімдердің біліктілігінің төмендігі және материалдық-техникалық базаның әлсіздігі болуы мүмкін. Бұл мәселені ол оқушылар­дың оқу жетістігін бақылау арқылы шешуге болады деп есептейді. «Жүйе нәтижелі болды және біз PISA халық­аралық студенттерді бағалау бағдар­ламасының халықаралық бағалау кезеңдері арасындағы жұмыстың нәтижесін көре алдық. Бұл жүйе ЭЫДҰ-ның барлық елінің тәжірибесінде бар. Бағалауды жыл сайын тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, үкімет айқындайтын ұлттық үйлестіруші жүргізетінін атап өткім келеді. Бағалау жүргізілсе, оларға қатысты мақсат­ты шаралар қабылдау үшін өңірлер бойын­ша әлсіз мектептер анықталады», – дейді вице-премьер. Бүгінде жергілікті әкімдік­терге мұғалімдердің үздіксіз біліктілігін арттыруға қаржы бөлу, ал оқу-ағарту ми­нистрлігіне мұғалімдер үшін сұранысқа сай, сапалы әрі қысқа мерзімді курстарды дайындау міндеті жүктеліп отыр. Яғни әкімдіктерге тиісті біліктілігі, ұжыммен және балалармен жұмыс істей алатын білікті мамандарды ұйым басшылары етіп тағайындау қажет. 

Бұл дегеніңіз, он бір жыл мектеп қабыр­­ғасында және төрт жыл универ­си­тетте тәлім алған дайын маманды жылдар бойы сүйрелеп, біліктілігін арттырумен әуре-сарсаңға түсіп келеміз деген сөз. Әрине, оның ішінде ұстаздық етудің иісі мұрнына бармайтын жалған педагогтер де толып жүр. Бұл өз кезегінде білім ошағын­дағы кадр қабылдауда баптың емес, бақ­тың шабуына көп көңіл бөлетін «бармақ басты, көз қысты» әрекетке тосқауыл жоқтығын көрсететіндей. 

Сенімсіздіктің себебі де жоқ емес

Білім беру саласының құрметті қызметкері  Өмір Шыныбекұлы білімді ұрпақ тәрбиелеудегі бірінші амалды жемқорлықты жоюдан басталумен байланыстырады.  Себебі бәрін кадрлар шешеді. Оның айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі де, қоғам да оқу жылының ұзақ-қысқалығы секілді сыртқы формаға күш сала бермей, жалған диплом, жалған санат, жалған есеппен, біліксіздікпен күресуі тиіс. «Білім саласын жалған дипломды, жалған санатты педагогтерден, Оқу-ағарту министрлігі мен оның айна­ласын­дағы құрылымдарды, Білім басқар­малары және аудандық білім бөлімдерін біліксіз мамандардан тазартпай, оқу жылын 11 айға созсаң да еш нәтиже бер­мейді. Өйткені білікті мамандар жемқор бас­шыға төзбейді. Егер біздегі жем­қорлардан білім саласын тазартса, білім саласы өзін өзі-ақ тазартар еді», – дейді ол. Әйтпегенде қазіргідей кеше ғана тиісті мемлекеттік емтихандарды тап­сырып, дипломдық жұмысының жобасын қорғап, қолына диплом алған жас маманға бір айға жетер-жетпес уақытта жұмысқа тұру үшін біліктілік тестін тапсыруын талап ету – абсурд. Бұл деген бір Үкіметтің құрамын­дағы қос министрлік – Оқу-ағарту ми­нистрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің бір-біріне деген мүлдем сенімі жоқтығын аңғартып отыр. Десе де Өмір Шыныбекұлы сенімсіздіктің себебі де жоқ емес екенін айтады. 

Түсу талаптарын қатайту маңызды

Халықаралық Edu Stream тіл орта­лығының директоры Наталья Мұхамед­жанова грант санын көбейту ғана емес, грант сомасын ұлғайту саясатын сақтау қажет екенін жеткізді. Бұл ретте, педа­гогикаға байланысты факультеттердегі  жоғары түсу талаптарын белгілеу маңызды. Сол арқылы талапкерлер мен жоғары оқу орындары тарапынан да «таңдау құқығы қалмау» қағидатына нүкте қою қажет. Педагогиканың шығармашылық көз­қарасқа, сондай-ақ жеке қасиеттер мен құзыреттерге назар аударатындығын түсініп, ҰБТ нәтижелерін ұсынумен қатар, сұхбаттасуды енгізу керек екенін жеткізді. Осы арқылы мұғалім болғысы келетіндерді өз арасында іріктеу керек екенін айтып отыр. Себебі  әркім ұстаз бола алмайды. «Расында да қазір елімізде мұғалімдердің жалақысы жоспарлы түрде өсіп жатыр. Сондықтан бұл саладағы кадрлар ағынына да ықпал етіп келеді. Бірақ бұл ЖОО тү­лек­терінің есебінен емес, «қайта даярлан­ған» ересектердің есебінен десек болады. Сонымен қатар айлықтың артуы саладағы жалған дипломдармен жұмыс істейтін «педагогтердің» да санын өсіріп отыр.Сол үшін  жалған диплом жасаушылар мен қолданушыларға  берілетін жауапкершілік қайта қаралу керек.  Біріншіден, диплом­дарды растау бақылау комитетіне сұрау салу арқылы оңай жасалады. Мәселен, шетелдік университеттерде дипломдардың жарамды­лығын растау тәжірибесі бұрыннан бар. Тіпті апостильмен де, ресми сұрау арқылы жалған немесе жалған еместігін білу мектеп басшылығына қиындық тудырмайды.  Сол секілді бізде де министрлікке сұрау салу арқылы дипломның жарамдылығын растау бойын­ша талаптарды белгілеу қажет. Екіншіден, жұмысқа қабылдаушы да, құжат тап­сырушы да екі тараптың жауапкершілігін енгізу уақыт күттірмеуі тиіс», – дейді ол.

Біліктілікке баса мән беру қажет

Балалардың білімді болуы педагог­тердің білімі мен біліктілігіне тікелей байланысты. Сол үшін 2019 жылдан бастап педагог кадрларды даярлау және олардың қоғамдағы мәртебесін арттыруға байла­нысты Мемлекет басшысы іргелі реформа­ларды қолға алды. Осылай деген депутат Жұлдыз Сүлейменова  «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғанын айтады. Оның аясында педагогтердің жалақысын жыл сайын көтеру және олардың біліктілігін арттыру қолға алынған. «Қазір мұғалім­дердің білім сапасына көз жеткізу мақса­тында аттестаттаудан өткізіледі. Сондай-ақ 2021 жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға оқуға түсетін мамандық­тардың шекті балы 75 балға дейін көтерілді.  Оған сәйкес мектепте жақсы оқыған, педагогика саласын таңдап келген, жоғары нәтиже көрсеткен, университетте үздік оқитын студенттерді де ынталантыру үшін басқа мамандықтарға қарағанда шәкіртақы көлемін арттырды.  Мысалы, былтыр басқа мамандықтарда оқитын студенттер 38 мың алса, педагогика саласын таңдаған студенттер 58 мың шәкіртақы алды. Ал биыл педагогикалық мамандықтардың шәкірақысы 67 200, қалған факультеттің студенттері 41 мың теңгеден астам ақша алады.  Мұның өзі – бұл мамандыққа деген үлкен қолдау. Ғылым және жоғары білім министрлігінің берген ресми ақпаратына сәйкес, қазір педагогика мамандығына 75 балдан жоғары жинағандар ғана іліге алады. Меніңше, бұдан төмен болмау керек. Өйткені кезінде 50 балмен осы сала­ға түскен мамандардың өзінің біліктілігін арттыру  маңызды болып отыр. Балалардың біліміне бас ауыртқымыз келсе, білім ордасындағы мамандардың біліктілігіне баса мән беру қажет. Ол үшін педагогика мамандығына грант үшін емес, жүрек қалауымен келгенде ғана нәтиже болады», – дейді депутат. 

Осыдан бірер ай бұрын ғана Солтүстік Қазақстан облысында бір жыл ішінде 80 жалған құжат сатып алу дерегі тіркелгені мәлім болды.  Облыстық прокуратураның дерегінше, өңірде ай сайын жалған диплом пайдаланудың кем дегенде алты дерегі тіркеледі екен. Былтыр осындай 80 дерек анықталғанымен, мерзімінің өтіп кетуіне байланысты қылмыстық істердің басым бөлігі тоқтатылса, жалған құжат ұсынған «мұғалімдер» жұмыстан босатылып қоя беріліпті. Ал жақында Атырау облысында 81 мұғалімнің жалған дипломмен жұмыс істегені анықталды. Оның 51-і мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде, ал 30-ы орта мектепте сабақ берген. Айта берсең, мұндай мектеп те, «мұғалім» де көп. Алайда құзырлы орындар әрбір мектептің артынан шам алып жүруге қауқары жоқ. Күдікті мәліметті білген күннің өзінде тексеріс жасатуға ешкімнің құзыры жүрмейді. Ол үшін арнайы арыз жазылу керек. Ал арызқой атанғысы келмейтін қазақ қоға­мында жеп отырған нанынан айырылуға ешкімнің құлқы жоқ. Бар заңның өзі алаяқтар мен жалған «маман» иелеріне 160 АЕК-ке дейін айыппұл салып, ары кетсе сол мөлшерде түзету жұмыстарына же­гілумен бітеді. Сол үшін де жалған дипломмен жалғанды жалпа­ғынан басып, ұлт тәрбиелеу ісін ұятқа қалдырып жүр­гендер көп. 

Жадыра МҮСІЛІМ